Кейбір есімдерді кейіннен өзгертуге бола ма?

Кейбір есімдерді кейіннен өзгертуге бола ма?

Дәстүр даналығы
Жарнама

Пайғамбарымыз  (оған  Алланың  салауаты  мен сәлемі болсын) жаман (тұрпайы) мағынаны білдіретін есімдерді ұнатпаған, ондай есімдерді жақсы есіммен ауыстырып отырған. Жақсы есімді жақсылыққа жоритын болған.

Мысалы мына хадисте: Айша  анамыз  (р.а.): «Пайғамбар  (оған  Алланың салауаты  мен  сәлемі  болсын)  жаман  есімдерді өзгертетін», – деген (Термези риуаят еткен).

Ибн Омардан жеткен риуаятта: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омардың Ғасия (қарсы шығушы) атты қызының есімін Жәмила (Әдемі) деп өзгерткен» (Мүслім риуаят еткен). Ал Һәни ибн Язидтен жеткен риуаятта:

Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір қауымға келгенде олардың арасында Абдул-хажар (Тастың құлы) есімді біреу болады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан атын сұрап білген соң: «Сенің атың бұдан былай Абдулла болсын», – деп өзгерткен (Ибн Әби Шәйба риуаят еткен).

Есімді  өзгертуге  байланысты  айта  кететін  тағы бір  жайт,  қазіргі  қазақ  қоғамындағы  дін  жолына  бет бұрған  кейбір  мұсылмандар  тым  жақсы  қазақша  аттарын арабшаға өзгертуді әдетке айналдыра бастаған.

Жоғарыдағы хадистерден байқағанымыздай, Алланың Пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  тек  жаман  мағына  беретін  жағымсыз  есімдерді ғана  өзгерткен.  Жағымды  мағына  беретін  есімдерді сол  күйінде  қалдырған.  Ал,  «мен  намаз  оқыдым, дінге бет бұрдым, сондықтан есімім де мұсылманша яки арабша болу керек» дейтін азаматтардың мұндай пікірлері  жаңсақ  түсініктен  шыққан.  Әсілінде,  таза қазақы түбірлі есімдер де мұсылман есімдері, оларды мұсылман  есімдері  емес  деп  айтуға  әсте  болмайды.

Өйткені Алла Тағала адамзатты ұлттар мен ұлыстарға бөліп,  әрқайсысын  өз  ерекшеліктерімен  жаратқан.

«Мұсылман болу үшін тек таза араб тіліндегі есімдерді алу керек, қазақ тіліндегі есімдер надандықтың белгісі» немесе «таза мұсылман аттары емес» деп ойлау осы жаратылысқа қарсы шыққанмен пара-пар. Сондықтан да кейбіреулердің жап-жақсы мағына беретін Берік, Болат, Жанұзақ, Өмірзақ сияқты т.б. қазақ есімдерін арабша Абдуллаға, Әбу Һурайраға, Омарға өзгертулерінің ешбір қисыны жоқ. Бұл – жалаң еліктеушілік. Хадистен аңғарғанымыздай, Қиямет күні әрбір адам өзінің алғашқы қойылған есімімен шақырылады. Ал, халқымыз баласына Серік деген есім таңдағанда, ол Құдайға серік болсын деген мақсатта қоймайды, «алдындағы немесе өзінен кейінгі балаға серік болғай» деген жақсы ниетпен қояды. Егер ата-анасы не туысқаны әу баста есім берерде оның дінге қарсы екендігін білместікпен қойса және кейіннен оның есімін өзгерткісі келсе, оның жайы бөлек.

материал «Дін мен дәстүр» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: