Шайтанның кесірі

Шайтанның кесірі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Адам баласы ақыл-ойының аман болуы, тура жолдан адаспауы үшін әрдайым Аллаға мұқтаж. Қасиетті Құранның «Нас» сүресінің 4-аятында сондай аздырушылар жайында баяндалады. 

مِن شَرِّ الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ  –  «Сол  бір  азғырушы шайтанның кесірінен». Яғни, адам баласын ақиқат жолынан тайдырып, адастыру үшін әр түрлі айла тәсілдер арқылы жасырын түрде азғырған шайтаннан – Алла Тағалаға сиынамын.

الْوَسْوَاسِ – «уасуас» өте көп азғырушы деген сөз. Бұл жерде шайтанның бір есімі ретінде берілген. Өйткені, оның барлық ісі мен өнері, жалпы өмірі – адамдарды азғыруға арналған.

الْخَنَّاسِ  – «ханнас»  сөзі  де  бір  іс-әрекетті  көп қайталаушы  мағынасына  саяды.  Қайта-қайта  келіп, адамның басын айналдырып, азғыруға тырысу. Кейбір тәпсіршілердің пікірі бойынша Ханнастың» мағынасы былай: Кейде жасырынып, кейде көрнеу түрде, әртүрлі жолдар арқылы адамдарды жолдан тайдырушы. Сүренің аяғында «жын мен адамдардан» деу арқылы адамдар арасында да осындай «Ханнастар» бар деген сөз. Яғни, әртүрлі азғындық жүйелері арқылы қоғамның көркем мінезін  жермен-жексен  етуге  тырысып  бағу.  Белгілі бір уақыт өткен соң жаңа азғындық  жоспарлар құру арқылы, қоғам арасына ірікті салу. Қоғамды азғындық жолға салу үшін сол  ғасырдың барлық құралдарын сол бағытқа пайдалану. Ел ішіне лаңкестік жолдар арқылы бүлік  салып,  айрандай  ұйыған  бір  ұлтты  жік-жікке бөліп, бір-біріне айдап салу. Қоғамның қаймағы аталған зиялыларының  да  санасына  қарама-қайшы  пікірлер салып, бір-бірімен айтыстырып, сөз таластыру. Міне, осы тәрізді іс-әрекеттің барлығына осы аяттағы

الْوَسْوَاسِ الْخَنَّاسِ – «Уасуасул-Ханнас» (Азғырушы Ханнас) себепкер болмақ. Адам уасуаса-азғыру басталған сәттен-ақ,  Алла Тағалаға  сиыну  қажеттілігі  осы  аяттан  білінеді. Өйткені, азғыру алдымен бейқам, ойсыз күй кешкен адамдарға қатты әсер етеді. Мұндай адамның жүрегіне үрлеп, жамандыққа деген пейіл туғызады. Осы арам ниет  ақыр  соңында  сананың  қалауына  айналады  да, азғырудың әсері арқылы әбден қатайып, жетіліп-піседі.

Осының кесірінен әлгі пенденің арам амалы жарыққа шығады.   Азғырудың   жаманшылығынан   Алла Тағалаға сиынудың мәнісі әуел бастан-ақ азғырудың жүректе  қылтитқан  жаманшылығын  жоқ  етуі.  Өртті жана бастағанда су сеуіп өшіргендей адам да жүрегінде азғыру  басталғанда  Алла Тағалаға  сиынып,  уасуаса отын өшіруі тиіс. Болмаса, құрғақ қамысқа лап етіп тиген өрттей адам жүрегі мен санасындағы уасуаса өртін сөндіруі қиынға соқпай.

Уасуаса-азғырушының  азғыру  жолдарын  былайша  да  беруге  болады.  Ол  алдымен  адамға  күпірлік, атеисттік, ширк келтіру, Алла мен елшісіне қарсы келуге, мұсылмандарға дұшпандық жасауға айдап салады. Арам ойы іске аспай, өзі нысанаға алып, азғырған адамы  мұсылмандықтан  бас  тартпаса  онда  ол  бұдан кейін оны Ислам ішіндегі «бидғаттарға» қызықтырып, соны  жасатуға  күш  салады.  Осы  арқылы  кішкене күнәлар жасатып, осы күнәларының үлкен күнәларға айналуына  жанын  салып  бағады.  Бірақ,  ол  бұнда  да мақсатына жете алмаса, әлгі мұсылманның өзінің Ислам түсінігін ғана дұрыстатып, өзге мұсылмандардың барлығының исламдық түсінігін жоққа шығартуға айдап салады. Мысалы, «Сен ғана нағыз мұсылмансың, өзгелерінің бәрі де кәпірлер. Сондықтан, сен оларды өзіңе бағындыруың қажет» деген тәрізді. Бұған да ырық бермей, алданбаса адам мен жындардың барлық шайтандарын қозғап, барлығы бірдей халыққа әлгі адамды жаман етіп көрсетуге тырысады. Осы кезде шайтан әлгі мұсылманға келіп: «Сенен елдің бәрі безіп отыр.

Олардың ойынша сен өте жаман адамсың. Ал сен қалай бұл қорлыққа шыдап отырсың. Бір нәрсе деп, қарсылық көрсетпейсің  бе?»  дейді.  Бұл  да  шайтанның  ақырғы құрған тұзағы. Алайда шайтан адамды ақырғы деміне дейін әртүрлі жолдар арқылы азғыра бермек. Бірақ, пенде әрқашан Аллаһ Тағала сиынып жүрсе, олардың ешбірінің әсері болмайды. Олардың құрған тұзақтары Хаққа сиынған мұсылмандарға өрмекшінің торы тәрізді ғана. 

Материал «Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды.

Бөлісу: