Дастарханға бата беру кімнен қалған?

Дастарханға бата беру кімнен қалған?

Дәстүр даналығы
Жарнама

«Бата» деген сөзінің түп-төркіні «Фатиха» сөзінен шыққан. Хз. Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадистерінде «Фатиха» сүресі - ең күшті дұға-тілек (бата)  екендігі айтылған. Себебі «Фатиха»  Құранның барлық мазмұнын бойына қамтып, «ашушы, беташар» деген қасиетті атқа ие болған.

Батаның Фатихадан өрбитіндігіне бұл сөздің қазақ тіліндегі нұсқалары дәлел. Қазақта «бата оқыр» бір елге не қабір басына барып, марқұмға Құран оқып қайтуды айтқан. Халқымыз Пайғамбарымыздың «Фатиха» сүресі жайлы айтқан хадисіне сүйеніп, дұға жасағанда «Фатиха» сүресін оқуды әдетке айналдырған.  Яғни «Бата» сөзінің дұға ретінде қолданылуы дана халқымыздың Пайғамбар (с.а.с) сүннеттерін ұстану ниетінен туындағаны байқалып тұр. Хз.Пайғамбарымыз (с.а.с) «Фатиха» сүресін «Үммуль –Китаб», «Үммуль-Құран», яғни «Құранның анасы» деп атаған. Дана халқымыз осы хадисті мақалдатып: «Бата-Құранның анасы, ердің данасы» деп саналы ойын түйе білген.

Біз мұсылман жұртшылығы ата-бабамыздың дұға-тілектерінен нәр алып, өсіп-өніп келе жатқан ұрпақпыз. Ата-бабаларымыз біздің болашағымыз үшін елі мен жерін сыртқы жаудан қоғап, жорыққа аттанар сәтінде де, тіпті бейбіт өмірде де алақандарын көкке жайып, Құдайынан бар жақсылық атауын сұрауды жалғастырып келген. Бата беру тұрғысында сонау тарихтың тереңінен дәлел келтіретін болсақ  Ибрахим пайғамбар (а.с) ұрпақтары үшін құт-береке, тура жол тілегені қасиетті Құранда баяндалған. Бертін келе Хз. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с) да әрбір намазынан кейін үмбеті үшін Алла Тағаладан жарылқау  тілеп, тура жолды сұрап өткен.  Бата беру үрдісі қазақ халқының қанына сіңген ерекше дәстүрлердің бірі. Қазақта жас ұрпаққа тәлім бере отырып,  «атаңның ботасын алма, батасын ал: бота өліп қалады, батадан бағың жанады» деп бата алуға шақырған. Үлкенді сыйлау дініміздің басты негіздерінің бірі. Хадисте Хз.Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шашы ағарған мұсылманның құрметтелуі Алланың ұлықтығының бір белгісі» (Әбу Дәуіт), «Үлкендерден бастаңдар», «Үлкендеріңіз үшін орындарыңыздан тұрыңыздар» (Бұхари. Итқ, 17) «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге» (Бәйһақи) деп өсиет етіп қалдырған.  «Ата тұрып ұл сөйлегеннен без, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» деген аталы сөзге бас ұрған мұсылман халқымыз дәстүрлі дініміздің берген тәрбиесі бойынша үнемі үлкендерге құрмет көрсетіп, алдарын кесіп өтпей, керісінше олардың дуалы ауыздарынан баталы сөз тыңдап келген. Қазақта: «Атасыз үй-батасыз, анасыз үй-панасыз», «ауыл сыртында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең, ауылда қария болса, жазып қойған хатпен тең» деп қарияның дариядай ақылын елеп, жастардың ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерден бата алуды үрдіске айналдырғандығын Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) былай жырлайды:

«Би жігітке жарасар, халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар, тілеуқорлық айласы»

Халық арасында кең тараған осы бір бата беру дәстүрдің  түп-қазығы Хз.Пайғамбарымыздың (с.а.с) сара жолы болған сүннетінен өрбіген. Әнәс сахабаның анасы Умму Суләйм (р.а) Пайғамбарға (с.а.с) келіп: «Уа Расулалла! Мынау – Әнәс, сіздің қызметшіңіз. Ол үшін Алладан дұға тілеңізші»- деп өтінді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с): «Уа, Алла! Оның малы мен жанын көбейте гөр! Оған бергеніңнің құт-берекесін бере гөр»-деп тілек тілейді. (Бухари) Кейінірек Әнәс сахаба (р.а) расымен де дәулетті болып, немере-шөбере, шөпшектерінің қызығын көріп, ұзақ өмір сүрген. Омар ибн Хаттаб (р.а) былай дейді: «Мен Алла Елшісінің (с.а.с) былай дегенін естідім: «Сендерге Йеменнен келетін көмекші әскерлермен бірге Қаран тайпасының Мурад аталығынан Уәйіс ибн Амир деген адам келеді. Оның алапес ауруы бар болған, кейін денесінің дирхем ділдәсы мөлшеріндей бөлігінен өзге жері түгел жазылған. Оның қатты құрмет тұтатын анасы бар. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қабыл етеді. Егер одан өзің үшін Алладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе сұрап қал» (Муслим) Айтылған кісі Пайғамбар (с.а.с) өмірден озған соң Омардың (р.а) халифалығының тұсында келеді. Мұсылмандардың халифасы одан өзі үшін әрі мұсылмандардың амандығы үшін бата беруін өтінеді. Уәйіс ибн Амир «ананың басқан жерінде пейіш бар» «Тал бесігін таянған, түнде тұрып оянған, тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен анам» деп анасын алақанына салып аялап өткен кісі болған. Қазақта: «Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» дейді, «Күтсең ата-анаңды кешірер атаң қатаңды. «Алғыс алған адам» деп, халық алар батаңды» деген сөз осыдан қалса керек.

Халқымызда кең тараған батаға тиісті дәстүрдің бірі - тамақтан кейін ас қайыру. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с) тамақ жеп болған соң үнемі Аллаға мадақ айтып, шүкірлігін білдіріп отырған. Халқымыз астан соң бата қайырғанда екі алақанын жайып бата жасаған. Олар бұл әрекеттерін өздерінің Алла Елшісінің: «Аллаға дұға еткенде алақандарыңды ашып дұға ет, қолыңды теріс қаратып дұға жасама. Дұғаны бітіргенде алақаныңмен бетіңді сипа» (Хадис ансиклопедиси, 17том, 443-бет)  деген  сүннеттін ұстанғандарын көрсетеді. Батадан кейін «әумин» деуі Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Адамдар бір жерге жиналғанда біреуі дұға жасап, қалғандары «әмин» десе, Алла оларға міндетті түрде жауап береді.» (Хадис ансиклопедиси, 7том, 544-бет) деген.

Халқымызда кішілері үлкендерін сыйлап, әрдайым бір істі бастар сәтінде немесе тәмамдау кезінде бата сұрауды әдетке айналдырып алған. Қазақта батаның түрлері көп. Дастархан батасы: «Басына амандық бер, асына адалдық бер...» деп басталса, жас жұбайларға арналған бата: «Отбасыларының отын сөндіре көрме, жанұяларына жамандық төндіре көрме...» деп басталады. Шілдехана батасы: «Нәрестенің бауы берік болсын, ата –анасына серік болсын...» деп басталса, тұсау кесер батасы: «тұсауың кесілді, құлама, тізеңді жаралап жылама...» деп басталады. Сүндет тойға бата: «Мұсылман болдың қарағым, кәне бері қарағын....», сарбазға бата: «Отан қорғау ісіңде, отты болсын жанарың...» деп басталатын баталар, «діни баталар», «Жорық батасы», т.б. сол сияқты баталардың көптеп кездесетіні соншалық қазақ халқы тек батамен ғана өмір сүріп келген бе дейсің. Әрине Бата – дұға, тілек, жалынып-жалбарыну дегенді білдіреді. Дұға – Алла Тағала мен құл арасындағы қуатты байланыс күші. Ол – құлдың Аллаға ішкі ой-сырын шертуі. Алдынан шыққан қиыншылықтарға дұғаны (бата) қару етіп алған халқымыз оны аузынан тастамай өмірлік жолдас еткеніне тарихымыз куә.

ummet.kz

Бөлісу: