Біз – дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіре білген халықпыз

Дәстүр даналығы
Жарнама

Есті де ақылды адамдардың барлығы да бір үлкен Сенімнің керек екенін сезеді. Тазалықтың қажетін біледі.  Ендеше сол іздеген Сенімдер мен Жақсылықтардың бәрінің бастауында Ислам тұр.

Ислам – ізгілік, адамгершілік діні. Ұлы тәлімгер Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шын мұсылман – тілі мен қолынан ешкімге зияны тимейтін адам», – депті.

Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – Ұлты, Діні және Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – Қазақ, дінім – Ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені, сіздің көңіліңізде «мен адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін» деген сенім тұрады.

Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза Исламда.

Ал енді ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтар  болсақ, олар Исламға дейінгі заманнан бастау алып, Ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз болып табылады.

Халқымыздың салт-дәстүрінің кез-келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің Исламнан нәр алғаны айқын. Сондықтан да Ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз, айырып ажырату оңай емес.

Мәселен, кешегі кеңестік кезеңде бізге шариғатқа қайшы келетін арақ ішуді, доңыз етін жеуді насихаттады. Ал қазақтардың бұрыннан қоректеніп келе жатқан қымызы мен шұбаты ешқандай шариғатқа қайшы емес. Сонымен қатар біздің қыз қуу, көкпар, алтыбақан, бәйге т.б. ұлттық ойындарымыздың барлығы ешқандай құмар ойынға жатпайды.

Ал анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, келінге сәлем салдырмай салт пен сүннетті «соғыстырып» жүрген кейбір жастар болса, бұл олардың діни білімсіздігінен деп білеміз. Оның көзқарасына бола Исламға үрке қарау дұрыс емес. Себебі, ол діннің кемшілігі емес. Дінді дұрыс түсіне білмеген, оны даналықпен өміріне ендіре алмаған адамның кінәсі. Дін мен дәстүрді хикметпен қабыстыра алмауында. Әйтпесе, кемелдік – Аллаға, кемшілік – адамға тән екені белгілі ғой.

Мысалы, келіннің ата-енесіне, т.б. үлкендерге сәлем салуы ширкке жатқызатындар да шыққан, яғни Құдайға серік қосу.  Келін сәлем салу арқылы Алла Тағалаға  серік қосып тұрған жоқ, ата-енеге сый-құрмет, ізет көрсетіп тұр деген қарапайым түсінікті ұққысы келмесе не айтуға болады. Жалпы серік қосу мен ізетті шатастырмау керек. Серік қосу деген не? Егер « Құдай көп» десең, ол серік қосу болады. Бұл жерде келін ата-енеге ізет көрсетіп тұр ғой.

Ал ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде, салт-дәстүрінде, ұлттық өнерінде. Оларды бір-бірінен бөліп қарастыра алмаймыз, себебі, олар бірін-бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттың болмысын құрайды.

Біздің қазақтың ұлттық және діни дәстүрлерінің  саналы әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудағы рөлі ұшан-теңіз.

Тәрбие ана құрсағынан басталып-ақ кетеді дейді ғылыми тұжырым. Олай болса, бала дүниеге келмей тұрып басталатын «Құрсақ шашу», бала дүниеге келе салысымен болатын «Сүйінші сұрау», «Азан шақырып ат қою», «Шілдехана тойы», «Бесікке салу», «Қырқынан шығару», бәрі-бәрінің өзіндік тәрбиелік орны, маңызы бар екені анық. Бүгінде жарты әлемнің ғалымдары мойындаған көшпенді мәдениетінің әлемдік өркениетте ықпалы, үлесі жайлы ойласақ, қазақ халқының ұлттық ұстанымы, түсінік-танымы, салт-дәстүрі, өмір сүру қағидалары еріккеннің ермегі емес екеніне толық көзіміз жетер еді.

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделіп отырған.  Мәселен, әруақты сыйлау туралы бір ғана сөзбен тоқталсақ, бұл жерде мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап мал союда емес, мәселе-ағайын туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда. Ойлап көріңізші, кісісі өліп қаралы болған туысына, досына Атыраудан-Алтайға, Қызылжардан-Қызылордаға, Баян-Өлкеден-Баянауылға келетін кім? Ол- Қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік, немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін  халық кім? Сол баяғы біздің Қазақ. Өлімнің артын күтудің өзі Қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Ендеше  арыдан ойлар болсақ, осылардан айрылсақ біртұтас халқымыздың  тұтастығына сызат түспей ме!

Дәстүрдің бір сипаты — тұрақтылығында. Оны қаласа өзгертіп, қаламаса өшіріп тастайтын бір адамның меншігі емес. Дәстүрдің тағы бір артықшылығы —оның  өміршеңдігінде, қанға сіңіп, күнделікті өмірге қалыптасқандығында.

Егер әдет-ғұрып шариғатқа қайшы келмесе, оған Ислам діні тыйым салмайды. Тіпті шариғат үкімі бойынша, шетелден келгендер жергілікті халық намазды қалай оқыса, олар да солай оқуы тиіс.  Сондықтан шетелдіктердің бізге келіп, өзге дәстүрді насихаттауға қақысы жоқ. Ал олар өз еліне, үйіне барғанда намазын жатып оқи ма, тұрып оқи ма, оны өзі біледі. Бірақ мешітте, көпшілік орында жергілікті халықтың дәстүрімен санасуы міндет. Сондықтан дін мен дәстүрді біте қайнастыру үшін халықтың діни сауатын арттырып, оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді әлі де күшейтуіміз  қажет.

Біздің ұлттық киімдеріміз де  Ислам мәдениетімен тығыз байланысты болған. Қазақтың бұрынғы киімінде кеудесі ашық, немесе етегі тізеден келетін киімдер болды ма? Жоқ. Демек, қазақтың киімінің шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ деген сөз. Қазақтың қыздары қызыл көйлек, қызыл бешпет, үкілі қызыл кепеш киген. Кейін заманға лайық етіп, үкілі қызыл кепешті қызыл орамалмен ауыстырған. Келін болмай тұрып, басына ақ тартпаған. Міне, қазақ осылайша, келін мен қызды ажырататын болған. Қара – қайғының белгісі, сондықтан одан қазақ қыздары қашық болған. Қазір де көп жерде осы дәстүр сақталған. Сондықтан хиджаб кигенше, өз ата-салтымызды дамытқанымыз дұрыс.

Мысалы, орта ғасырларда күллі Ислам дүниесінде қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған кез-келген сөз зергері әңгімесін Алла атымен бастап, тырнақалды туындысын дін исламның қағидаларын зерттеп-зерделеуге, талдап-түсіндіруге арнаған. Бұл білгенін білмегендермен бөлісу, өзгеге жеткізе отырып, өз білігін жетілдіру мақсаты еді. Мәселен, Ыбырайдың Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Абайдың «Қарасөздері», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» жиған-тергендері осы дәстүрдің заңды жалғасы іспетті.

Аталған ғұламаларымыз бізге өз мүмкіндігі шегінде өздері таныған шындықты жеткізуге тырысты. Өз білігін жинақтау, жетілдіру барысында ой бөлісті. Мүмкін олардың еңбектерінде де кемшіліктер бар болар. Бірақ түпкілікті ақиқатты тану ажалды пенденің бәріне бұйыра бермесі белгілі. Сондықтан ұлтымыздың маңдайына бұйырған ұлылардың ұстанымдарына құрметпен қарап, туындыларын талдап-таразылап, танып, пайдаланып қана қоймай, қажет кезінде сын көзбен қарап, жетілдіріп отыру да бәрімізге парыз.

Ал Абай мен Шәкәрім пікірлерінің дінаралық түсіністікке қаншалықты негіз бола алатыны  дербес әңгіменің арқауы. Ойашар ретінде айтарымыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді мәмілегер ұлттың құшағында өскен Абай ақын айтты. Сайын даланы санасына да, жүрегіне де сыйдырған ұлттың өкілі Шәкәрім «О дүние, дүние! Шындыққа сонда кім ие?» - деп діндер мәселесіне әлемдік деңгейдегі биіктен көз салуға тырысты.

Ұлылардың болмысы ұлт болмысынан бөлек емес. Ұлт болмысы имани ұстанымдарсыз қалыптаспайды. Дін мен ұлттық мүддені аталарымыз ешқашан бөліп қарамаған. Енді ол ұстанымды бүгін бөлудің ешбір қажеттілігі де, негізі де жоқ. Естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған ұлттар мен ұлыстарды бауырына баса білген қазақ ұлты осы ұстанымда болуы қажет деп ойлаймын.

Бүкіл жер шарындағы  7 млрд. адамның қай-қайсысы да белгілі бір ұлт өкіліне жатады. Қай ұлтты алып қарасаңыз да дәстүрге негізделген тұрмыс-тіршілігі, кәсібі, соның ыңғайындағы тарихы, мәдениеті, өркениеті бар.

Құран Кәрімнің Хұжурат сүресінде: «Бір-біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік», - деп жазылған. Құран Кәрімдегі аятты және тіл төңірегіндегі сан-салалы, құпиялы, тарихи толғамдарды ой елегінен өткізген ойлы адам тілдердің әрқилылығы, түріміздің, дініміздің басқа-басқа болуының бәрі Жаратушының хикметінен екен деген қорытындыға келері хақ.  

Тіл, дін, дәстүр үштігінің бірлігін берік қалыптастырған рухани күшті тұлғалардан құралған ұлт қана жаһандану тасқынындағы түрлі толқындарға қарсы тұра  алмақ. Қазіргі қазақ қоғамына әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлектігі Алла Тағаладан екенін түсінетін, Асан қайғыдай, Бұқардай, Абайдай, Алаш қайраткерлеріндей туған халқына жан жүрегімен құлдық ұратын, ұлттық рухы зор ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі біздің буынға парыз.

Ұлттық әдет-ғұрпыңа, ата салтына айналып кеткен дәстүрлерді діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралау дін мен ұлттық мәдениетімізді бір-біріне қарама-қайшы қоюға әкеліп соқтырады. Ал оның әртүрлі зардаптарға ұрындыруы мүмкін.

Мұсылмандық ата-бабамыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан  ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірмеуге тиіс. Не болса соны «мұсылман дінінде олай емес» дегенді айтып, ата салтымыздан, ұлттық ғұрып, ұлттық ерекшеліктерімізден бас тарта берсек, ежелден қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрден ештеңесі де жоқ, кеше ғана пайда болған халық сияқтанып қаламыз ғой. Кез келген ұлттың жүріп өткен жолы мен ұзын-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, болашағына болжам жасайды.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау, жеті атаға дейін қыз алыспау,  тәбәрік тарату,  ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар әрине,  мұсылман дінінде  нақтылап айтсақ  араб халқында жоқ.  Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе?  Әлде, жеті атадан бері қыз алысып-беріспейтін дәстүрімізді тәрк етіп, арабтарға ұқсап ағасының ұлы інісінің қызын ала берсін деп қарап отыра беруіміз керек пе?! Ендеше біздің дәстүр-салтымыздың  бәрі мұсылман дінінен ауытқулық  немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын, яғни Құран оқу арқылы жүзеге асып жатқанын көріп-біліп жүрміз емес пе!

Қазақ әруақты сыйлайды. Ал әруақ кім? Ол кеше өмірде болған адам. Ендеше оларға құрмет қыла білмеген, тіпті айналасындағыларға жақсылық жасай алмаған адам қалай ғана Алланы қадірлей аламын деп  айта алады. Ал әруақты сыйлау, оған табыну емес, өйткені біз буддистер секілді ойламайтынымыз белгілі ғой. Адамды (мейлі өлген, мейлі тірі) сыйламаған адам Құдайды да сыйлап жарытпайды ғой.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келген салт-дәстүріне  соқтығуы, діннің өзінен емес, қайдағы бір секталардың сойылын соғушылардан  болады. Исламның атын жамылған секталар көп! Осынау секталардың  ешқайсысы дұрыс емес екені айтылып, жазылуда. Әйтпесе 1000 жыл бойы әрі мұсылман, әрі түрік-қазақ болып келген біздің ұлтымыз қалай ғана 2000-жылдан былай қарай өзінің осыған дейінгі ұлттық дәстүрінен безуі, тек арабтар қалай істесе соны қайталауы керек болды екен? деген сауалды біз оларға қоя білуіміз керек.

Ағым, секталардың сойылын соғушылар мен дүмшелер  хақ Исламды қатырып, семдіріп, үрейлі, қорқынышты, қатал дінге айналдырып, адамдар жүрегіндегі Исламның беделін түсіреді. Ұлттық салттарға, жеке адамның талғамына, адамдық өмір жолдарына, рухани дербестігіне қарсы қағидаларды тап бір өздері  пайғамбар дәрежесінде отырғандай болып теріс түсініктемелер мен пәтуалар айтып адамдарды үрейге бөлейді, алаңдатады.

Олар ізгілік туралы айта тұрып, ізгі салттар мен сезімдерді қаралайды. Құдайдың биіктігі мен құдіреттілігі туралы айта отырып, сол Құдайдың не істейтінін өздерінше кесіп-пішіп, сәуегейлік айтпақ болады. Тек мен сенетін секталық таным ғана дұп-дұрыс, ал басқалар, яғни әруаққа арнап дұға оқушылар мен мал шалып, туыс-туғандарды жинап жетісін, нәзірін, қырқын, жылдығын беру салттарын орындап жүргендер кәпір деп  қасарысады. Олардың бұлай үкім шығаруы Құранның талаптарынан асып кеткен жоқ па?!   

Өзіңнің асылдарыңды түгелдей қаралап,  өзгелердің қаңсығына өмешегін үзу қазақ ұлтын  азғындатып, тозғындатып, тамырынан айрылған қарағайдай қуратуы мүмкін екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек.

Нариман ИСЕНОВ 

Бөлісу: