Құтты білік және хадис

Құтты білік және хадис

Дәстүр даналығы
Жарнама

Қазақ халқының діни өмірінде хадис пен сүннеттің атқарған рөлін анықтау үшін халықтың Ислам дінін қабылдаған кезінен бастап, тәуелсіздік алғанға дейінгі уақыт аралығын үш кезеңге бөлдік: 1) Қазақ хандығына дейінгі кезең (қазақ даласына Ислам діні келгеннен бастап, қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезең); 2) Қазақ хандығы тұсыңдағы кезең (XV ғасырдан бастап XX ғасырға дейінгі кезең); 3) Кеңес өкіметі кезеңі.

Осылайша кезеңдерге бөліп қарастыру қазақ мәдениеті мен діни өмірінде хадис пен сүннеттің рөлін анықтау ісін біршама жеңілдетеді. Ислам дінімен түркі халықтары VIII ғасырларда-ақ таныса бастаған. Осы кезеңнен бастап олардың мәдениетіне өз үлесін қосып, діни өмірінде маңызды рөл атқарған Ислам діні моңғол шапқыншылығына дейін Мәуереннәһрде Бухари, Тирмизи, Матуриди, Кәләбази, Түркістан аймағында Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иүгінеки секілді ғұламаларымен алтын дәуірін бастан кешірген.

Түркі халықтары Ислам дінін қабылдағаннан кейін түркі әдебиетінің жаңа үлгілері туындаған. Біз осы әдеби шығармалардың тек үшеуіне ғана тоқталып өтуді жөн көрдік. Бұлар − Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» және Ахмет Йассауидің «Хикметтері». Бұл үш тұлға да қазақ топырағында өмір сүргендіктен қазақ ұлысын құраған тайпаларға олардың әсерінің көп болғанын айтуға болады. Аталған шығармалардан авторларының діни білімі жоғары болғандығын көре аламыз. Аяттар мен хадистерді жақсы меңгергендіктері және оларды шығармаларында тікелей немесе мағыналай қолданулары – осының айқын бір көрсеткіші. Кез келген адам қоғамдағы құбылыстарға, дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен мәдениетке тәуелді болып, олардың әсерлерінен тыс қалмайтынын ескерсек, бұл үш шығарма олардың өмір сүрген ортасын суреттеп, сол кезеңде қазақ даласында Ислам дінінің ықпалы және халықтың діни ахуалының қандай деңгейде болғанын ұғынуға жол ашады.

Жүсіп Баласағұн және «Құтты білік»

«Құтты білік» – аты айтып тұрғандай, адамдарға екі дүниеде де құтты, пайдалы болу үшін тура жол- ды көрсету мақсатымен жазылған шығарма. Ал, бұл асыл жол – Құран Кәрім және сүннет жолы. Ақын шығармасында осы екі негізгі қайнар көзге аудармашы болып, түркі халықтары түсіне алатын тілмен оларға жеткізбек болған. Мысалы, кітабының хазірет Пайғамбарға (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) мадақ айтқан бөлімінде оның сипаттарын:

Рахымды ием пайғамбарын жіберді,

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.

Түнек түнде шамы болды халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты жарықтың!

Ол құдайдың елшісі, елім, білгейсің,

Сен содан соң тура жолға кіргенсің, – деп көркем тілмен баяндайды. Алла Елшісін (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) адамзаттың ең ізгісі, ел сарасы деп, пайғамбар етіп жіберілгеннен кейін жатпай-тұрмай үмбетінің тілеуін тілегенін, сол үшін басына келген қайғы-бейнеттің бәріне төтеп бергенін айтып, қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы, жібек мінезді, ақылды, ақ пейілді, жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі, қара жерде де, көкте де әзіз, бастаулардың басы, пайғамбарлардың соңғысы деп суреттейді. Ақынның бұл өлең шумақтарынан Пайғамбарымызға деген ыстық ықылас пен терең сүйіспеншілікті көруге болады. «Пейіл бұрдым енді оның жолына» деп Алла елшісінің (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) жолы адамдарды бақытқа жетелейтінін, «Сүйдім сөзін, сендім ділі соңына» дей отырып, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) хадистері мен сүннетін ұстануды халыққа уағыздайды. Өйткені сүннет − Ислам дінінің екінші басты тірегі.

Ақынның классикаға айналған осы шығармасын саралағанда тікелей жүзге жуық хадисті қолданғанын көрдік. Сонымен қатар, ақынның кейбір ой-пікірлері хадистердің мағынасымен үйлесім тауып жатса, кей жерде айтқан ойларының тікелей хадистерден туындағанын байқауға болады.

 Енді ақынның шығармасында хадистерді қалай қолданғанын, оларды халықтың көкірегіне құйып, «өмір» атты даңғыл жолда дәстүр етіп ұстануын қалай насихаттағанын байқау үшін «Құтты біліктен» үзінділер берейік. Мына өлең жолдарында:

  1. «Бай боламын десең жерді еңсеріп, Көңіліңді байытып ал, ей серім!» – деп Жүсіп Баласағұн Пайғамбарымыздың төмендегі хадисін айтады: «Шын байлық малдың көптігінде емес, көңілдің байлығында.» (Бухари, Риқақ,15)
  2. «Намазға ұйы жамағатпен, қарағым, Кедейлерге арна жұма намазын». Бұл шумақ түпнұсқада былай: «Жемаат биле қыл фариза намаз Чығайлар хажы қыл адына намаз», − деп келген. Бәйіттің сөзбе-сөз аудармасы: «Парыз намаздарын жамағатпен оқы, Кедейдің қажылығы – жұма намазын оқы».

Парыз намаздарын жамағатпен оқуға үгіттеген хадисінде Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) былай деген болатын: «Бір адамның жамағатпен оқыған намазының сауабы үйінде немесе сыртта оқыған намазынан жиырма есе көп». (Муслим, Мәсажид,272) Ал, шумақтың екінші жолында автор «Кедейдің қажылығы – жұма намазы», – деген теңеуімен төмендегі хадисті меңзейді: «Жұма намазы – кедейлердің қажылығы». (Дәйләми, әл-Фирдәус, II, 116-б.)

  1. «Мұсылман үшін бұл дүние түнек,

Күдер үз, қайырым іздеме жүдеп».  Хадисте: «Бұл дүние мұсылман үшін түнек, кәпір үшін жаннат» (Муслим, Зухд, 3; Тирмизи, Зухд, 16)

  1. «Мұсылманға мұсылман, біл, туысқан,

Туысқанмен жұлыспай, жөн, ұғысқан».

Хадисте: «Мұсылман – мұсылманның бауыры, оған зұлымдық жасамайды, оны қатерге тастамайды». (Бухари, Мәзалим, 3; Муслим, Бирр, 58.)

  1. «Алыстаса сенен туыс-қарындас,

Ей, бауырым, оларға өзің жақындас.

Егер, күшті күш көрсетіп қинаса –

Кешір оны, діннің жолын сыйласаң».

Хадисте: «Сенен алыстағандарға сен жақында, саған бермегендерге сен бер, саған зұлымдық жасағандарды кешір». (Әбу Дәуд, Әдеп, 3)

  1. «Елік айтты: – Шыда Айтолды, сабыр ет,

Кесел-күнәң... алыс саған ақырет».

Бұл шумақ түпнұсқада: «Илиг айды ай толды ивме серин, Иг ол бу йазуқларқа йулғы йарын», − деп келеді. Шумақтың сөзбе-сөз аудармасы: «Әй, Айтолды, асықпа, сабыр ет, Ауруың ертең күнәларыңа төлем болады». Ал, хадисте: «Мұсылманның басына келген қиыншылықтар мен аурулардың бәрі оның күнәларына кәффәрәт (күнәлардың өтемі) болады, тіпті аяғына батқан бір тікенге дейін». (Бухари, Тыб, 1; Муслим, Бирр, 14)

  1. «Ұл мен қыздың өнегесі ата-ана,

Бәрі бізден – дұрыс па, әлде қата ма». Хадисте: «Әрбір жаңа туылған нәресте пәк күйінде туылады, кейін ата-анасы оны яһуди, христиан немесе отқа табынушы етіп жібереді». (Бухари, Жәнаиз, 80)

  1. «Таза Күні – падишасы ғаламның,

Тазалықпен тарар даңқы адамның».

Шумақтың түпнұсқадан сөзбе-сөз аудармасы: «Тәңірі тазалықты жақсы көреді, Тазалықпен адам жақсы ат алады». Хадисте: «Алла – сұлу, сұлулықты сүйеді; Алла – таза, тазалықты жақсы көреді». (Тирмизи, Әдеп, 41)  

  1. «Дүниенің үш мәні бар бағарлық:

Бірі – адалдық, шүбә және арамдық.

 Адалға – есеп, арамға – азап бұйырар,

Шүбә болса – сақтан, қарап түйіп ал!»

 Хадисте: «Адал да белгіленіп қойған, харам да белгіленген. Екеуінің арасында адал ма, харам ба екені белгісіз шүбәлі нәрселер де бар. Адамдардың көпшілігі мұны біле бермейді. Шүбәлі нәрселерден сақтанған адам дінін және намысын қорғаған болады». (Бухари, Иман, 39; Муслим, Мусақат, 20)

  1. «Сұқкөз көзі тоймас дүние-малға онша,

Аясына топырақ толып болғанша!»

Хадисте: «Адам баласының екі сай тола дүние-мүлкі болса, үшіншісі тағы болса дейді. Адам баласының көзін топырақтан басқа еш нәрсе толтыра алмайды». (Бухари, Риқақ, 10)

 Ақын оқырманын имандылыққа, жан тазалығына тәрбиелеуде құр насихат емес, мұсылмандардың Құраннан кейінгі дәлелі – хадистерді қолдана отырып, Ислам дүниесінің негізгі ой қазығын адамдар санасында жаңартып, жаңғыртып, осылайша халықты мұсылмандықтың ізгі нұрымен сәулелендіре түседі. Әрі ақынның хадистерді қолдану барысында көп жерде «Хазірет Пайғамбар былай деген еді» деп жатпай, тікелей өлең шумақтарының арасына енгізіп жіберуі сол кезеңдегі халықтың бұл хадистерден хабардар екенін көрсетеді.

Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет - салтымыз» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: