«Кәусар» Жаннаттағы өзен ғана емес...

«Кәусар» Жаннаттағы өзен ғана емес...

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Назарларыңызға Құранның «Кәусар» сүресінің бірінші аятындаға мағыналар төңірегіндегі жазбаны ұсынамыз.

«إِنَّا أَعْطَيْنَاكَ الْكَوْثَرَ» «Біз шындығында саған кәусарды бердік».  Тікелей  Пайғамбарымызға (ﷺ)  бағытталған.

Алла Тағала «Біз бердік» деу арқылы өзінің ұлылығы мен  берген  кәусарының  қадірлігін  меңзеуде.  Алла Тағаланың  Құранда  «Біз»  деуі  Оның  ұлылығы  мен шексіз құдіреттілігін білдіру мақсатында айтылған. Бұл араб әдебиетіндегі шешендік өнердің бір тәсілі. Негізі бұл қазақтың шешендік өнерінде де айтылады. Мысалы: «көптен бері көпшілік жабылып шеше алмай, дал болып жүрген мәселені «біз» барып шешіп қайттық», - дейді. Бұл жерде мәселені шешкен жалғыз адам. Бірақ, өзінің беделін білдіру үшін осылай айтады.

Аятта Алла Тағала «Біз береміз» демей, «Біз бердік» деу арқылы сөзсіз беретінін білдіру үшін өткен шақты  пайдаланған.  Өйткені,  берген  уәдесі  сөзсіз орындалмақ.

الْكَوْثَرَ – «кәусар» – сөздікте «өте көп», «мол» деген мағыналарға саяды. Бұл жердегі мағынасы – жаннаттағы ерекше бір өзеннің атауы. Жаннаттың барлық өзендері осыдан  бастау  алады.  Кейбір  ғұламалар  бұны  «мол жақсылық» деп түсіндіреді. Яғни, «мол жақсылыққа» Құран, пайғамбарлық, шапағат мәртебесі, ілім, т.б. ерекшеліктер жатады.

Алайда,  бұның  не  екендігі  хақында  тәпсіршілер жиырма  алты  көзқарас  айтқан.  Бұл  жерде  біз  ең маңыздыларына тоқтала кетейік.

Біріншісі: Көптеген тәпсір кітаптарында кәусарды жәннаттағы  бір  өзеннің  аты  деп  түсіндіреді.  Алла Елшісі (ﷺ) де: «Кәусар – Раббымның Жаннатта маған берген бір өзені»[1], -  дейді. Басқа хадисте: «Ол мол жақсылығы бар хауыз. Үмбетім қиямет күнінде келіп сол хауыздан су ішеді. Ыдыстары жұлдыздардың санындай. Араларынан кейбір адамдар хауыздың жанынан қуылады. Ей, Раббым олар менің үмбетім деймін. Сонда сенен кейін олардың не істегендерін білмейсің ғой?», - дейді. Міне, осы хадистерге қарасақ, өзен мен мол жақсылық саналған хауыз екендігі белгілі болады.

Екіншісі:  Пайғамбарымыздың (ﷺ) зор  беделі  мен асқан абыройы. Өйткені, пайғамбарлық екі жаһанның бақыттылығы мен жақсылығын қамтыған. Сондықтан, бастауы Рахмани және Рахими шарапатты топтастырған – мол жақсылық.

Үшіншісі:  Үмбетінің  ғұламалары.  Расында  ілім мен көркем мінездік тұрғысынан пайғамбарлардың мирасшылары атанған ғұламалар, қашан да мол береке саналмақ.

Төртіншісі:  Табиғиндар  мен  үмбетінің  көптігі. Алла Тағала оған өте көп ізгі сахабалар мен үмбет нәсіп еткен. Шындығында, жаннаттың басым көпшілігі оның үмбеті болатындығы сахих хадистерде айтылып сүйіншіленген.

Бесіншісі:  Алла  Елшісінің (ﷺ) ұрпағының  көптігі. Кәпірлер оның балалары қайтыс болғанда «ұрпақсыз қалды»  деп  көңілін  құлазытқан  еді.  Сондықтан  да оған нәсілінің бітпейтіндігін қайта кәпірлердің нәсілі түгесілетінін айтып сүйіншілеуі бұл мағынаға да сай келмек. Ендеше, олардың ұрпағы бітіп, сенің ұрпағың заман өткен сайын көбейе түседі деген сөз. Шынында, солай болған. Алла Елшісінің (ﷺ) әһли бәйті (әулеті) қай ғасырда да Ислам дінін жаңғыртуға өмірлерін сарп етіп келеді.

Бірақ,  осыған  қарамастан  тәпсіршілердің  басым көпшілігі  «Кәусар»  сөзінің  «мол  береке,  жақсылық» деген мағынасын мақұлдаған. Өйткені, сөздік жағынан бұл  сөз  ең  ауқымды  мағынаны  қамтиды.  Яғни,  бұл дүние мен ақыретке қатысты барлық ізгіліктер берілді деген сөз.

«Мәңгілік мұғжиза» кітабынан алынды.


[1] Бухари. Тәфсиру Сурә, 108, 1; Муслим.Салат, 53, Фәдәйл 37, 40, Таһарат, 36; Нәсәи. Ифтитах, 21; Тирмизи. Қиямәт, 15.

Бөлісу: