Алланың сүйіншілеген жеңісі мен жәрдемі

Алланың сүйіншілеген жеңісі мен жәрдемі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Алла Тағала "Насыр" сүресінде былай дейді:

إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ

وَرَأَيْتَ النَّاسَ يَدْخُلُونَ فِي دِينِ اللَّهِ أَفْوَاجًا

فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَاسْتَغْفِرْهُ إِنَّهُ كَانَ تَوَّابًا

  1. «Алла Тағаланың жәрдемі мен жеңісі келген кезде.
  2. Адамдардың топ-топ болып Алланың дініне кіргендерін көрген кезде.
  3. Раббыңа хамд, мадақ айтып, тәсбих айтып пәкте және Одан кешірім тіле. Ол тәубені қабыл етуші».

1 «إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ» – «Алла Тағаланың жәрдемі мен жеңісі келген кезде». «نَصْرُ اللَّهِ» – «насруллаһ» – Алланың жәрдемі деген сөз. Алла Тағаланың пайғамбары мен мұсылмандар дұшпандарға үстем келіп, жеңіске жеткізетініне уағда берген жәрдемі мен жеңісі. Бұл Алла елшісінің (с.ғ.с.) арабтар мен Құрайышқа жеңісі және Меккенің алынуы. Бұл жердегі жеңіс мақсаты тек қана мемлекеттердің алынуы емес, жүректердің иман мен Исламға ашылуы. Ғалымдардың «Меккенің алынуы» деуінде де үлкен мән бар. Ислам, Мекке алынып, ондағы Құрайыш кәпірлерін жеңгенге дейін басқа аймаққа кең жайыла қойған жоқ-ты. Мекке мен Тайып қаласы алынған соң ғана барлық аймақтардан халық ағылып, Исламды қабылдай бастады. Бухари Амр ибн Сәләмеден: Жеңіске жеткенде әрбір ел мұсылман болып Алла елшісіне (с.ғ.с.) қарай ұмтылды. Барлық ру-тайпалар мұсылман болу үшін Меккенің алынуына көз салып: «Оны елімен оңаша қалдырайық. Егер оларға үстем келсе онда ол пайғамбар болғаны», деген деректі жеткізген. Сүредегі жеңіс – Меккенің жеңісі. Сонымен қатар Алла Тағаланың діні мен Ислам есігінің күллі адамзатқа ашылуының жарқын көрінсітұғын. Бірден Араб түбегі одан әрі қарай жер-жаһанға жайылған Исламның жеңістері Қағбаның есігінің ашылуымен басталған.

Аятты ғұлама Мәудуди: «Аяттағы: الْفَتْحُ– «Жеңіс» белгілі бір соғыстың жеңісі емес. Негізінде бұл жерде анық жеңіс айтылып тұр. Мұның жеңіс болғаны сол – бұдан кейін Исламға қарсы тұрарлық ешбір күш қалмай, Ислам Араб түбегіне түбегейлі үстем болған-ды» деп, тәпсірлеген. Кейбір осы заман тәпсіршілерінің де көзқарасына қарай, осы сүредегі жеңіс тек қана бір мемлекеттің жеңісі емес, жалпы жүректердің иман мен Исламға ашылуы. Шамасы ең кең мағынасы да осы болса керек. Тіпті өлкелер алынуының өзі, жүректердің алынуы арқылы болады. Көңілдердің төрінен орын алмай тұрып, өлкелердің алынуы мүмкін емес. Болған күннің өзінде жаулап алу, зорлықпен басып алу болмақ.

  1. وَرَأَيْتَ النَّاسَ يَدْخُلُونَ فِي دِينِ اللَّهِ أَفْوَاجًا – Сен адамдардың топ-тобымен Алланың дініне кіргендерін көрген кезде». Адамдардың топталып кіріп жатқанын көрген кезде[1]. Бұл аятта кіру етістігі өткен шақта емес осы шақта берілген. Барлығының бірден кірмей, кіре бастағанын және бірте-бірте кіретіндерін меңзейді. Және аятта النَّاسَ – «ән-Нас», «адамдар» деп айтылған. Арабтардың ғана емес өзге ұлттардың да топ-тобымен қабылдайтынын айтады.

أَفْوَاجًا – «әфуәжән», «топ-тобымен» жағаға кезекпен соққан жал-жал толқындар тәрізді, тұтас қоғам, ұлт- ұлтымен, ру-румен тұтастай кірулері. Мекке алынғаннан кейін Хунәйін соғысы мен Тайып қоршауынан басқа ешбір соғыс болмай, Алла елшісінің дүниеден қайтуына дейінгі екі жыл ішінде адамдар Араб түбегінің түкпір-түкпірінен ағылып, Исламды қабылдаған. Исламды қабылдамағандар да оның қанатының астына кіруді қабыл еткен. Міне, уәде етілген сол жәрдем мен жеңіс келіп, сен адамдардың ағылып Хақ Тағаланың дініне кіре бастағанын көрген кезде,

  1. فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَاسْتَغْفِرْهُ إِنَّهُ كَانَ تَوَّابًا– «Раббыңа хамд, мадақ айтып, тәсбих айтып, пәкте және Одан кешірім тіле. Өйткені, Ол тәубені қабыл етуші».

 Бұл сүреде Алла Тағаланың елшісіне Араб түбегінде Ислам діні үстем болып, адамдар топ-тобымен дінге кірген кезде деп айтуы, осындай уақытта елшісінің уазипасы аяқталатынын білдіргені. Одан кейін елшіге Алла Тағалаға мадақ пен шүкіршілік білдіріп, Оны пәктеп құлшылық етуін әмір еткен. Ол Алла Тағаланың шарапатының арқасында ұлы бір істі толықтай атқарған еді. Бұл аяттарда Алла елшісіне (с.ғ.с.) Хақ Тағаланың жәрдемі мен жеңісі келіп адамдар ағылып мұсылман болып жатқанда, Раббыңа шүкіршілік білдіріп, тәсбих айтып Одан кешірім, жарылқау тілеуін әмір етуде. Бұл Ақырғы елшіге айтылған сөз. Бірақ, оның іс-әрекеті үмбетіне өнеге болғандықтан, әрбір мүминнің Алла Тағаланың жәрдемі мен жеңісі келген кезде Оған шүкіршілік білдіріп, тәсбих айтуы осы сүренің маңыздылығы саналады.

Негізгі бір мәселе – пайғамбар мен тұлға арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкендігін көрсетеді. Қандай да бір көшбасшыға үлкен төңкеріс жасау нәсіп болса, ол адам салтанатты түрде өзінің көсемдігін танытып, шаттыққа кенеледі. Алайда бұл жерде Алла елшісі жиырма үш жылдай бір елдің сенімі мен ой-санасын, мінез-құлқын, мәдениетін, саясаты мен экономикасын және соғыстың ұғым-түсінігін өзгертіп, қараңғылыққа көмілген елді айналасына үстем болатындай дәрежеге шығарса да, көшбасшылығын даңғазалап жария етпей, өте қарапайымдылық танытып, Алла Тағалаға шүкіршілік қылып, Одан жарылқау тілеп, Оны тәсбих етіп, пәктеуі әмір етілген.

Тәсбих – Алла Тағаланы пәктеу (Сұбхан Алла). Пайғамбарымыздан тәсбих жайлы сұрағанда ол: «Алла Тағаланы күллі кемшіліктен пәктеп ұлықтау»[2], – дейді. Ендеше тәсбих – Алла Тағаланы затында, сипатында, істерінде, есімдерінде пәктігін білдіру.

Хамд, мадақтың мағынасы: «Ұлы істің жеңісі пенденің себебінен емес екендігін еске алу. Іс түгелдей Хақ Тағаланың шарапатымен болғандығына илану. Сол үшін Алла Тағалаға шүкіршілік қыл. Барлық іс Оның ғана құдіретімен болғандығын жан-жүрегіңмен және тіліңмен қабыл ет. Мақтау мен мадаққа, хамдқа Алла Тағалаға ғана лайық.

Тәсбихтың өзге бір мағынасы: «Хақ Тағала дінінің жайылуы үшін сендерге мұқтаж емес. Ол мұндайдан мүлдем ада. Осыны мойында. Қайрат-жігеріңмен жеңіске жетуің, Алла Тағаланың қуаттауы және жәрдемі арқылы болатынына кәміл сенуің қажет. Алла Тағала қаласа осы істі, өзге де құлдарына жасата алады. Пенде ортадағы себепші ғана. Хақ Тағала бір құлын таңдап, оған осындай ұлы іске қызмет еттіруі сол құлына ерекше шарапаты. Алла Тағаланың сендерге деген шарапаты да Оның дініне қызмет қылу абыройын сендерге нәсіп етуі». Сонымен қатар тәсбих айтып, «Субхан Алла» деудің таңғалуды, тамашалауды білдіретін тұсы бар. Бір мұсылман адам баласының қолынан келмес таңғажайып бір нәрсені көргенде Хақ Тағаланың құдіретіне таңғалып, бас иіп «Субхан Алла» дейді. Ендеше, Алла Тағаланың құдіретімен ғана осындай ұлы іс жүзеге асады. Ешбір пенденің бұған күші жетпейтіндігін мойындау тиіс.

«Одан кешірім тіле. Ол тәубені қабыл етуші». Тәубе – жасаған пенде күнәсі үшін қатты пұшайман болып, оны қайталамау.[3] Истиғфар – Алла Тағаладан жарылқау тілеу. Ешкім біреудің атынан тәубе ете алмайды. Бірақ, өзгенің күнәлары үшін Алла Тағаладан жарылқау тілей алады. Құранда: رَبِّ اغْفِرْ لِي وَلِوَالِدَيَّ وَلِلْمُؤْمِنِينَ يَوْمَ يَقُومُ الْحِسَابُ – «Раббымыз, есеп беретін күні мені, ата-анамды және иісі мұсылмандардың күнәсін кеш!»[4] тәрізді бұның ғажап мысалдары бар. Сол үшін бұл жерде, وَاسْتَغْفِرْهُ – «одан жарылқау тіле» әмірі Пайғамбарымызға ғана емес, үмбетіне де айтылған. Өйткені, Алла Тағала Елшісін күнәдан сақтаған.

Хазіреті Айша: «Алла елшісі (с.ғ.с.) соңғы кездерінде سبحان الله وبحمده استغفر الله واتوب اليه  сөзін көп айтатын. Оның мәнісін сұрғанымда ол: «Раббым маған үмбетімде бір белгі көретінімнен хабар берді. Оны көрген кезде мадақ айтып, тәсбих етіп, жарылқау тілеуімді әмір етті», – дейді. Парыз намаздарынан кейін дереу үш рет истиғфар тілеуі және тәһажжүт оқыған адамның таң сәріге дейін жарылқау тілеуі, қажының жарылқау тілеуі насихат етілген. Сондай-ақ, дәреттен кейін немесе жиналыс біткен сәтте Хақ Тағаладан жарылқау тілеу қажеттілігі хадистерде айтылған. Мысалы Алла Елшісі (с.ғ.с.) жиналыстан кейін:  سبحانك اللهم و بحمدك استغفرك و اتوب اليه : «Аллам сен пәксің, саған мадақ айтып, сенен жарылқау тілеп, саған тәубе етемін» – дейтін еді[5]. Осы сүре түскен кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) мінберге шығып хұтба оқып: «Алла бірі құлды дүние мен Өзіне қауышудың бірін таңдауына ерік берді. Ол Алла Тағалаға қауышуды таңдады»[6] дейді. Ақырғы елшінің айтып отырған құл – өзі. Осы сөздің астарын ұққан Әбу Бәкір (р.а) пайғамбардың өлімді қалағанын біліп: «Жанымыз, мал-мүлкіміз, ата-бабаларымыз бен балаларымыз саған құрбан», - дейді. Басқа хадисте осы сүрені сахабаларына оқыған Алла елшісі қатты қуанады. Алайда хазіреті Аббас жылап жібереді. Ақиық пайғамбар: «Неге жылайсың, немере ағам?» - деп сұрайды. Сонда ол: «Бұл жерде сенің ажалыңның жақын қалғандығын білдіріп тұр ғой», - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Иә, дәл солай», - деп жауап қатады[7].

Материал «Мәңгі мұғжиза» кітабынан алынды.

Ummet.kz

 _____________________

[1] Тәфсирул-Бәғәуи, 8-том, 575-бет

[2] Ибн Мәжә. Иқамәт 179

[3] Қазақ тілінде тәубә сөзі «шүкіршілік» мағынасында қолданылып кеткен. Бұл өте қате ұғым.

[4] «Ибраһим» сүресі, 41.

[5] Муслим. Салат, 218-220, Мусәфирин, 201; Әбу Даууд. Салат, 119, Әдәб, 27; Тирмизи. Дауат, 32; Осыған ұқсас дұға қараңыз; Уәһбә Зухәйли. әт-Тәфсирул-Мунир, 15-том, 852-бет

[6] Бухари. Мәнәкибул-Әнсар, 45, Салат, 80.

[7] Бухари. Тәфсиру сурә 110, 3.

Бөлісу: