Адамның екі ақылы.

Ғибратнама
Жарнама

Университетте тәлім алып жүргенімізде Мысырдан келген доктор Ато Сынбати деген ұстаз  дәріс беретін. Ол кісі сабақты қызықты етіп, бізге сұрақ қойып, есте қалатындай қылып өткізетін.

Кезекті бір дәрісінде адамның екі ақылы жайлы айтып берген еді: 
Адамда екі ақыл болады: бірі әл-ғақлу әл-ғатифи (сезім ақылы), екіншісі әл-ғақлу әт-тахлили (анализ жасайтын ақыл).

Мысалы, біз үйге барып бала-шағамызға Құран үйретейік десек, олар бізді бәрібір "ұстаз" деп емес, "әке" деп қабылдай береді екен. Сондықтан, басқа адамға, ұстазға беруге мәжбүр боламыз. Өздері үйретуі сирек кездеседі. Яғни, біз оларға мұғалім сияқты ұрсайын десек те, әке деп, ана деп қабылдайтын болып тұр. Себебі олардың анализ жасайтын емес, сезім ақылдары жұмыс істейді. Ал, мекемедегі бастық  адам қол астындағы адам берілген тапсырмаларды орындамайтын болса бірінші рет ескертсе, екінші ретінде жұмыстан шығарады. Өйткені, бұл жерде сезім емес, анализ жасайтын ақылы жұмыс істейді.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (оған Алланың игілігі мен сәлемі  болсын) да өмірінде осындай  жағдайға кездескен. Хиджраның алтынша жылы  Расулаллаһ (Алланың игілігі мен сәлемі оған болсын) умра жасау ниетімен жанында мыңнан аса сахабасымен Меккеге сапарға шығады. Мекке мушриктері Худейбия келісімін жасап, оларды Меккеге кіргізбей қояды. Сол кезде Хазреті Ғұмардың (Алла оған разы болсын) "сезім ақылы "жұмыс істеп, биылғы жылы умра жасамай қайтпаймыз деп, бұл келісімге риза еместігін білдіреді. Алла елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  ең жақсы көрген жан сезіміне беріліп: "Алла бізге Меккені алатындығымызды сүйіншіледі емес пе?",-дегенде, Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): "Иншалла Меккеге кіресіңдер" (Фатх сүресі: 27) деген аятты оқып, "иншалла" үкімі орындалатындығын айтып, шатырына кіріп кетеді. Ертеңінде Расулаллаһ (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) не істерін білмей тұрғанда, жұбайы Үммү Сәләма (Алла оған разы болсын) анамыздың анализ жасайтын ақылы орынды болып: "Иә, Расулаллаһ! Ешнәрсе демей, есік алдына шығып, құрбандықтарыңызды шалыңыз",-дейді.

Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тура солай жасайды. Сахабалар да, солай етіп, құрбандықтарын шалады. Мәселе осылайша шешіледі. Барлығы құрбан шалып, Худайбия келісіміне сәйкес   Мәдинаға қайтады. Үммү Сәләма (Алла оған разы болсын) анамыздың салмақты ақылын тыңдаған Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) және сахабалар (Алла олардың баршасына разы болсын) осы шешім арқылы соңында жеңіске жеткеніне тарих куә. Жаратқан Иеміз баршамызға әр уақытта салмақты да дұрыс шешім шығаруды нәсіп етсін!

 

 

 

"Нұр-Мүбарак" университеті докторанты.

Қуат Қабдолда.

Бөлісу: