Өткен іске өкінбе

Ғибратнама
Жарнама

Айбек бала кезінен ерекше дарынды болатын. Есейе келе өмірдің өк­пек желі жігерлі баланы жаңсақ бас­тырып, өзге жолға түсіргендей. Иә, ауылдан абы­­роймен оқуын аяқтап  қалаға келгенде қадір-құрмет д­е­генді ұмыт қал­дыр­ған секілді. Себебі дос­пын деп жанынан шық­пай­тын нөкерлерінің мінез-құ­лықтары адам төзгісіз еді. Ата-анасының үмітін жағамын деп ар­ман қуып қа­лаға келген жанның жоспарынан жаңы­лып, тәртіпсіздікке салынып кетуіне де осылар себеп. Талпынысы биік бала өз білімімен жоғары оқу ор­нына да түс­кен еді. Енді, міне, бір жылға толмай өзгелерге алданып, әзәзілге арбалып жү­ріп, арманын аяқ­сыз қалдырды.

Ауырдың үстімен, жеңіл­дің ас­ты­мен жүріп, шамасы жеткенге қоқан-лоқы көр­се­тетін. Ол ол ма, қыздардың тіреуі боламын деп  нәзік жандарға өтірік айтатын. Көңілі жай таппаған Айбек достарымен қосылып есі ке­те есірткіге берілді. Ой­нап жүріп от бас­қанын кеш бай­қады. Шырмауға толы шыр­ға­лаңнан шығуы да оңай бол­мады. Сол жолда жүріп шын дос­пын деген­дермен шүйіркелесіп, шөлде қал­ған­­д­ай күн кешіп, есті алар есірткінің бір ора­мын табуы да қиынға соқты. Құл­ды­рап, күйреп құр сүлдері қалған жігіт сол үшін жолында­ғы­сын жайпауға көшті. Тек сәтсіздіктен құралған өмірі­не өзін емес, өзгелерді кінә­лауға асық­ты. Ақырында ақша тауып бермедің, бай баласы секілді барды көріп жүр­ме­дім деп ата-ана­сы­мен ерегесуге де барды. Солай тағдыры тозаққа ай­нал­­ған жігіт анасын да ая­мады. Сорақысы, нашақор­лық­тан көзі байланып әкесін де арғы өмірге аттандырды. Тағдыр­дың тезіне ұшырап, темір торға тоғы­тыл­ды. Бол­­ған істің бәріне өкініп, өзегі өртеніп барады. Өкіне­ді, қамығады, жабығады. Бірақ кеш келген түсініктің пайдасы жоқ еді. Бірінші қа­телес­ке­нінде өкініп, қа­да­мын түзегенде мұн­дай күйге түспес пе еді, кім білсін?!

Иә, өмірде өзегімізді өрт­ке орай­тын осындай  өкі­ніш­тер  көп  кездеседі. Бұл қапалануға баянсыз махаб­бат, жауапсыз сезім, құр­дым­ға жетелеген қателік, аң­дамай  айтылған сөз, өз­ге­ге жасаған опасыздық, жаныңа батқан жамандық, ақталмаған сенім деген сәт­сіздіктер апаратыны ақиқат. 

Ызаға булығып, ашу кер­неп, арты­нан опық жегізіп өкіндіретін осындай сезім­дер­ден арылмай, адамдық жол­мен адалдыққа баруы­мыз тіптен қиын. Бірақ бұл қағидаларсыз адам өмірі құрылмайтыны тағы белгілі. Дегенмен, әр пенде пейілі түзу болып, мейірі ар­тып осын­дай апат әкелетін се­зім­дер­ге ерік бермей, жү­ре­гін жұмсартып отыр­са өкі­ніш­тің бірі де болмас еді дей­сің. Сонда кез  келген жан жайдары көңілмен ке­ре­мет өмірге ұмтылып, шай­тан­ның тұзағына шалынбас  еді. Бірақ бұл айтқанға оңай. Себебі әр пенденің бойында болатын жақсы мен жаман қасиет секілді өкініш сезімінің әу бастан маңдайға жазылғандығына еш күмән жоқ. Періште кей­пі­мізбен өмір­ге келіп, дәл со­лай бар дүниені өт­ке­руі­міз­ге де болады. Бірақ есейе келе бәріміз тағдыр­дың талайлы тора­бы­нан өте­­міз. Алдымыздан сан түрлі сынақ­тар мен шыр­мау­лы шешімдер күтеді. Міне, соның бірінен сүрінбей өт­сек, екіншісінің торына ілігіп жататынымыз анық. Сол сәт­те өкініш сезімінің сана­мыз­ға жеткенін байқаймыз. Өмі­рімізде уақыты текке ке­тіп, ісінің зардабын шегіп, бә­рі біткесін қамығып, қапа­ла­­на­тындар қаншама?! Жо­лығып жаман адамға, бар­ған соң қилы қадамға, өкі­ніш болар адамда. Бірақ өт­кенге өкінбей, бірден ойы­мыз­ды жинап, бойымызды тіктеп болашаққа ұмтыл­сақ оның да жемісті күндері бар. Кей­де опық жегізіп, өкін­діретін жайт­тар­дан бі­реу хабардар етіп, болмаса өзіміз сезетін кездер де болады. Бірақ соны біле тұра түзу жолды тастап, соқ­паққа ұмтыламыз. Міне, со­дан жо­ғалтып босқа уа­қы­тын, ұшырып қолдан ба­қы­тын, мың жерден іздеп  көр­ген­мен, таба алмас жү­рек жақұтын.

Адамның жан дүниесін азапқа сала­тын, жіберген қа­телігін жүз мәрте ал­ды­на әкелетін сезімнің бірі – осы өкі­ніш. Оның пайдасы да бар. Себебі бір басқан жо­лың­ды екінші мәрте қайта­ламауыңа да осы өкініш се­беп болса керек. Қате­лі­гіңді есіңе түсіріп, мазаң­ды қа­шы­рып, опық жегізіп қоя­ты­ны да жөн, бәлкім. Өмірде бұл сезім болмаса адам ойынша оның әр ісінің бәрі дұ­рыс, бәрі жөн болар ма еді?.. Өкін­ді­ріп, қателікті қай­таламауға деген мақ­сатыңды оятатын бұл сезім бізге, адам баласына жа­рал­­ғанымыздан-ақ таныс ұғым. Рұқсат етілмеген же­міс­ті жеп, Алла алдында айыпты болған Адам атамыз бен Хауа анамыздың жұмақ­тан шығарылған сәтінен біз­дің бойымызды осы сезім билеп келуі мүм­кін. Себебі ол адамзат тарихын­дағы ең алғашқы және ең зор өкініш болатын. Иә, күнделікті тір­шілікте жасаған істерімізге өкініп, опық жеге­німіз мұның жанында түк те емес. Содан бері уайым мен қайғы бойы­мызға дендеп, шаттық ұя­ла­ған жүре­гіміз шатынап, ат­тап бассақ азап пен қор­лық­қа кездесуіміз де содан. Бұл – өкініш сезімінің құдіреті. Жақсы жолмен жүріп келе жатсақ та адам адымын сы­ғалаған жамандық әй­теуір бір күні аяқтан шалатыны белгілі. Содан кейін жанды кеміріп, өзекті өртейтін өкі­ніш бойымызға ұялайды.

Өкініш – дауасы оңай­лық­пен та­был­мас дерт. Мүм­кін кейде өкінген ісі­міз­ден түзеліп, қорытындысы қуан­тып жатар, ал бірақ көбіне қайырыл­май­тын, жүз жерден қаласаң да орны тол­майтын өкініштер бо­ла­ды. Содан барып бар өмірің өксікпен, қайғымен өтпесіне кім кепіл? Өкініштің емі қай­сы? Болса аямай опық же­ген әрбіріміз дертімізді ем­деп, дүниеге дендеп қарау­шы едік. Өкініш жасаған қате­лі­гіңе қарай жазылуы да, болмаса еш айықпас дерт болуы да мүмкін. Қа­па­лануға әкелетін әр қадам өз дауасын түпкілікті сұрай­тыны тағы белгілі. Істеген ісіңнің егжей-тегжейін тү­ге­лі­мен біліп, әр жолын толық шолып өт­пейін­ше өзегіңнен шыға қоюы екіта­лай. Кейде адамдар сәл ғана сәт­сіз­дік пен болмашы  қатеге бола өз-өзін күйіндіріп, өкініштің өртенуіне жол ашады. Қан­ша тырысса да орны тол­майтындай ойланып, қайта түзеу­ге келмейтіндей қина­лып өздері күю­мен болады. Өкінудің шоғын өзекке тү­сір­­меген дұрыс. Ойланып, қателігің  мен күнәңды бі­ліп, қапалануға қатты жол бер­месек, өкініш өрті жү­рек­ті шал­мас. Өкіну ден­сау­лыққа аса зиянды. Оның түбіне түссең  көңілді қира­тып, өмірді күйретері хақ. Ғалымдардың айтуынша, бұл дертті бойға ден­дет­пей­тін  бойдағы қайрат пен уақыт. Өзі­міз де уақыт ем­ші деп кейде күн­дер өте өт­кен іс ұмытылып, көңілі­міз­дің кірбіңі кететінін байқай­мыз. Өкі­ніш­тің орны уақыт­пен толады. Сынап­тай сыр­ғы­ған күндер қателігімізді жа­­сырып бағады, кейін көңі­лімізді та­ба­ды. Ең бас­тысы, өткен іске өкініп, өмі­ріміздің күл-талқанын шы­ғар­масақ бол­ғаны. Қапа­лан­ған жандардың көбі өмір­­ден опық жеген сә­тін­де қайғылы күн­дерді ұмы­тамын деп жұбанышын жа­ман әдеттен іздейді. Біреу есі кет­кенше көңілін арақ­тан тапса, енді бірі өкінішін есірткімен тұншықтырып ба­­ғады. Сөйтіп жүріп жү­рекке жұба­ныш тауып, жеңіл­деп қаламын деп ой­лай­­ды. Жоқ, бұл үлкен қа­те­лік. Бұл жағ­дай­да санасы сергек адам Аллаға жал­ба­рынып, сәждеге барғаны дұ­­рыс. Себебі әзәзілдің пәр­менімен болған қате­лі­гіңді әзәзілдің су­сы­ны­мен жуып-шаю әсте мүмкін емес. Иә, шайтанның шайын ішіп өкінішті сейіл­тіп, шаттықты өмірді қалау тағы да болмас. Міне, ойы жеңіл пенделер қай­ғысын жеңбекке осындай жол­дар­ға барады, бірақ олар жеңбейді, тек мәңгілік өкі­ніште қалады. Жалпы өт­кен іске қайғырғаннан қайран жоқ. Бі­рақ олай етпей тұр­майтынымыз және белгілі. Өкіну ойды тұңғиыққа тү­сір­­меуі керек. Тек сол істі қайта қай­та­ла­мауға, содан сабақ алып қатемізді мойын­дау үшін ғана керек. Жарату­шы­ның өзі істеген күнәсына өкінгенді кеші­ре­тіні хақ. Ал өкініштің түбіне түсіп  жылдар  бойы қамы­ғу­дың қа­же­ті шамалы. Се­бе­бі өтіп кеткен жағ­дайды қайтару еш мүмкін емес. Ке­­рі­с­інше, сабыр сақтап, шешім тапқан жөн.

Америкалық психолог Олаф Май­нер­дің: «Өкініш    5  минуттан  аса уа­қыт­­ты ал­­мауы керек, өзіңізді же­гі­дей жеп, уақытты ғана емес, өмірге қажет күш-қуаттан айырыласыз», – деуі де бекер емес. Ра­сын­да да, бір қателікке бо­ла жүз ойланып, мың тол­ған­ға­­ны­мызбен түк шықпайды. Баба­ла­ры­мыз да: «Болған іс болды, бояуы сіңді», – деген жұбату сөзді жай­дан-жай айт­паса керек. Мі­не, ата сөзін ескеріп, қан­дай қиындыққа тап бол­сақ та түбінде бір берекенің барын түсінейік.

 

 

 

Құралбек Сәбитов.

Бөлісу: