Қазақ дәстүрі: Ауызға түкірту

Қазақ дәстүрі: Ауызға түкірту

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақтың ауызға түкірту деген тағы бір жақсы дәстүрі бар. Ертеде елге аты әйгілі, жыршы-жырауларға, данышпан-ғұламаларға, айналасына пайдасы тиіп жүрген тұлғаларға сәбиін алып барып, аузына түкіртіп алу дәстүрі болған. Мұндағы мақсат балам сол кісідей елге сыйлы, пайдалы адам болса екен дегені.

Әрине, соңғы кездері бұл дәстүр ұмыт бола бастады. Бар болғаны сөз жүзінде ғана қолданылады. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиясында бұл дәстүрге мынадай түсінік береді: «Аузына түкірту – байырғы контагиозды магиялық жосыннан туындаған қазақы ортада таралған рәсім. Беделді тұлғалардың жақсы қасиеттері жас балаға жұғысты болсын деген ырыммен жас баланың аузына түкірту жосынын жасайды. Оның мәні – жасы үлкен, ел сыйлаған, атағы шыққан, мінезі жайсаң елге танымал, ұлылардың жақсылығы жұқсын, сол адамға ұқсап беделді, танымал болсын дегені. Баланың аузына түкірту ырымын жасаған адам баланың ата-анасына ризалық білдіріп, батасын береді. Бұл рәсімді жасауды өтініш еткен жандар әлгі адамға кәде жасайды, сый-сияпат көрсетеді. Сондай-ақ, атақты адамның қонған төсегіне нәрестені аунатып алу үрдісін аузына түкірту ғұрпының бір түрі деп айтуға болады».

Қазақтың осы бір дәстүрінің түп төркінін қазбалайтын болсақ, пайғамбар тәліміндегі балаға тахник жасау сүннетіне барып тірелеміз. Бұл шара исі мұсылманның өмір салтындағы дәстүрлердің қатарынан орын алды. Мұны тахник деп атайды. «Тахник» деп құрманы жартылай шайнап езіп, соны жаңа туған нәрестенің таңдайына жағуды айтады. Бұл – пайғамбардан қалған сүннет амал. Пайғамбарымыз бірнеше сахабаның сәбиіне тахник жасағанын біз тарихтан білеміз. Мәселен, Әбу Бәкірдің (р.а) қызы Әсмә Меккеден Мәдинаға һижрет ету барысында Мәдинадағы Құба деген жерде босанады. Сәбиді Алла елшісіне алып келеді. Расулалла нәрестені қолына алып, оның таңдайына шайнаған құрмасын жағады. Яғни, дүние есігін жаңа ғана ашқан шақалақтың бұл дүниедегі алғаш татқан асы – адамзаттың ардақтысы Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) аузының сөлі араласқан құрма болды. Алла елшісі құрманы сәбидің қызыл иегiне, таңдайына жағып, оған береке тілеп дұға оқыды. Бұхаридің хадис жинағындағы «ақиқа» бөлімінде мынадай риуаят келеді. Әбу Мұсаның (р.а.) ұлы туылғанда Алла елшісі оған Ибраһим деп ат қойып, нәрестенің таңдайына құрма езіп жаққан (тахник), сөйтіп дұға оқып бата берген. Жалпы қазіргі технология дамыған заманда бұл дәстүрдің адам денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз екендігі анықталып отыр. Құрманың құрамындағы заттар сәбидің иммунитетінің күшеюіне ықпал ететіні байқалған.

Бұл рәсімнің беретін әсеріне ХІХ ғасырдың соңғы кезеңінде ағылшын ғалымдары ғылыми зерттеу жасаған. Ол зерттеудің нәтижесі кейінірек 1995 жылы «Британдық медицина журналында» жарияланды. Экспериментке қатысу үшін генерал Лидс (Ұлыбритания) атындағы емхананың босанғаннан кейінгі палатаның дәрігерлері өз уақытымен туылған 1-ден 6 күнге толған 60 нәрестені таңдап алады. Жаңа туған сәбилерді төрт топқа бөледі (оның бірі сынақ үшін). Эксперименттің мәні мынада, сәбилерге әдеттегі қан алу процедурасының алдында ерітіндінің бірінен саусақпен алып тіліне 2 миллилитр береді. Бірінші топқа сахароза ерітіндісінің12,5%-ін, екінші топқа 25%, үшіншіге 50%, ал сынақ үшін делінген топқа тазартылған судан 2 миллилитр береді.

Нәтижеде 25 және 50 % сахароза қабылдаған балаларда қан алғандағы ауруы айтарлықтай басылған және жылауы ұзаққа созылмаған. Бұған қосса (сынақ үшін белгіленген топпен салыстырғанда) жүрек соғысы тез қалыпқа келген. Сахароза ерітіндісінің көп мөлшері жақсы әсер берген яғни, баланың жылауы қант мөлшерінің артуымен тыйылып отырғаны байқалған. Ғалымдардың айтуынша 12,5% сахароза ерітіндісі де айтарлықтай жақсы әсер берген, бірақ салыстырмалы түрде төмендеу. Осы зерттеуге негізделе отырып, жаңа туған сәбидің тіліне жағылған сахароза пайдалы нәрсе деген тұжырым жасалған. Ал құрманың құрамында көп мөлшерде (70%) қант болатынын, сонымен қатар ағзаға керекті микроэлементтер, қан тоқтамауына қарсы тұратын калий болатынын білеміз.

Мұсылман халықтарының ішінде қазақ ерекше ырымшыл халық. Кез келген нәрсені жақсылыққа ырым еткенді жақсы көреді. Пайғамбардың осы тахник сүннеті қазақ арасында кең тараған. Мәселен, Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» атты еңбегінде белгілі ғалым Бейсенбек Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаевтың түкіргені туралы дерек келеді. Бейсенбек Кенжебаев ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысқан, қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектер жазған үлкен ғалым. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай, қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан (19 ғ.) басталады деген жаңсақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

Ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: