Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері

Дәстүр даналығы
Жарнама

«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», - деген ұлы адамдар. Қазақ халқының ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Оның көркем үлгілері әлемнің этнографиялық мұражайлары мен көрмелерінен орын алған. Ұлт мәдениетінде бағалы киімдер сый-сыяпат, дипломатиялық қатынастарда ескерткіш, белгі ретінде жүрген. Ат, шапан құрметтеудің көрінісі деп бағаланған.

Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар.

Тымақ – ерлердің қысқы баскиімі. Оны аңның, малдың терісінен тігеді. Түрлері: түлкі тымақ, елтірі тымақ, сеңсең тымақ, пұшпақ тымақ. Бұрын қазақ елі қай жүздің, қай рудың адамы екенін тымағына қарап та таныған. «Ескілік киімі» деген өлеңінде данышпан Абай былай деп жырлаған:

Күләпара бастырған, пұшпақ тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

Тобылғыдан кесіп ап, жіппен қадап,

Артын белге қыстырған бар құрысақ.

Тымақ – қасиетті баскиім. Оны айырбастауға болмайды, оған аяқ тигізбейді. Жақсы кісілердің тымағы атадан балаға мұра есебінде қалып отырған. Бұрынғы кезде қазақтар шала туған баланы неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, кереге басына іліп қоятын болған. Бұл – тымақтың қадірі мен қасиетін бейнелейтін көрініс.  

Ұлтымызға жарасатын баскиімнің бірі – бөрік. Көмкерілген тері түрлеріне қарай кәмшат бөрік, құндыз бөрік, жанат бөрік, сусар бөрік, түлкі бөрік, күзен бөрік деп аталады.

Бұл бас киімді ерлер де, қыздар да киеді. Қыздар киетін бөрік дөңгелек төбелі немесе конус тәрізді биіктеу болып келеді. Сәндік үшін төбесіне үкі, жиегіне моншақ, шашақ, түрлі асыл тастар, түйме, оқа, зер, күміс тағылады.

  Жас жігіттер мен сал-сері ақындар бөркіне үкі тағып, зерлеп, өрнектеп киген. Мысалы, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы бөріктерінің төбесіне үкі тағып жүрген.

Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем баскиім. Дәстүр бойынша сәукеле тек ұзатылған қыздарға ғана киігізіледі, оны айырбастамайды, басқаға киюге беруге болмайды.

Сәукелені өте шебер әйелдер ғана тігеді. Ұзатылған қыздың дәрежесі осы сәукелесіне қарап бағаланады. Әрине, мұндай бағалы баскиімді байлар мен өте ауқатты адамдардың қыздары ғана киген.

ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүз Сапақ бай құда болыпты. Байсақал құдаларына қызының сәукелесін  жіберіп: «Басқа ештене сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды», - депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: «бұл сәукеленің бағасы бес жүз байтал болады екен, сондықтан қызының қалыңмалы без жүз жылқы болсын», - деп кескен екен. (Бұл дерек ғалым, этнограф, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінен алынып отыр. «Қазақ әдебиеті» газеті, 9 қаңтар, 1996ж.).

Тон – қойдың терісінен тігілетін қыстық жылы киім. Тон тігісіне, үлгісіне қарай қималы, бүрмелі деп аталады.

Тонның ең әдемі, жылы, қымбат бағалы түрі – қамқа тон. Оны бұрын хан, би, бай, мырза, ханша сияқты ауқатты, белгілі адамдар ғана киген. Абылай ханның ұрпақтары ХІХ ғасыр басында аққу терісінен қамқа тон тіккізген. Уәли хан өлгенде оның қамқа тонын Айғаным ханша ханның сыйлас замандасы Байдалы биге кигізген.

Жақы – ертеректе ауқатты адамдар киген, қазір өте сирек кездесетін жағалы әрі асыл киімдердің бірі. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен, құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөлінеді.

Шапан – қазақтың ежелгі кәделі киімі. Ол – арасына жүн немесе мақта салынып, сыртын шұға, барқыт сияқты әдемі әрі мықты мақтамен қапталып, ішін астарлап тігетін жылы киім. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» тәртіп бұзған адамдарға ат немесе шапан айып тарттырып жазалауда қазақтың тұрмысында шапанның зор маңызы бар екен дәлелдейді.

Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырткиім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісінде пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма жаға, тік жаға салады.

Ботаның нмесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жастар мұны сәндікке киген.

Ішік – сәнді әрі жылы киім. Мұның сыртын берік матадан, ішін аң, мал терілерінен тігеді. Қазақтың әдет-ғұрпында ішіктің алатын өзіндік орны бар. Мысалы, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастарға киюге болмайды. Сол сияқты екі адам боранды күнде адасып, қасқыр ішікті адамның жанындағы кісі үсіп өлсе, онда өлген кісінің туыстары қасқыр ішікті кісіден кұн даулауға хақысы бар, өйткені бір қасқыр ішік екі адамды суыққа бермейді.

Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сырты берік бір түсті матадан тігілетін жылы әрі қарапайым киім. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан, мұны бұрынғы қазақтардың бәрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.

Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі ерлердің баскиімі. Бұл киім бірнеше сайдан (құрамнан) құралып, жиегі қайырмалы болады. Сайлары ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, төбесіне салбырап тұратын шашақ тағылады. Мұны көбінесе белгілі, лауазымы биік адамдар киген.

Қамзол – әйелдердің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға, мауыты т.б.маталардан әсем безендіріліп тігілетін киім. Жағалы, жиекті, жеңді немесе жеңсіз тігіледі. Өңіржиек, алқа, тұмарша, үкіаяқ т.б. алтын, күміс зергерлік бұйымдары тағылады, қапсырмалы, түймелі болады. Жағасына, етегіне зерлі оқалар, өрнектер жүргізіледі.

Жаулық – ақ матадан жасалатын әйелдердің ең негізгі баскиімі. Әз әжелерді, асыл аналарды ардақтап, ақ жаулықты деп атайды. Жаулық – қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болғандықтан әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде мұндай жаулықтарды көбінесе бәйбішелер киген. Әжелер иығынан асып тұратын кимешек те киеді. Оның алдыңғы жағы түрлі түсті ою-өрнекті болады.

Белбеу – ерлер де әйелдер де қалың киім сыртынан буынатын өте қымбат бағалы зергерлік бұйым. Ер адамдар белбеуі жалпақ етіп жасалады. Әйелдер белбеуі жұқа әрі жіңішке болса да, өте сәнді, жұмсақ болады. Ұзарып, қысқарып тұратын ілгектер арқылы буынады. Берік маталарды да бірнеше қабат орап, белбеу ретінде пайдаланады.

Жарғақ шалбар – ешкі терісінен тігілетін еркектер киімі. Байлар, мырзалар, жас жігіттер сәндік үшін киген. Мұндай шалбарлар әдемі әрі жеңіл болады, бағалы киім қатарына жатады.

Етік – былғарыдан, құрымнан тігілетін ерлер мен әйелдердің аяқкиімі. Түрлері: жым етік, қисық табан етік, жәй табан етік, шоңқайма етік. Мұны қыста да, жазда да киеді. Ерлерге арналған, қонышы тізеден асып, қара санға дейін жететін етік жырым етік, ішіне байпақ салатын етікті байпақты етік дейді. Соңғы екі түрін еркектер қыста ғана киген. Етікшілер мұндай етіктерді тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегелеп тігеді. Кейбір шеберлер сықырлап жүрсін деп етік ұлтанына тоз салады. Мұндай етікті сал-серілер мен бозбалалар киген.

 

Сейіт Кенжеахметұлының

«Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан

Бөлісу: