Туыстық қатынастарды нығайту

Дәстүр даналығы
Жарнама

Әрбір адам баласының өміріне тікелей қатысты көптеген дүниелер бар. Адам өзінің туған ауылымен байланысты болғаны сияқты мемлекетімен де, жер бетіндегі адамдармен де белгілі бір дәрежеде байланысы бар.

Осы байланыстардың ішіндегі ең маңыздысы – туысқандық байланыс. Себебі адамның өмірінің барлық кезеңдерінде туысқандарымен әр жағдайда байланыста болады. «Өкпеге қиса да өлімге қимайтын ағайын», «жақын жүрсе тебісетін, алыс жүрсе кісінісетін ағайын», «сыйласқанға жат жақсы, жыласқанға өз жақсы» деген түсініктер де  қазақ халқында ағайындық пен туысқандықтың маңыздылығын көрсетеді.
Ислам дінінде де өте көп көңіл бөлінген тақырыптардың бірі осы туысқандық қарым-қатынас мәселесі. Сахабалар: «Уа Алланың елшісі! Адамдардың ең қайырлысы кімдер?» деген сұрағына Пайғамбар (с.ғ.с.): «Раббысынан ең көп қорқатын, жақындарына көп қарайласатын, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын адамдар!» деген екен. Міне тауысқандарымен жақын араласатын кісілер «адамдардың ең қайырлысы» деген сипатқа ие болмақ. Сонымен қатар, Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта: «Туысқандық байланысты қалай құратындарыңды үлкендерден үйреніңдер. Өйткені туысқандық байланыс, туыстар арасындағы сүйіспеншіліктің артуы, рызықтың көбеюі, өмірдің берекелі болуы».
Хадистерде туысқандық байланысқа соншалықты мән беруінің тағы бір себебі, қиыншылық пен қуанышта олардың ортақтасуынан туындаса керек. Яғни туысқандар арасы қаншалықты жақын болса, соншалықты бір-бірінің қайғысын бөлісіп, қуанышына ортақ болады. Қазақ халқы «Тіріде сыйласпаған, өлгенде жыласпайды» деген. Демек, әулеттік қатынастары мығым, жеті аталық байланысы тұрақты қазақ халқында туысқандар арасындағы байланыс тіптен маңызды саналады.
Қасиетті Құран-Кәрімде де: «Туысқандарға, кедейлерге және жолда қалғандарға ақысын бер. Сонымен қатар мал-мүлкіңді бей-берекет шашпа» (Құран 17/26) делінеді. Алла Тағаланың ағайынның арасындағы байланысты нығайтуға, оларға дұрыс қарауға, туыстар арасындағы мирасқорлыққа қатысты Құранда 30-дан астам аяттары бар. Бұл мәселеге Құранда осыншалықтың көңіл бөлінуінің өзі қаншалықты өзекті және маңызды екендігін көрсетсе керек.  «Нахл» сүресінің 90-аятында Алла Тағала: «Шүбәсіз Алла, әділдікті, ізгілік жасауды, жақындарға қарайласуды бұйырады. Арсыздықты, жамандықты, азғындықты тыяды. Ойланып, бірлесерсіңдер деп сендерді үгіттейді», - дейді.
Олай болса Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне иман ектен адам, туыстарына жақсылық жасасын!...», «Рыздығының молаюын және өмірінің ұзаруын қалаған адам, туысқандарына қарайлассын!», - дейді.
Данагөй халқымыз «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп жақын туысқандардың арасындағы болған жағдайлардың туысқандар арасында шешілуін, бөтен адамдардың бұл мәселені білмеуі керектігін білдіреді. Қазіргі материалдық сана асқақтап тұрған кезде рухани құндылықтарымыздың әлсіз тартқаны баршаға аян. Осының салдарынан әулеттер ыдырап, отбасының шаңырағы күйреп жатқандар да бар. Мұның басты себептерінің бірі - осы туыстық қатынастардың жеткілікті деңгейде жүзеге асырылмауы, бөтен кісілердің отбасы ішіндегі мәселелерге араласуы, араластырылуы болса керек. Туысқандық қатынастардың нығаюында қазыналы қарттарымыздың да орны ерекше болуы тис. Өкінішке орай, бұл күнде ақсақалдық деңгей мен әулеттік ұйысудың да төмендеуі байқалады. Бұл ұрпақтар сабақтастығының әлсіреуі ғасырлық бодандық т.б. себептерден туындаса керек. Олай болса рухани жаңғыруды әркім өз отбасынан, әулетінен бастауы тиіс. Дана халқымыз «жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демей ме?! Ағайының азары болса да, безері болмаса керек. Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді демекші, туысқандар арасындағы береке-бірлік арта берсін!

Мұхит Көпжасар,
«Нұр Астана» мешітінің қызметкері.

Бөлісу: