Сауабы мол ең үлкен екі аманат

Ғибратнама
Құралдар
Шрифт

Аманат сөзінің асыл дінімізде алар орны ерекше. Осы бір ғана сөз адамның Алламен қандай байланыста екенін, оның ақыреттегі есеп-қисаптан қаншалықты қорқатынын көрсетеді. Аманат дегенде бірден қиянат сөзі еске түседі. «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген халық даналығы да бар. Бұл туралы қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, (жауапкершілігінен) қорықты. Оны адам қабыл алды. Шынында, ол – өте залым әрі надан», – дейді («Ахзаб» сүресі, 72-аят). Осы жерде адамның қабыл алған аманатының ауырлығы және оны орындау өте қиын екендігі меңзелген. 

Сонымен қатар ол аманатты орындауға кедергі болатын ең үлкен қауіптің зұлымдық пен надандық екендігі білдірілген. Егер де адам зұлымдық жасап, надандыққа салынатын болса, аманатты сақтай алмай сәтсіздікке ұшырайды. 

Аманат дегеніміз тек бір адамның сізге бір затты уақытша табыс етуі ғана емес. Аманаттын ауқымы өте үлкен. Тіпті, сіздің жаныңыз да сізге аманат, отбасыңыз аманат, бала-шаға да, қызметіңіз де аманат.  Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сендерге екі нәрсені аманат етіп қалдырып барамын. Оларға мықтап жабысыңдар (сөйтсеңдер) еш уақытта адаспайсыңдар. Оның бірі – Алланың кітабы Құран, екіншісі – Сүннетім», – деп сүйіншіледі.

Расында, осынау екі нәрсе күллі адамзатқа ортақ. Енді оны орындау бар, күнбе-күнгі өмірге енгізу бар, өмір сүру дәстүріне айналдыру бар. Осы тұрғыдан келгенде, әлгі Құран мен Сүннет ең үлкен аманаттардың қатарына жатады. Өз кезегінде бұларды елемеу не мойынсұнбау, не бас тарту – адамды ауыр азапқа душар етеді. Сауабы мол осы екі үлкен аманатты күнделікті тіршілікте тиімді қолдану әр адамның борышы десек қателеспейміз. Әрбір аманатқа қиянат жасамау үшін әрдайым Алла Тағаланың Көруші, Білуші және Есеп алушы екенін әсте естен шығармаған жөн.

ummet.kz

e-max.it: your social media marketing partner