"КӘУСАР" сүресі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Ұлы Алланың құрметті Пайғамбарына осы дүниеде және ақіретте силаған сансыз жақсылықтары және үлкен нығметтері жайлы сөз қозғалады. Кәусар өзені осылардың біреуі. Бұдан басқа да көптеген ұлы нығметтері бар. Сүре әз пайғамбарды Аллаға деген шүкіршіліктің белгісі ретінде намаз оқуға және құрбан шалуға шақырады.

Аталмыш сүре Пайғамбарды дұшпандарының абыройы айрандай төгілетіндігі жайлы сүйіншілеумен тәмамдалады. Оны жек көрушілерді дүниеде әрі ақіретте тек қана азғындық, қорлық, барлық жақсылықтан махрұмдық күтіп тұрғандығы баяндалады. Ал Пайғамбарымыз болса мұнаралар мен мінберлерде еске алынып, шарапатты есімі әркімнің жүрегінде мәңгі қияметке дейін сақталып қалады. Кәусар сүресі: Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен!:«(Уа, Мұхаммед!) Шындығында Біз саған Кәусарды бердік. Сондықтан сен Раббыңа құлдық ет және құрбан шал! Шынында нағыз ұрпақсыздар саған кек сақтағандардың өздері».

Аяттардың тәпсірі1. Бұл аяттар әз Пайғамбардың мәртебесінің және шарапатының ұлылығын көрсету үшін оған бағытталып айтылған сөздер. Яғни, “Уа, Пайғамбар! Біз саған дүние мен ақіретте көп әрі таусылмас қайыр бердік. Кәусар өзені осы хайырлардың біреуі. Бұл сахих хадисте айтылғандай: «Кәусар жаннатағы бір өзен. Жағасы алтыннан көмкеріліп, жауһардың үстімен ағады. Топырағы мисктен де әдемі. Суы балдан тәтті, қардан ақ. Одан бір рет ішкен адам, ешқашан шөлдемейді». Әнастың (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі: «Бір күні Алла елшісімен бірге едік. Ол сәл көзін іліп ұйқыға кетті. Кейін күлімсіреп, басын көтерді. Біз: «Сені күлдірген не, уа, Алла елшісі?» деп сұрадық. Ол «Маған жаңа ғана бір сүре түсірілді» деп, «Кәусар» сүресін оқыды. Кейін «Кәусардың» не екендігін білесіңдер ме?» деп сұрады. Біз Алла және Оның елшісі жақсы біледі дедік. «Ол бұл Ұлы Раббымның маған уәде еткен өзені. Онда көп қайыр бар. Ол бір хауыз. Қиямет күні одан үмметім су алуға келеді. Ыдыстары жұлдыздар сияқты көп. Оған суға келгендердің ішінен кейбірі қуылады. Сонда мен “Олар менің үмметім ғой” деймін. Сонда маған: «Сен бұлардың сенен кейін не істегенін білмейсің» делінеді. Тәпсірші Әбу Хаийан былай дейді: «Кәусардың мағынасына байланысты 26 көзқарас айтылады. Дұрысы әз пайғамбардың мына сөзі: «Кәусар жаннатағы бір өзен. Жағасы алтыннан көмкеріліп, жауһардың үстімен ағады. Топырағы мисктен де әдемі. Суы балдан тәтті, қардан ақ». Ал ибн Аббас: «Кәусар көп жақсылық»,- деген.

2. Саған осыншама нығметті сыйлаған Раббыңа құлдық ұрып тек қана Оның разылығы үшін намаз оқы! Жаратушыңның саған берген жақсылықтары мен нығметтеріне шүкіршілік ретінде малдардың ең жақсыларынан құрбан шал. Ибн Жүзей: «Мүшриктер ысқырып, қол соғып құлшылық қылатын және пұттар үшін құрбандық шалатын. Сондықтан Ұлы Жаратушы пайғамбарына «Тек қана Алла үшін, құрбан шал» деп әмір етті. Бұл Алланың жалғыздығын нақтылау және шынайы ықылас әмірі еді» дейді. 

3. Уа, Пайғамбар! Саған кек сақтап, сені жек көрген адам бар ғой. Соның өзі барлық жақсылық атаулыдан мақрұм қалды. Тәпсіршілер былай дейді: Әз Пайғамбардың ұлы Қасым дүние салғанда, Ас ибн Уайл: «Қойыңдаршы сол бір ұрпақсызды. Яғни ұрпағы жоқ, өлген кезде аты-заты өшеді» дейді. Осыған байланысты Ұлы Алла бұл сүрені түсірді және балалары болса да негізінен нағыз ұрпақсыз ол кәпірдің өзі екендігінен хабар берді. Өйткені ол Алланың нығметінен мақрұм. Оның аты аталғанда лағнет айтылады. Бірақ әз Пайғамбардың аты қияметке дейін Алланың атымен бірге мұнаралар мен мінберлерде ұлықталады. Оның артынан қияметке дейін келетін мүминдер оның ұрпағы іспеттес. Ол мүминдердің әкесіндей. Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын!

 

 

Серікжан Еншібайұлы,

«ummet.kz» рухани-ақпарттық порталы 

Бөлісу: