Исламмен үндескен дәстүр: Жерлеу және қабір тұрғызу

Исламмен үндескен дәстүр: Жерлеу және қабір тұрғызу

Дәстүр даналығы
Жарнама

Жұмыр басты пенденің өлімнен қашып құтылмайтыны белгілі. Жаратқан Алла әркінің тағдырына өлшеулі өмір жазған. Дінде сол үшін ажалдың жасы кәрісі, ертесі кеші болмайды деген қағида бар. Өлшеулі ғұмыр ішінде Алланың берген рызығы мен нығметін ішіп-жейтіні белгілі. Мәңгілік бір Аллаға жарасқан демекші, дүниедегі бес күндік қонақтық ғұмыр бітеді. О дүниеге аттанған сәтті естігенде бабаларымыз «дәм-тұзы таусылған, талқаны таусылған» деген сөзді жайдан жай айтпаған. Өйткені Құранда өлшеулі ризығы таусылмай ажалы келмейтіні айтылған.

Ислам діні бойынша марқұмды жерлеудің шариғи үкімі – парыз кифая. Себепсіз мәйіт көмілмей қалса, сол аймақтың тұрғындарына күнә болады. Егер нақты бір топқа жерлеу рәсімі міндеттеліп, олар да оны себепсіз жүзеге асырмаса, әлгі топ түгелдей күнәһар болмақ. Өйткені олар шариғат бойынша Алланың әміріне қарсы шыққан болады. Мәйіттің ер немесе әйел кісі, нәресте немесе жасы үлкен кісі, шәһид яки шәһид болмауы үкімді өзгертпейді. Бәрі де жерленуі тиіс.

Ежелден келе жатқан бабалар дәстүрі бойынша, өлім, қаза бір адамның не жеке отаудың қайғысы емес, ағайын тума, ел-жұрт болып көтерісетін қаралы жиын. Сондықтан «ағайын бірі өлі, бір тіріде» деп қайғылы хабарды естіген барлық туыстар, жора-жолдастар, жанашыр қауым түгелдей қаралы үйге жиналған. «Торқалы той, топырақты өлімде» түгел бастары қосылып, марқұмды арулап шығаруға кіріседі. «Ағайынның азары болса да, безері болмас» демекші ағайын арасындағы дау-дамай тоқтатылып, жаназа мен жерлеу рәсіміне кіріседі. Жаназаға шақырылған ауылдың үлкендері шариғатқа сай ақылдаса отырып, 5 немесе 7 атадан бір-бір адамның сүйекке түсуін сұрайды. Кейбіреулердің өлер алдындағы өситетіне сәйкес алдын ала белгіленген сүйекке түсетін адамдар мүмкіндікке сай кіретін болады. Сол секілді көбіне марқұмның туыстарынан 7 адам таңдалады.

Шариғат бойынша сүйекке кіретін адам санына қатысты нақты талап жоқ. Шамасы келсе бір адам да жуа алады. Алайда қазақ дәстүріндегі 5 немесе 7 адам деген мәселе ойдан шығарылмаған сан деп білеміз. Дәстүрімізде көп жағдайда сүйекке кіретін адам саны 7 адам болады әрі ол кісілердің бәрі марқұмның ет жақын туыстарынан таңдалады. Бұл дәстүрдің де өзіндік себебі мен сүйенетін негізі бар.

Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) 632 жылы 8 маусым күні қайтыс болғанда жуындыруға 7 адам түседі. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ет жақын туыстары еді. Себебі ардақты Пайғамбарымыздан (с.а.с.) көзі тірісінде: «Ей, Алланың Елшісі! Сізді кім жуындырсын?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Отбасымнан жақындығына қарай ең жақын болғандар», – деп жауап береді. Пайғамбарымызды (с.а.с.) жуындыру ісімен әзірет Али, Аббас б. Абдулмутталиб, Фазл б. Аббас, Қусам б. Аббас, Усама б. Зәйд және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) азат еткен құлы Шукран (Салих) айналысады. Осы тұста ансарлықтар осынау ұлық іске қол ұшын беруді сұрайды. Олардың ұсынысын әзірет Али қабыл алып, өкіл ретінде Әус б. Хаулиді ішке алады. Міне осылайша Пайғамбарымызды (с.а.с.) жуындыруға 7 сахаба кірген еді.

Мәйітті шариғатқа сай жерлеу – парыз кифая. Шариғат бойынша қабірді аң қаза алмайтындай және өлік иісі шықпайтындай терең қазу – уәжіп. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кең қылып, терең етіп қазыңдар», деген. Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы бойынша қабірдің тереңдігі кем дегенде белуардан келетіндей болуы қажет. Бұдан тереңірек болуы абзалырақ. Жер қыртысы қатты болса, лақат жасау (астын үңгілеп қазу) – сүннет. Лақат қабірдің төменгі құбыла жағынан кеңірек етіп, қазылады. Ал жер қыртысы жұмсақ болса, лақат қазу қажет емес. Қазихан Махмуд әл-Узғандидің пәтуасында: «Жер жұмсақ болса, лақат қазбай-ақ, қабірдің ортасын төмен қарай тағы да қазып, ішіне мәйітті қойып үстін және айналасын кесек қышпен қалау керек», делінген. Дәстүрімізде де бұл талап жүзеге асып отырғаны белгілі. Бұл талап қабір қазылғанда топырақтың тығыздығына байланысты әр аймақта әртүрлі орындалып отырған. Мәселен көбіне топырағы тығыз әрі қазылуы оңай оңтүстік аймақта (Шымкент, Жамбыл, Алматы) ұзындығы 2,5 метр, ені 1,8 метр, тереңдігі 2 метр қазылса269 , Ақмола аймағындағы бабаларымыз қабір қазғанда ұзындығы 3 аршын, ені 1 аршын, тереңдігі 1,5 аршын етіп қазған. Онымен бітпей, батыс тарапынан жарты аршын төменінен ойық етіп, ішкі үй қазылады.

Дін бойынша жер қыртысына байланысты қабір қазудың бірнеше түрі бар. Сол секілді қазақ халқында қабір қазудың да 5 түрлі формасы болған.

1. «Шам ақым» – әдетте бір кісіге емес, бірнеше кісіге арнап, яғни бірата әулетке арнап қазылады. Мұндай қабірге марқұмдар қаз-қатар қойылған. Оның арнайы есігі болады. Мұндай қабір ертеректе пайдаланылған. (Осындай қабір түрі қазіргі таңда Мысыр елінде бар. Әр әулетке арналған жертөле етіп қазылып, қайтыс болған әулеттің адамдарын қояды. Онда топыраққа көмілмей, ашық күйінде қалады).

2. «Жан ақым» – ұзындығы 2,5 метр, ені 1,8 метр, тереңдігі 2 метр қазылып, құбыла тарыпнан ішкі үй қазылады. Ішкі үйде бір кісі көсіліп жатса бас-аяғы тимейтін, отырса төбесі тимейтіндей етіп қазылған қабір.

3. «Жарма ақым» – көбіне топырағы жұқа, саздауыт өңірлерде қазылатын қабір түрі. Қазу формасы «жан ақыммен» бірдей болып, тереңдігі 1,5 метр шамасында қазылып, құбыла тарапынан мәйіт жатқызуға келетіндей етіп жандатпа қазылады. Сол жандатпаға мәйітті қойып, шикі кірпішпен немесе қалың тақтаймен бекітіледі. Бұл әдіс еліміздің батыс аймағында кеңінен қолданылады. Ел аузында олай қазу түріне «жандатпа» деп аталады.

4. «Тік ақым» – таулы, тастақты өңірлерде және құмды жерлерде қазылатын қабір түрі. Тереңдігі 1,5 метр етіп, жер ошақ секілді қазылады. Мәйітті қойған соң, ағашпен, жалпақ тастармен бүркемелеп қалайды. Құмды жерге ошақ пішіндес дөңгелектей қазылады да бетіне ағаш төсеп, қамыспен бекемдеп бекітеді.

5. «Ошақ көр» – нәрестелерге, балаларға қазылатын қабір. Қабірдің ұзындығы мен ені, тереңдігі 1 метр шамасында қазылады. Ішкі тарапына жарма жасалады. Дәстүр бойынша мәйіт бейіт басына апарылған соң, марқұмның ет жақыны қабір ішіне кіріп көреді. Мәйіт иесі мақұлдаған соң ішкі үйге екі адам кіріп, сырттағы адамдардың көмегімен мәйітті қабірге алдымен аяғын қаратып кіргізеді.

Түсіру ыңғайлы болу үшін ақыреттік жіптері пайдаланылады. Егер әйел кісі болса, күн көзінен және сырт көзден сақтау мақсатында мәйіттің үстінен матамен немесе үстіне жабылған кілеммен қалқалап тұрады. Мәйітті қабірге оң жақ бүйірімен жүзін құбылаға қаратып қояды. Мәйітті табытқа салып жерлеу – мәкрүһ, тек оған жер құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Сосын мәйіттің үш жерінен буылған белбеуін шешеді, жүзін құбылаға қаратып қисайтады. Себебі мәйітті қабірге қойғанда жүзін құбылаға қаратып жатқызу – уәжіп. Мәйітті құбылаға қаратып, оң жақ бүйіріне жатқызар кезде: «Бисмилләһи уа ъалә милләти (суннәти) Расулилләһи» (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – деп айту сүннет. Абдулла ибн Омардан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Мәйіттеріңізді қабірлеріне қойған кездеріңде: Бисмилләһи уа ъала суннәти расулиллаһи деңдер» (Ибн Хиббан риуаяты).

Топырақ салу: шариғат бойынша мәйіт лақатқа қойылған соң үш уыс топырақ салуы – мұстахаб. Сол топырақты мәйіттің бас жағына тастайды. Әбу Һурайра: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір жаназаға намаз оқыды. Сосын мәйіттің қабіріне келіп, оның бас жағына үш уыс топырақ тастады», – деген (Ибн Мәжә риуаяты). Ал мәйітті лақатқа қойған соң бірінші уыс

тастағанда: «Минһә холақнакум» (Біз сендерді әуелде топырақтан жараттық) – деп, екінші уыс тастағанда: «Уә Фиһа нуъидукум» (және топыраққа қайтарамыз), ал үшіншісін тастағанда: «Уә минһә нухрижукум тәратан ухра», (және топырақтан қайта шығарамыз), – деп айту – мұстахаб. Дегенмен топырақ салу мәселесінде еліміздің қай аймағы болмасын, жиылған жамағат бір уыс топырақ салуды әдетке айналдырған. Жерлеу барысында күректі қолға бермей, жерге қою шариғатта міндеттелген талап емес.

Марқұмды жерлеп болған соң қалыптасқан дәстүр бойынша имам Құран оқып, сауабын марқұмға бағыштайды. Елімізде қабір басында Құран оқу мәселесінде «Мүлк» сүресін оқу дәстүр болып қалыптасқан. Бұның да дінде негізі бар екенін айта кетуіміз қажет. Бұл дәстүр Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінен өрбіген.Ибн Аббастан (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі бір қабірдің үстіне оның қабір екендігін білмей шатырын тігеді. Сөйтсе бір кісінің «Мүлік» сүресін басынан аяғына дейін оқығанын естиді. Ол Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып: «Уа, Расулалла! Мен шатырымды білмей қабірдің үстіне тігіппін. Сөйтсем, оның ішінде бір адам «Мүлік» сүресін аяғына дейін оқып шықты», – деп бұл істің мәнісін сұрайды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында ол («Мүлік» сүресі) қорғаушы һәм құтқарушы, оны (мәйітті) қабір азабынан құтқарады», деген (Тирмизи риуаяты).

Қабірге құлпытас қою: Мәйітті жерлеген соң ысырапқа жол беріп, күмбездер салу, атағын шығару үшін бәсекелесу шариғатымызда жоқ.Жерлеген уақытта қабірдің топырағы түйенің өркешіндей биіктікте ғана жерден көтерілуі тиіс. Қабір тек өз топырағымен ғана көміледі. Сырттан басқа топырақ қосу, үстін тегістеп, цементпен құю – мәкрүһ. Өйткені Сахаба Жәбирден жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірді гипстеуге, үстіне құрылыс салуға әрі үстіне отыруға тыйым салды», деген (Мүслім риуаяты). Шариғат бойынша қабірді жоғалтып алмау мақсатында үстіне белгі (құлпытас, ағаш) қойып, марқұмның аты-жөнін жазып қоюға рұқсат беріледі.

Осман ибн Мазғұн есімді сахаба қайтыс болып жерленген соң Пайғамбар (с.а.с.) бір кісіге тас әкелуді бұйырды. Әлгі кісі оны көтере алмады да, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі білегін түріп, тасты көтеріп, (Османның) бас жағына қойды. Сосын: «Осы (тас) арқылы (сүт) бауырымның қабірін белгілеймін әрі оның қасына отбасымнан қайтыс болғандарды жерлеймін», деген». Демек, қабiрді белгілеу үшін үстiне аты-жөні жазылған құлпытас немесе ағаш қоюға немесе тал егуге болады. Құлпытастарға марқұмның бейнесін салу, мүсінін қашап қоюға рұқсат етілмейді. Мұндай әдеттер мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Дінімізге кейіннен енген мұндай жат, кірме әдеттерден арылу қажет. Олай дейтін себебіміз өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап құлпытастарға шариғатта жоқ әдет қалыптасты. Яғни марқұмның суретін қою етек алды276. Міне сол уақыттан бері қазақ даласындағы қабірстандарда құлпытасқа сурет салу әдеті жалғасып келеді.

Шариғатта қабірді басу күнә болғандықтан адам, жануар үстін таптамау үшін қоршауға рұқсат етілген. Егер қабірстанның сырты толықтай қоршалса, онда марқұмның басына құлпытас, яғни белгі қоюмен шектелу керек. Ал қорым толықтай қоршалмаса, аяқасты қалып, жан-жануардың таптамауы үшін шектен шықпайтындай етіп қоршауға рұқсат беріледі. Құлпытас орнату мен қабірді қоршауда шариғат талабынан артық кету, ысырапшылыққа жол бермеген жөн.

материал «Қазақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының

ислам шариғатымен үйлесімі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: