Бастаған істі соңына дейін жеткізу үшін не істеу керек?

Ғибратнама
Жарнама

Әдетте уақытымызды тиімді пайдалана білмегендіктен, көңілімізді аулайтын сыртқы кедергілердің кесірінен бастаған ісімізді аяғына дейін жеткізбей жатамыз. Нәтижесінде өмірімізді өнімсіз өткізіп, өзегімізді өкініш өртейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мақаламызда уақытты тиімді пайдалануға қатысты кеңестерді ұсынбақпыз.

Орындауыңыз қажет істердің тізімін жасаңыз.

Қолыңызға қалам мен қағаз алып немесе арнайы қолданбалы бағдарламаны ашып, дәл қазір ойыңызда сізді алаңдатып, қосымша жүк болып жүрген барлық істердің тізімін жасаңыз. Өміріңіздің 10 минутын арнаңыз, өкінбейсіз. Ойыңыздағының бәрін қағаз/экран бетіне түсірген соң, тізімді бір қарап шығыңыз. Осы істерді соңына дейін жеткізуге қандай себептер кедергі болуда? Соған бір ой жүгіртіп көріңіз.

Тізімдегі қажетсіз пункттерді сызып тастаңыз.

Тізімді тағы бір шолып өтіңіз. Аса маңызды емес, мақсаттарыңызбен үндеспейтін істерді сызып тастаңыз. Маңызды дегендерін ғана қалдырыңыз. Артық «жүкті» қайтесіз?

«2 минут ережесін» ұмытпаңыз.

Тайм-менеджментте «2 минут ережесі» деген принцип бар: 2-5 минуттан көп уақытты алмайтын істерді бірден істеп, тізімнен сызып тастау керек. Киімдерді жинастыру, гүлге су құю, ыдыс-аяқ жуу, кітаптарды өз орнына қою, жұмыс үстелін реттеу – бұның бәрі 5 (максимум 10) минуттан көп уақытыңызды алмайтын істер. Жарты сағат ішінде 5-10 ісіңіз орындалып қойғанын көресіз.

«Құрбақаны» жеп қойыңыз.

Тізімдегі орындалмауының себебі жалқаулық болған істерді жасыл түспен белгілеп қойыңыз. Бұл – жасауға құлқыңыз болмай, кейінге қалдырып жүрген істеріңіз. Тайм-менеджмент терминологиясында бұндай істерді «құрбақалар» деп атайды. «Құрбақаларды жеуге», яғни өзіңіз қаламайтын бірақ маңызды істерді жасауға таңертең кіріскен дұрыс. Мысалы, сізге мақала жазу тапсырылды делік. Кішкентай детальдарға дейін бәрін көз алдыңызға келтіріп, мақала жазып жатқаныңызды елестетіңіз, сол күйді сезініңіз. Ертемен жұмысқа кірісіп кетіңіз де, бітіріп тастауға тырысыңыз, мойныңыздағы ауыр жүктен арылғандай бір жақсы сезімде боласыз. Осылайша күніңіздің қалған бөлігін өзіңізге ұнайтын істерге арнай аласыз.

«Пілді» бөлшекте.

Тайм-менеджментте ең қиын істерді «пілдер» деп атайды. Егер неден бастарыңызды білмей қиналсаңыз, «пілді» бөлшектеп, яғни қиын жұмысты бірнеше қарапайым бөлікке бөліп тастаңыз. Әр бөлік неғұрлым оңай әрі тез орындалса, соғұрлым жақсы. Өзіңіз салыстырып көріңіз, қайсысын жеңіл қабылдайсыз: 5 қиын әрі ұзақ істі ме әлде 5 минуттық 20 қарапайым істі ме? Бұл жердегі негізгі ереже – қолыңыз қалт етсе, сол майда істерді бітіріп тастауға кірісіңіз. Мысалы, сіз араб тілін үйренгіңіз келді дейік. Таңертең грамматиканың бір ережесін меңгеріңіз, күндіз – 10 сөз жаттаңыз, кешке жаттаған сөздеріңізбен меңгерген грамматика ережесіне сай 1-2 сөйлем құрастырыңыз. Бір қарасаңыз, бірнеше айдан кейін араб тілінде ойыңызды еркін жеткізетін дәрежеге жетіп қаласыз.

Өзіңізді мақтаңыз.

Тізімдегі әр істі орындаған сайын сызып тастап отырыңыз. Өзіңізді мақтап қоюды да ұмытпаңыз. Тәттілер, сүйікті киноңызды қарау, шопинг сияқты нәпсіңізге жағатын нәрселермен өзіңізді еркелетіп қойсаңыз да болады. Қиын істі соңына дейін жеткізіп, сол үшін өзіңізді марапаттасаңыз, бұл сізді кейінге істерге де білек сыбана кірісуге ынталандыра түседі.

Қорытынды жасаңыз.

Аптасына немесе айына бір рет (өз ыңғайыңызға қарай) бірнеше сағат арнап, өз-өзіңізге есеп беріңіз, істелген жұмыстардың қорытындысын шығарыңыз. Көп ісіңіздің аяқталғанын, «құрбақалардың» жойылып, «пілдердің» ізі де қалмағанын байқайсыз. Өзіңізді тағы бір мәрте мақтап, тізімді жаңа істермен толықтырыңыз.

Уақыт – шектеулі ресурс. Біздің, өмірдің қай саласында болмасын, жетістікке жету-жетпеуіміз тікелей уақытымызды қалай басқара алғанымызға байланысты. Ендеше бүгіннен қалдырмай, жоғарыда айтылған кеңестерге сүйеніп, өмірде қолдана бастауымыз маңызды.   

 

Мақаланы жазуда тайм-менеджментті бүге-шігесіне дейін зерттеген ресейлік маман Глеб Архангельскийдің «Тайм-драйв» кітабы негізге алынды. Данияр Жігітбек

 

Дереккөз: Islam.kz

Бөлісу: