Шежіренің «тұлға» тәрбиесіндегі орны

Шежіренің «тұлға» тәрбиесіндегі орны

Дәстүр даналығы
Жарнама

Шежіре – даңғаза, даңғой, құр мақтаныштың құралы емес, өзіне сенімді, аяғын нық басатын, қайдан келіп, қайда бара жатқанын білетін ұрпақ тәрбиелеудің құралы. 

Ықылым заманнан бері адам баласының өмір сүру шарттары, мәдениеті, өркениеті мың құбылғанымен, еш өзгеріссіз қалған, өзектілігін әлі де жоймаған кейбір құндылықтар бар. Ол – бақытты отбасын құру, салихалы ұрпақ тәрбиелеу, қоғамға, еліне пайдасын тигізер тұлға болу.  Мұны адами қажеттілік дейсіз бе, әлде құндылық  дейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Меніңше екеуі де. Дегенмен, қалай атасақ та мәнісі өзгермейді яғни мойындасақ та, мойындамасақ та өмірдегі көптеген құбылыстар осы үш тұрғыдан адам баласының қанағаттануы немесе қанағаттанбауынан туындап отырады. Осы үш жағдай өз кезегінде басқа құндылықтар мен қажеттіліктерді тудырып, соған итермелейді. Осыдан келе әрбір толыққанды, кемеліне жеткен  ұлттың  ұрпақ тәрбиесіне қатысты сан ғасырлар тезінен өткен, жақсы мен жаманның сүзгісінен еленген тәрбие мектебі қалыптасқан.

Салихалы ұрпақ жетілдіріп, өзіндік ерекшелігі мен дүниетанымын, жоғары адами қасиеттері мен тұлғаның жан-жақтылығын дамытуда қазақ ұлттық мектебі бірнеше құралға сүйенген. Олар сенім, салт-дәстүр, шежіре. Жаһандану кезеңінде ұлт ретінде ерекшелігімізді сақтап қалудың, әр қайсысы өз алдына бір тұлға боларлық ұрпақ тәрбиелеудің бірден-бір жолы осы ұлттық тәрбие мектебін қайта жандандыру.

Тұлға тәрбиелеуде Батыс пен Шығыстың түсінігі үйлесе бермейді. Соның ішінде рулы ел болып өмір сүруге дағдыланған көшпелі халықтарда тұлға түсінігі тіпті ерек. Себебі, көшпелі ел түсінігінде он бесінде бас болып, отызында қамал бұзар бала халықтың қамын күйттесе керек. Яғни жеке басының жетістігі мен елінің жетістігін бірдей көретін, елінің өсіп-өнгені өзінің өсіп-өнгені деп білетін кісіні арыстай азамат санап, соңынан ерер тұлға ретінде көрген. Сондай тәрбие мектебінен өткендіктен болар бір ауылдан жақсы азамат шықса, сол азаматты паналап ауылдың барлық жастары бірге өседі. Мұны «атасының баласы емес, адамның баласы» деуге келер еді. Міне, осындай нар тұлғаны тәрбиелеуде мән берілуі керек маңызды жайт – шежіре.

Тарихшы-ғалым Мақсат Алпысбес «қазақтың дәстүрлі қоғамдық санасында тарихи білім – өзінің ата-тегі, ата-бабалары, ру-тайпаның қалыптасуы мен ру ішінен шыққан әйгілі адамдар және олардың тәлімді іс-әрекеттері туралы жиналып сақталған біліммен тығыз байланысты. Генеологиялық білім жүйесі көшпелілердің дәстүрлі қоғамдық санасының іргетасы, ең негізгі білімді реттейтін ментальдік құрал» ретінде қарастырылғаны жайында жазады.

Шежіренің тарих біліміне қосар үлесі, әлеуметтік-саяси қарым-қатынастар, география ілімі, тағы басқа да ғылыми тұрғыдан берері жайында сөз қозғалып жүр, ал ментальді білім беретін тәрбие құралы ретінде рөлі ұмытылды дерліктей бәсеңсіп қалды. Шежіренің осы сипаты көбіне көзден таса болып жатады.

Адам баласында жаратылысынан еліктеу қабілеті бар. Сәби, балаң кезінде ата-анасына шартты түрде еліктесе, есейе келе айналасынан үлгі-өнеге тұтар, іс-әрекетімен, тұлғалық кемелдігімен басқалардан оқ бойы озық тұратын, сонымен қатар өзімен ортақ жағы бар бейне (образ) іздейді. Осындайда бала жасынан атасының немесе үлкен атасының батырлығын, ерлігін, еліне қамқор болғанын, ата-тегінің биік адами қасиеттері мен әлеуметтік рөлі жайлы естіп өскен жас жеткіншектің бойында кімдерге еліктеу керектігі жайында көзқарастар қалыптасады. Бұл бір дейік.

Екіншіден ата-анасының және қоғамның қандай тұлғаларды құрметтеп, ардақ тұтатыны, қандай ерлердің ел есінде қалатыны жайында пікір қалыптасады. Бұл өскелең баланың сыртқа айта бермесе де ішкі дүниесінде туындайтын «мен қандай болуым керек», «кім боламын» деген сұрақтарына табиғи түрде алдынан дайын жауаптың шығуына себеп болады.

Үшіншіден, жетіліп келе жатқан балғын санасына кімдерге қарап бой түзеу керектігі жөнінде бағыт-бағдар беріліп, өзін қай деңгейде, қандай үлгіде ұстауы жөнінде ой-пікір қалыптастырады. Яғни белгілі бір ішкі ұстанымдары қалыптасқан жас тұлға қандай ортаға түссе де моральдық-этикалық тұрғыдан белгілі бір деңгейден төмен түспейді. Бұл бекем де берік ұстанымы бар тұлғаның қалыптасуы үшін өте маңызды жайт.

Төртіншіден, көкжал толқындары бірде жоғары көтеріп, бірде аяусыз төмен лақтыратын тулаған теңіздейін үлкен өмірге қадам атқанда өзін тамыры жоқ, салмағы жоқ шыбық іспетті дәрменсіз сезінуден сақтайды. Яғни психологиялық тұрғыдан жас тұлғаның бойында сенімділік ұялайды. Ал, осы факторлардың барлығы қосыла келе адам психологиясына тән белгілі бір топпен, ұйыммен яғни ортақ, ұқсас жақтары бар көппен бірге болу қажеттілігін өтейді.

Батыс елдерінде, жалпы қандай да болсын дамыған елдерде әртүрлі клубтар мен ұйымдардың көп болуы осының салдары. Туған-туыстарымен арақатынастың үзілуі, көрші-көлеммен араласпаудың және тағы басқа көптеген заманауи өмір салдарының нәтижесінде жалғыз қалған қазіргі заман адамы ойы бір жерден шығатын, өмірге деген көзқарасы үйлесетін замандас іздейтін халге жетті. Мұның астарында «үйірлес» топ іздеудің салдары бар екені белгілі. Психологтар, әсіресе жасөспірімдерде бұл қажеттіліктің басымырақ көрінетінін айтады. Яғни жасөспірімдердің әртүрлі топтарға үйірсек болуының себебі осында жатыр. Ал, жүрген жерінде руласын көрсе ежелден араласып жүрген туысын көргендей қуанатын қазақ үшін бұл «жалғыздық» дерті енді-енді ғана дендеп келеді.

Егеменді ел болғанымызбен үш ғасырға созылған отарлау саясатының нәтижесінде күнімізде ұлт ретінде көптеген құндылықтарымыздан айрылдық. Соның ішінде шежіреге деген дұрыс көзқарастан, себебі, қазір шежіре орынсыз мақтан мен дақпырттың құралына, бәсекенің алаңына айналып барады. Содан келіп трайбализмнің көзі іспетті көрінеді. Ал, атын атап мақтанатын ата-бабаларымыздың тұлғалық ерекшеліктері мен адами қасиеттерін түсін түстеп атап, бойымызға сіңіріп, лайықты ұрпақ болуға тырысу жағы назарымыздан мүлт кетіп отыр. Ойымызды ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің пікірі де нықтай түседі: «Шежірешілдік көшпелі қоғамдағы əрбір қазақ үшін теңізшінің қолындағы компас сияқты қажеттілік болған».

Шынында, шежіре тәрбие құралы еді. Тамырын тереңге тартқан ағаштың көкке бойын тіктеп, жапырағы жайқалған зәулім ағашқа айналатыны іспетті шежіресін білген, қайдан бастау алып, кімдерден жалғасын тапқанын танып өскен ұрпақ та өніп-өнбек болар.

Индира Жұмабекқызы

Бөлісу: