Алақандай жүрек

Ғибратнама
Жарнама

Кез келген пенденің денесінде бір кесек ет бар. Ол - жүрек. Сол жүрек күнә істесең қараяды, дүние қусаң жарылады. Ал оны ақшамен жамаймын деу бекершілік. Оны тек дүние мен ақшадан алыс қылатын иман ғана жамай алады. Шайтан пендені кедейлікпен қорқытады. Ал оған иманы әлсіз пенденің жүрегі қарсы айырылады. Сондықтан да иман күшті болса, жүрек жарасының емі сол!

Абай хакім алақандай жүректі меңзеп былай деген екен:

- Үш нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Сол секілді жүректің әрдайым жылы қалпында қалғаны абзал. Ал оны суытатын дүние мен ақша болса, жылылығын сақтап қалатын кәміл иман болмақ!

Осы орайда суретке қарап отырып мына бір оқиға есіме түсті.

Бірде мәзһабымыздың имамы Әбу Ханифаға бір кісі келіп:

- Уа, имам! Сіздің керуен-керуен дүниеңіз із түссіз жоғалып кетті, - деп хабар әкеледі. Сонда имам сәл кідіріп: «Әлхамдулилла» деп дауыстайды. Содан бірнеше күннен кейін тағы хабаршы келіп: «Уа, имам! Сіздің жоғалған дүние мүлкіңіз толығымен қайта табылды» деп хабарлайды. Сонда имам  тағы да: «Әлхамдулилла» деп үн қатады. Аңтаң қалған жұртшылық одан себебін сұрайды. Сонда имам: «Мен алғашқы хабарды естігенде жүрегіме үңіліп қараған едім, жүрегім сол баяғы қалпымен соғып тұрды. Жүрегіме ұшан теңіз дүниемнің жоғалғаны әсер етпегені үшін шүкіршілік еттім. Екінші хабарды естіп қайта үңілгенде әлі сол қалпында еді. Соншама дүниенің жүрегімді селт еткізе алмағанына тағы да Аллаға шүкіршілік білдірдім» - деген екен.

Бөлісу: