Хадистерден туындаған мақал-мәтелдер

Хадистерден туындаған мақал-мәтелдер

Дәстүр даналығы
Жарнама

Мақал-мәтелдерді зерттеп қарағанымызда кейбір мақал-мәтелдердің хадистердегі ойлардан туындағанын көруге болады. Оларды хадистердегі ойдан туындаған деп кесіп айтуымыздың себебі – бұл мақал-мәтелдердің діни мотивтерді қамтуы және шариғат үкімдерімен үндесуі.

Сондықтан мұндай мақал-мәтелдерді хадистердегі ойдан, хадистерден шығатын үкімдерден туындаған деп сенімді түрде айта аламыз. Мысалы, Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Өтіріктен сақтан. Себебі өтірік пен иман бір жерде болмайды,»[1] – деген. Осы хадисті атам қазақ: «Өтірікшіде иман жоқ» деп мақалға айналдырып, өскелең ұрпағына өтіріктен бойын аулақ ұстауды ескерткен. Қоғамға кеселін тигізіп, ауызбіршілікті бұзатын кесірлі мінез-құлықтың бірі – тәкаппарлық. Пайғамбарымыз бұл жайында: «Тәкаппарлығынан киімінің етегін жерге сүйретіп жүргендерге Алла қиямет күні назарын да салмас,»[2] – деген. Ал, халқымыз осы хадистен оймақтай ой түйіп: «Тәкаппарды Тәңірі сүймес» – деген мақалын айтқан.

Өзінің маржан сөздерінде әлеуметтік өмірдің қыр-сырын толық қамтыған Алла Расулы (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) бұл салаға қатысты кейбір үкімдерді хадистерінде баяндап өтеді. Мысалы, ол: «Алла Тағала үмбетімнен қате, жаңылыс және мәжбүрлікпен жасағандардың жазасын кешірген»[3] – деп, үш мәселеде жаза берілмейтінін баяндаған. Осы хадистің пікіріне сүйенген халқымыз: «Жаңылысқанға жаза жоқ» деп, кейінгі ұрпаққа мақал қалдырған. Үмбеттің ардақты Ұстазы (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) әлеуметтік қарым-қатынас жайлы хадистерінде былай дейді: «Егер біреуіңіз қонаққа шақырылса барсын»[4], «Шақырылған жерге бармаған адам Аллаға және Оның Расулына қарсы келген болады»[5]. Осы хадистерден шығатын үкімді мақал-мәтелге айналдырған халқымыз былай деген: «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма».

Ал, енді жолдастық қарым-қатынас жайлы Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) былай деп өсиет еткен: «Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұқсайды. Әтіршінің қасында болсаң жақсы иісті иіскейсің немесе жақсы иіс үстіңе жұғады, от жағушының жанына барсаң не көйлегің жанады, иә болмаса жаман иісті жұтып қайтасың»[6]. Осы хадисті халқымыз мақалдатып, қысқа да нұсқа: «Жақсымен жолдас болсаң нәсібі жұғар, жаманмен жолдас болсаң кесірі жұғар» деген.

Әлеуметтің қамын жеген адамзаттың Ардақтысы (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) көршілер жайын да ұмытпай, бір хадисінде былай деген болатын: «Кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне жақсылық жасасын»[7]. Мұсылман халқымыз да Құран мен Пайғамбардың үйреткендерінен қия баспай, басқа біреудің ала жібін аттамауға барын салып, көрші ақысы жайлы: «Көрші хақысы – Тәңір ақысы» деп, Хақ Елшісінен (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) үйренген сабағын мақалға өрген.

Қайырымдылықтың нышаны іспеттес болған Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) үмбетін де әрдайым қайырымды болуға шақырған. Себебі қайырымдылық адамды үнемі жақсылыққа қарай қанаттандырады. Бойындағы ізгілік сезімдерін оятады. Басқаларға телміріп, қол жаю болса, керісінше адамды тоғышарлыққа қарай құлдыратып, абыройын төгіп, жалқаулыққа ұрындырады. Сол үшін Нәби (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Үстіңгі қол (яғни, берген қол) төменгі қолдан (яғни, алған қолдан) жақсы»[8] – деген. Пайғамбарымыздың осы уәжін ту еткен халқымыз «Сұрағаннан берген артық» деп, бұл хадисті мақалға айналдырған.

Мұсылманның ең маңызды қасиеттерінің бірі – сөзінде тұруы. Сондықтан ол алған қарызын да уақытында өтеуге талпынады. Ал, осы сипатты Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Сіздердің ең қайырлыларыңыз қарызын төлеген адам»[9] – деп, хадисінде баяндаса, мұсылман халқымыз оны өмірлік қағидаға айналдырып: «Қарыз, қарызды беру – парыз» – деген. Қарызбен қатар айтылатын бір борыш – аманатқа қиянат жасамау. Адамдардың өзара сенімін арттыратын осы қасиет жайлы Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) былай деп сабақ берген: «Саған бір нәрсені аманат еткенде аманатын (өз күйінде) кері қайтар».[10] Алла Елшісінің сабағын зердесіне нақыштаған халқымыз: «Біреуден алған аманат, берсең жақсы – саламат», деп ұрпағына аманатқа қиянат етпеуді хадистен түйген ойымен үндеген.

Мұсылмандық өмір-салтының ең көркем тұстарының бірі, жоғарыда да айтылғандай, көрші ақысы, достық қарым-қатынас, өзара жәрдем, бірбірінің көңіліне кірбің түсірмеу үшін қарызды қайтару, аманатқа қиянат жасамау секілді адамдар арасындағы қарым-қатынасты өте шеберлікпен реттей білуінде. Мұның бәрі қоғам тыныштығын, бақытын қамтамасыз ететін шаралар. Сонымен қатар Ислам діні қоғамның кіші бөлшегі болып саналатын отбасының да бақытын ұмытқан емес. Сол үшін Құранда және хадистерде ата-ана ақысы, бала тәрбиесі, отбасы мүшелері арасындағы туысқандық қарым-қатынас, өзара сыйластық, т.б. мәселелердің бәрі жан-жақты қарастырылған. Соның бір айғағы: отбасының бір мүшесі – ата-әжелерге қатысты айтылған насихаттар. Қартайып, қауқары қалмаған қариялар сырттан қарағанда отбасының басқа мүшелеріне жүк секілді көрінеді. Егер бойымызда мұсылмандық қасиетіміз болмаса, бәріміз де осы жүкті арқалаудан қашар едік.

Алайда Құранда Алла Тағала ата-анаға жақсылық жасауды бұйырса, Оның Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) де ата-ананың ақысын ұмытқан перзенттің ақыреттегі күйін ескертіп, оларға жасалған жақсылықтың Алла Тағаланың ризалығына, әрі қарай Оның мәңгілік қонағы болатындай пейішке жетелейтінін айтып, көңілдерге қуаныш ұялатады. Осы Құран аяттары мен хадистерді оқығанымызда көз алдымызда ешнәрсеге қауқары қалмаған, мойнымызға масыл секілді көрінетін ата-аналарымыз, ата-әжелеріміз бірден үйіміздің берекетін кіргізетін нұрлы жүзді жандарға, қазынамызға, пейішке жетелейтін пырағымызға, отбасымыздағы ең қадірлі де қастерлі кісілерге айналады. Міне, Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) ата-аналар, ата-әжелер жайлы кейбір хадистерінде былай дейді: «Кімде-кім ғұмыр жасы ұзақ, рызығының мол және берекетті болуын қаласа ата-анасына жақсылық жасасын, туған-туыстарының да қамын ойласын».[11] «Белі бүгілген қарттарың болмағанда бәле-бәтерлер бастарыңа селдей ағып келер еді».[12] Осы хадистердің тағылымын көкіректеріне құя білген халқымыз: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп ойын түйіндеген. Туысқандық сыйластықты арттыру мақсатымен Алла Расулы (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Кішілерге мейірім, үлкендерге құрмет көрсетпеген бізден емес»,[13] − деп айтқан. Бұл хадиспен мақалын ұштастырған халқымыз: «Үлкендерге – құрмет, кішілерге – ізет», – деген.

Жеке тұлғаның қадір-қасиеті жайлы Алла Елшісінің айтқан хадистері де адам баласының бақытына негізделген. Өзінің өмір сүрген кезеңін Алла Тағаланың үйретуімен «Аср са‘адәт», яғни бақыт ғасырына айналдырған Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) адамзатты бақытқа қарай жетелейтін маржан сөздерінде былай дейді: «Алла сендердің түр-тұлғаларың мен бет-әлпеттеріңе қарамайды, жүректерің мен іс-әрекеттеріңе қарайды».[14] Осы хадиске байланысты қазақтың айтқан мақалы: «Тәні сұлу – сұлу емес, жаны сұлу – сұлу». «Амалдар ниеттерге (пейілге) қарап бағаланады. Барлық адамға ниет еткеніне қарай беріледі».[15] Хадисті қысқаша мақал-мәтел ретінде халқымыз былай деп айтқан: «Пейіліңе қарай пейішің». «...Алланың әмір еткендерін орындап, тыйым салғандарынан сақтансаң, Алла да сені сақтайды. Алланың заңдарына бағынсаң, Алла әрдайым жаныңда болады».[16] Бұл хадис те халық арасында кең қолданылып, «Сақтансаң сақтаймын деген», «Сақтанғанды құдай да сақтайды» деп өмірлік қағидаға айналған. «Жүзі жақсыдан жақсылық күтіңдер.»[17] Мұндай адамдарды «иман жүзді», «жылы жүзді» деп суреттеген халқымыз жоғарыдағы хадистің мағынасына сәйкестендіріп: «Түсі игіден түңілме» деген мақал айтқан. Мінез-құлқы жақсы адамдар жайлы халқымыз сенімі бойынша үйренгендерін былай деп мақалға төккен: «Жақсының жаны жаннатта». Халқымыздың бұл мәліметті мына хадистен алғаны белгілі: бір күні Пайғамбарымызға (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) «Жаннатқа баруға ең күшті себеп не?» – деп сұрақ қойылғанда, Ол: «Алладан қорқу және жақсы мінез», – деп жауап берген.[18] Қонақты күте білу әдептіліктің, мәдениеттіліктің нышаны. Ал, әдептілікті Алла Тағаланың әдебінен үйренген, «Раббым мені Өзі тәрбиеледі және тәрбие болғанда да ең керемет үлгіде», – деп айтқан Пайғамбарлар Сұлтаны (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм) қонақ жайлы хадистерінде былай деп сабақ береді: «Қонақ – үш күн».[19] Осы хадистің үкіміне сүйенген халқымыздың тілінде мына мақал орын алған: «Үш күнге дейін қонақ құт». Келесі хадисте: «Жақсылық қонақ келген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді».[20] Осы хадистен мағыналы ой түйген халқымыз былай деген: «Қонақ несібесімен келеді», «Қонақпен еріп құт келеді».

 Пайғамбарымыз әдепті Алла Тағаладан үйреніп, үмбетін де әдепке баулыған. Мұсылманның өмірі бастан-аяқ әдептен тұрады. Күнделікті қарапайым тірлігінде, құлшылықтарында, адамдар арасы қарым-қатынастарында, яғни тал бесіктен жер бесікке дейін дініміздің үйреткен өзіндік әдептері бар. Сондай әдептердің бірі үйге кіруге байланысты. Пайғамбарымыз сахабаларына үйге кірерде рұқсат сұрап кіруді, рұқсат берілмеген жағдайда кері қайтуды үйреткен. Сондықтан үйге кірерде рұқсат сұрау Пайғамбарымыздың сүннеті болып саналады.[21] Ал, осы сүннетті мақалмен жеткізген халқымыз былай дейді: «Үйге кірерде дыбыс қыл, ентелемей дұрыс кір». Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Алланың қолы (жәрдемі) жамағатпен (яғни көпшілікпен) бірге,»[22] – деген. Құранда да осы мәселе айтылып: «Алланың қолы олардың қолдарының үстінде» делінген. Міне осы діни уәждерден ауызбіршілікке ден қойған халқымыз ойын қорытып: «Көп қайда болса, Құдай сонда» деген.

Өмірлік жолда жол көрсетушіміз, бағыт-бағдар сілтеушіміз болған Алла Елшісі (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Жолаушылық – азаптың бір бөлшегі»,[23] – деген. Халқымыз да жолаушылықты азапқа теңеп: «Жол азабы – көр азабы» деп айтқан.

Көріп отырғанымыздай, жоғарыдағы мақал-мәтелдердің мәндері хадистердің ойларымен үндесіп, әрқайсысынан хадистегі ойлар ұшқындайды. Ендеше бұл мақал-мәтелдерді хадистердің өзегінен тамыр тартқан деп айта аламыз. Халқымыз хадистерден үйренген сабақтарын өмірлік тәжірибеде қолданып, өскелең ұрпағына өсиет ретінде қалдырып отырған. Уақыт өте келе бұл өсиеттер мақал-мәтелдерге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халық ауыз әдебиетінің төрінен орын алған.

 Материал «Хадис – ғұрпымыз, сүннет - салтымыз» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] Муснәд, I, 16-б.

[2] Муслим, Либас, 2087; Имам Малик, Мууатта, II, 914-б.

[3] Ибн Мажә, Талақ, 2035.

[4] Муслим, Неке, 97-98.

[5] Муслим, Неке, 110; Әбу Дәуд, Әтима, 1.

[6] Бухари, Зәбаих, 3; Муслим, Бирр, 146.

[7] Бухари, Әдеп, 31, 85; Муслим, Иман, 74; Әбу Дәуд, Әдеп, 132.

[8] Муслим, Зекет, 97; Тирмизи, Зухд, 32.

[9] Тирмизи, Бую, 73; Нәсаи, Бую, 64.

[10] Әбу Дәуд, Бую, 81.

[11] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Муснәд, III т., 156-б.

[12] Мәжмауз-зәуаид, X т., 227-б.

[13] Тирмизи, Бирр, 15.

[14] Ибн Мажә, Зүхд, 9

[15] Бухари, Бәдул-уахи, 1; Мәнақибул-әнсар, 45; Никаһ, 5; Муслим, Имара, 155; Әбу Дәуд, Талақ, 11; Тирмизи, Фәдаилул-жиһад, 16; Нәсаи, Таһара, 60.

[16] Тирмизи, Қиямет, 59; Муснәд, I, 293, 303-б.

[17] М. Жан, Пейгамберимизден евренсел өғүтлер, 136-б.

[18] Муснәд, II, 291-б.

[19] Бухари, Әдеп, 31.

[20] Хадис ансиклопедиси, XVII т., 443-б.

[21] Әбу Дәуд, Әдеп, 137.

[22] Хадис ансиклопедиси, V, 412-б.

[23] Бухари, Умрә, 19; Муслим, Имарә, 179.

Бөлісу: