Исламмен үндескен дәстүр: «Жеті атасын білген ұл...»

Исламмен үндескен дәстүр: «Жеті атасын білген ұл...»

Дәстүр даналығы
Жарнама

Ислам діні адам баласының ұрпағы, оның ата-тегінің ауыспауы, ұрпақтардың шатаспауы сынды мәселеге өте қатал қараған. Ұрпақтың бақытты болуы, қоғамның бейбіт күн кешуі, адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен құрметтің мол болуы дүниеге салиқалы ұрпақты келтірумен тікелей байланысты екені даусыз.

Салиқалы ұрпақтың өсіп-өнуіне кедергі болатын ауыр күнәнің бірі зинақорлық болғандықтан Алла тағала Құранда «Зинаға жоламаңдар! Ол барып тұрған арсыз жол», деп ескерткен. Зинаға тыйым салудағы көзделген басты мақсат – ата-тектің шатаспауы.

Мұндай арсыз жолға қадам жасап қателескен кісіге дүре соғу арқылы бұл істі қайталамауына һәм қоғамдағы адамдарға сабақ беру мақсатында шариғатымыз қатал жаза тағайындаған. Тіпті ерлі-зайыптылар арасында қандай да бір түсініспеушілік орын алып, екеуі ажырасар болса әйел кісінің өзіне иддет мерзімін күтуге бұйырылған. Бұл әмірдің ар жағында, құрсағында шарана қалды ма, жоқ па соны білу жатқандығы айдан анық. Демек, ислам діні адам баласының тегін қорғауға, біреудің баласын біреуге теліп, әке-шешесінің атымен атамай басқа біреудің бауырына салып беруге үзілдікесілді тыйым салады. «Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар.

Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады. Олардың атын атағандарыңда (өгей әкелеріне телу арқылы) байқамай қателессеңдер, күнәға қалмайсыңдар, сендер тек жүректеріңдегі ниет-пиғылдарың мен қасақана істерің үшін ғана күнәға батасыңдар. Алла құлдарына өте кешірімді, ерекше мейірімді». Ғалымдарымыз Ислам діні адам баласының бес нәрсесін қорғайтындығын алған тартады. Олар:

1. Адамның сенімі;

2. Жаны;

3. Тегі;

4. Ақылы;

5. Мал-мүлкі.

Осылардың ішінде тегінің қорғалуына өте жіті қараған. Ардақты пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Туған-туыстарыңмен араларыңа дәнекер болатын шежірелеріңді жақсылап біліп алыңдар. Туыстық қарым-қатынасты сақтау ағайындар арасындағы сүйіспеншілікке, мал-мүліктің берекесіне, артына із қалдыруға себеп», деген. Осы хадисті түсіндіре келген ғалым Мунауи өзінің «Файдул Қадир» атты еңбегінде: «Өзіне тек жағынан жақын туыстарымен қарым қатынасын үзбеу үшін бірқатар туыстарын тануы керек. Шежіресін осылай білу – мәндүп. Егер уәжіп болатындай жағдай орын алатын болса, онда шыққан тегін білуі уәжіп болады», дейді. Ибн Хазым осы мәселеге қатысты былай деген: «Кісі баласы өзінің кімнен тарайтынын білуі керек. Өйткені, өзіне харам болатын жанға үйленіп қалудан осылайша аман қалары анық. Сондай-ақ, кімге мирас қалдыратынын, туған-туыстық қарым-қатынасты үзбеу мақсатымен байланыс жасау, садақа беру, көмек көрсету жағынан да нәсілін, тегін білгені абзал». Сол себепті ғалымдардың көпшілігі «Адам баласы өзінің жақындарын, ата-тегін білуі керек» деп үкім айтқан. Кей ғалымдар өзінің түп негізін білуді мәндүп амал қатарына жатқызған. Діндегі әдептіліктің өзін міндетім деп білетін ата-бабаларымыз шежірені білу, өзінің ата-тегін тану мәселесінде де өте ыждаһаттылық танытып, тіпті дәстүріне айналдырып алған. Бұл адам баласының текті ұрпақ әкелуіне, қан тазалығына, ұрпақтың дін аман дүниеге келуіне себеп болатын нәрсе екені белгілі.

Қазақ халқының ұғымында айырықша мән-мағынаға ие болған тектіліктің жай нәрсе емес екенін бүгінгі таңда қарыштай дамыған ғылым дәлелдеп отыр. Қанмен келген қасиеттердің түбінде ұрпақтан ұрпаққа беріліп, күндердің күнінде көрініс беретіні мойындалған. Тектілік – кісі баласының бойында бар барлық қасиеттердің ұрпақтан ұрпаққа сабақтастық жолмен берілуі. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабадан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық бейімділіктердің болуын көрсетеді. Тектілік биологиялық қасиет қана емес, нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрінеді. Сол себепті халқымыз «Тегінен нәр алған тозбайды» деген. Өзінің шыққан тегін білу, жеті атасын танып, тегінің кім екенін білу қазақ халқының ең басты дәстүрлерінің бірі деуге болады. Мұның да жайдан жай айтыла салған яки балаға қалай болса солай жаттатыла салатын нәрсе емес, ұрпақ тазалығын, ұлт болашағын ойлаудан келіп шыққан дәстүр екенін уақыттың өзі дәлелдеп жатыр.

Тектілікке ерекше мән берген халқымызда қонақ өз руын, аталары мен нағашы жұрттарын таныстырғаннан кейін, екі жақ өздерінің ата тектеріне ішінде қайсысының аты елге ерекше танымал болғаны жөнінде сөз қозғайды. Қонақ өзінің ата-бабаларының ішінде қайсыбірі атақты батыр немесе би, қайсысы мыңғырған мал айдаған бай немесе оқымысты-білімдар болды т.б. жайлы сөз етеді. Сондай әңгіме-дүкен кезінде әлгі қонақтың атасының яки бабасының батыр немесе халыққа жақсылығы өткен қасиетті адам болғанын біледі де: «О-о, батырдың тұқымынан екенсің ғой» не «Бәсе, текті әулеттің ұрпағы екен ғой» деген түсінік қалыптасып, ерекше құрмет көрсетіледі. Яғни, ата-бабасының қоғамдағы ерекшелігі әлгі қонақтың тектілігінің тікелей бір көрсеткіші болып табылады.

Бір сөзбен айтқанда, ұрпақ – ата-ананың, қоғамның, елдің айнасы. Тектілік деген киелі ұғымды ата-бабамыз ежелден қастерлеп, оны атадан балаға мирас етіп қалдырған. Осы ұғым арқылы ұлдарын ержүрек, қыздарын ибалы етіп тәрбиелеген. Ұрпағына жеті атасын, руын, шыққан тегін үйретуді парыз санаған. Бұл тегіннен тегін емес. Осы орайда «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер», «Қыз алсаң тектіден ал», «Текті жерден қыз алсаң, төрден орын аларсың, тексіз жерден қыз алсаң, ұятқа көп қаларсың» деген ұлағатты сөздер де бекерге айтылмаған. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дейді халық даналығы. Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік зор мәні болған. Өйткені, қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғылар бір бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрау осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласының өз ата-тегін білуі тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған.

Жеті ата әкеден төмен емес, жоғары қарай таратылады:

1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

Жеті атаға жіктеу – қан тазалығын сақтау. Мұндай үрдіс әлем бойынша тек қазақтарда ғана бар. Ол да болса халқымыздың ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін ұлағаттылығының бір белгісі десек болады.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: