Отын таситын әйел

Отын таситын әйел

Бір аят тәпсірі
Жарнама

«Мәсәд» сүресінің соңғы екі аятында жамандыққа болысудың зарары жайында баяндалады. Аталмыш аяттардың қысқаша тәпсірін ұсынамыз. 

وَامْرَأَتُهُ حَمَّالَةَ الْحَطَبِ فِي جِيدِهَا حَبْلٌ مِّن مَّسَدٍ  – «Әйелі де мойнында есілген арқан байланған күйде сол отқа отын тасиды».

Әбу Ләһәбтың өзі ғана емес, көмектескені үшін  әйелі  де  отқа  бірге түседі. Әркімнің қайда барам десе еркі өзінде. Алла Тағала пендесінің алдына екі жол көрсетіп берген. Бірінің ақыры – жаһаннам, бірінің соңғы аялдамасы – жәннат. Адам нені ниеттеніп, соған жетуге күш-қайрат жұмсаса, Алла Тағала да оның жолын жеңілдетпек.

Міне, Әбу Ләһәб дұшпандығы арқылы жәһәннамға баруды ниетімен өзі қалады. Әйелі де оның сол ниетіне үнемі май құйып, өршітіп отырған-ды. Әбу Ләһәбтың отына әйелі үнемі отын тасып, өршітіп отыруы құба-құп. Оның әйелі де Исламға жала жауып, көрінгенге жамандап, сөз таситын.Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), жүрген жолына тікен шашу арқылы, қолынан келген бар жамандықты жасап қалуға тырысып, еріне көмектескен. Сол себепті оның «Отын тасушы әйел» болуы да өте түсінікті.

Осы сүренің де қазіргі заманмен тікелей қатысы бар. Терең көз салсаңыз, жаңа түсіп жатқандай сезінесіз. Қазіргі кезеңде Ислам дінін жер бетінен жоймаққа ниеттенген арам пиғылды күштер, оларға көмектесіп жүрген  лаңкестік  топтар  бар. Өздерін  мұсылман көрсету  арқылы  дінді  қараламақ.  Құран  мен  хадисті жоққа шығаруда. Оны «адамның жазғандары» деп ғылыми жолмен дәлелдегенсіп, кітаптар жазып жүрген еуропаның көптеген шығыстанушылары, олардың идеяларын жақтаушы мұсылмандар арасынан шыққан теолог ғалымдар бар. Олар еуропа ғалымдарының ығына жығылып, қуаттап отырады. Көз салсаңыз істері бірдей.

Аятта جيد –  «жид» мойын мағынасына келсе де, негізі алқа тағылған әдемі мойындар деген сөз. Әбу Ләһәбтың әйелі мойнына інжу-маржаннан алқа тағып:

«Лат пен Уззаға ант етейін! Осы алқамды сатып, ақшасын Мұхаммедке қарсы айдаланамын», - дейтін. Сондықтан, «жид», мойын сөзі бұл жерде келеке түрінде берілген. Алқа тағып тәкаппарлық көрсеткен сен сол алқаңды, жаһаннамда жіп болып мойныңа оралады. Әлбетте ол жаһаннамның алқасы болғандықтан, азапқа азап қоспақ.

Бұл сүре қияметке дейін Аллаһ елшісінің, дінінің жайылуына кедергі жасағандардың ақырының қандай болатынын жария ету мақсатымен түскен. Әбу Ләһәб пен  әйелі  дінге  дұшпандық  етіп,  бейбітшілікке  тас атқандардың мысалындай[1].

Материал «Мәңгілік мұғжиза» кітабынан алынды.


[1] Тереңірек  мағлұмат  үшін  қараңыз;  Уәһбә  Зухәйли.  әт-Тәфсирул-мунир, 15-том, «Мәсәд» сүресі.

Бөлісу: