Төркіндеу салтының сіз білмейтін мағынасы

Төркіндеу салтының сіз білмейтін мағынасы

Дәстүр даналығы
Жарнама

Жаңа бір сайттан «төркіндеу салты» деген түсіндірме ақпаратты көзім шалып қалды. Оқысам, жаңа тұрмысқа шыққан қыздың өз еліне баруын «төркіндеу» деп тәптіштеп түсіндіріпті.

Бүгінде бұл салтты бізде «есік көру», «есік ашу» деп атайды. Қыз бен күйеу балаға, яғни, жас отасқандарға арнайы дастархан жайып, туған-туыс үйіне шақырып, есік көрсетеді, сый-сияпат жасайды. Бұны тұрмысқа шыққан кез келген қыз жүзеге асырады.

Ал, төркіндеуге келсек, біздің елде көненің көзін көрген қариялар бұл салтқа бір мысқал қиянат жасамай, аналардың ізімен жүзеге асырып жүр. Төркіндеу бізде жақсы сақталған, өз енем осыдан он шақты жыл бұрын төркіндеген болатын.

Төркіндеу - әйел біткеннің ұлы арманы. Екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ҚЫЗ, міне, сіздер салған ұлы жолмен мен де аналық міндетімді атқардым, бүгінде елден алғыс алып отырған салиқалы анамын «шүкір» деп, сыртынан өмірлік тілеулесі болған туған еліне, ағайын-туғанына жөн-жоралғысымен арнайы төркіндеп барады. Бізде әр әйелдің ұлы арманы, жүзі жарқырап, өзі өскен жұртына төркіндеп бара алу. Туыс, ет жақын апаларымыз да арнайы төркіндеп түсіп жатады ауылымызға. Келін басына жаулық салған күннен бастап, осы бір үлкен арманға ынталанып, елге пайдасы тиер ұрпақ өрбітсем, мен де еліме жүзім жарқырап төркіндесем деген ниетпен жүреді.

Төркіндеп келген қыздың көңілін таппаққа тырысқан төркін жұрты да аянып қалмайды, барынша ат-шапан, түйе мінгізуге, қолынан келгенінше сый-сияпат көрсетуге тырысып жатады. Менің пайымдауымша, бұл салттың екі мәні бар, бірі елінен тек рахмет алар ұрпақ өрбіткен ананың ел алдындағы абыройын асыру болса, екіншісі, шыққан тегіне, атасына алғыс әперіп, барған жерінде әулеттің мерейін тасытып отырған қызға алғыс. Қазіргі сөзбен айтқанда дәстүрлі отбасының әдемі жарнамасы, жас отаналарын жақсылыққа жетелеу.

Бұрынғылар үшін жасы келген шағында төркіндей алмау үлкен сын болған. Ал, қазіргі таңда бұл ел ішінде сын болмаса да, төркіндеу үлкен абырой саналады.

Алла әр анаға абыроймен төркіндеуді жазсын.

Ал, сіздер осы салтты тұтынасыздар ма?

Гүлбала Қоштай

Бөлісу: