Әйел – Алланың аманаты

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Әрбір ер адамның мойнында аманат бар, һәм бұл аманат ең ұлы аманат болып табылады. Ол аманат – әйелдеріміз.

 

Ия, үйдегі әйелдеріміз аманатымыз. Әр ер адам өз әйеліне жақсылық жасап, оған қамқор болуы тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу қажылығында: «...Әйелдеріңе қатысты Алладан қорқыңдар! Сендер оларды Алланың атымен алдыңдар, оларға Алланың атымен кірдіңдер...»–деген (Муслим)

Әйел аманаттардың үлкені, Алла Тағала ер адамның әйелді неке қиып алудың қаншалықты маңызды іс екенін ескертіп Құран Кәрімде:

وَأَخَذْنَ مِنكُم مِّيثَاقًا غَلِيظًا

«Олар (әйелдерің) сендерден (некелескенде) ауыр серт алды» дейді (Ниса 21). Ибн Касир (р.а) Ибн Аббастың (р.а) мұндағы «ауыр серттің» неке келісімі дегенін жеткізеді.

Ендеше әрбір адам неке қиған күні қыздың ата-анасы оған нендей сенім артқанына бір көз жүгіртуі керек. Себебі қыздың ата-анасы мен оның барлық жақындары оның қолына көңілдерінің гүлі болған, қолдарында еркелете баптаған қыздарын тапсырды. Бұл тұста ер адам әйеліне қандай мәміле жасап жүргеніне көңіл аударып, оның жанындағы орнының қандай екеніне бір қарап көрсін. Себебі араб шайырларының бірі:

و إن أكرمت الكريم ملكته

و إن أكرمت لئيم تمردا

«Құрметтіге құрмет етсең бас иер,

Опасызға құрмет етсең қор етер» дейді.

Әйеліне жасаған мәміле арқылы адамның кім екенін байқарсың. Әйел адам еріне өзін аманат етіп тапсырады, ендеше ол аманатқа опасыздық жасаған жараспайды, қызға қиянат жасап, оны қор ету шайырдың айтқанындай опасыз. Келіспеген адам Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мына хадисіне қарасын:

خيركم خيركم لأهله ، وأنا خيركم لأهلي ، ما أكرم النساء إلا كريم ، ولا أهانهن إلا لئيم

«Жақсыларың–отбасына жақсы болғандарың, отбасына ең жақсы болған–менмін. Әйелдерге құрмет еткен құрметті, оларға қиянат ететіндер опасыздар ғана» (Имам Суюти).

Кей адамдар бар, олар үйлерінен алыстай салысымен өздерінен дүниенің ләззаттарын аямайды, бар тапқан-тергенін шашады, әйеліне қарау оның міндеті екенін қаперіне де алмайды. Бұл адамдар әйеліне қарайласудың орнына бар тапқанын құмарға, не ішімдікке құртады да, үйіне келіп әйелінен ақша сұрап, отбасының шаттығын қашырады. Бұл адамдарға нендей өкініш. Олар білмей ме әйелі оған аманат екенін? Әйеліне жауапты екенін? Егер әйелі бай болса да, оның аузына салған бір үзім нан да болса оған ақыреттік сауап екенін?

Әйелдің алдындағы міндеттен ғапыл қалып оған қиянат жасау екі дүние қасіреті, ал оған жауапкершілікпен қарап аманатты өтеу қос дүние қуанышы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

إِنَّكَ أَنْ تَدَعَ وَرَثَتَكَ أَغْنِيَاءَ خَيْرٌ مِنْ أَنْ تَدَعَهُمْ عَالَةً يَتَكَفَّفُونَ النَّاسَ فِي أَيْدِيهِمْ وَإِنَّكَ مَهْمَا أَنْفَقْتَ مِنْ نَفَقَةٍ فَإِنَّهَا صَدَقَةٌ حَتَّى اللُّقْمَةُ الَّتِي تَرْفَعُهَا إِلَى فِي امْرَأَتِكَ

«Мирасқорларыңды басқалардың қолдарына қарап қайыр тілеткеннен гөрі оларды кеңшілікте (байқуатты жағдайда) қалдырғаның жақсы. Олар үшін нендей напақа шығарсаң да садақадай болып жазылады, мейлі ол әйеліңнің аузына салған бір үзім нан болса да...» деген (Имам Бухари)

Әйел аманат екен, ендеше омен қалай мәміле жасауымыз керек дерсіз. Алла Тағала Құран Кәрімде бұған жауап беріп қойған. Алла Тағала:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ ۚ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَىٰ أَن تَكْرَهُوا شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Сондай-ақ олармен (әйелдеріңмен) жақсы қарым-қатынаста болыңдар. (Олардың бойынан) бір нәрсе ұнатпауларың мүмкін, бәлкім Алла  дәл сол нәрседе сендер үшін көптеген жақылық жасар» – дейді (Ниса 19).

Имам Қуртуби (р.а) осы аятты тәпсірлеп бүй дейді: «Алтыншыдан: «Сондай ақ олармен жақсы қарым-қатынаста болыңдар», яғни әйелдеріңмен Алла Тағаланың әмір еткеніндей көркем мәміле жасаңдар. Бұл әмір бәріне бірдей қатысты, себебі әрбір адамның әйелі, қарамағындағы адамдары бар. Алайда мұнда көбіне әйелдерге қатысты. Бұл басқа жердегі: «فإمساك بمعروف» (жақсы мәміледе ұстау) деген аятқа ұқсайды. Онда әйелдің ақысы болған мәһр мен напақаға қатысты айтылған. Ал мүндағы жақсы қарым-қатынас – әйелге еш кінәсіз қабақ шытпау, оған көркем сөйлеу, ашулы, қатулы сөз саптамау, басқа әйелдер құрлы қасиеті жоқ етіп көрмеу демек. Қарым-қатынас – араласу, сыйласу дегенді білдіреді.»

Осылайша әйелдердің аманат екенін, әрі олар үшін ер адам жауапты екенін қысқаша баяндағандай болдық. Алла Тағала баршамызды аманатымызға берік болуды нәсіп еткей.

Ummet.kz

Бөлісу: