Ұлтымызды биіктеткен дала салты

Ұлтымызды биіктеткен дала салты

Дәстүр даналығы
Жарнама

Ондаған ғасыр барысында дініміз бен салтымыз өзара біте қайнасып, астарласып ділімізге айналды.

Қонақжайлылық сонау ежелден ұлтымыздың қаны мен рухына әбден сіңген ерекше қасиет. Көшпелі кезеңнен бойымызға дарыған жайсаң мінез асыл дінімізде де кеңінен дәріптеледі. Бұл да Пайғамбар (ﷺ) өнегесі мен сүннеті. Себебі, Алланың Елшісі (ﷺ) келген қонақтарды діни сеніміне қарай бөліп-жармайтын. Кім болса да ерекше ілтипатпен өзі қызмет көрсететін. Сахабалардың күн көрісі қиындау кезеңде өзінің соңғы нанын қонағымен бөліскен кеңпейіл сахаба ӘбуТалха (р.а.) мен жұбайының қонақжайлылығы, риясыз пейілі «Тіпті, өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді» деген мазмұндағы «Хашр» сүресінің 9-аятының[1] түсуіне себеп болғанын білеміз.

Пайғамбарымыздың (ﷺ) даңғыл жолымен жүрген, сахабалар мінезін өзіне үлгі еткен құтты еліміз қонақжайлылық іспетті кеңпейіл, дархан қасиетінің арқасында зобалаң жылдарда өзі аш отырса да Отанынан ажыраған талай жетім ұлтты тұл етпей, бауырына басып, барымен бөлісіп, аман алып қалды.

«Қырықтың бірі – Қызыр» деп білетін халқымыз қонақ келсе төрден орын беріп, барын алдына қойып, ерекше құрметпен күткен. Жоспарлаған сапары болса, кейінге шегерген. Келген қонақ немесе жолаушының ақ батасын алуға тырысқан. Қонағына ыңғайсыздық тудырмас үшін салқын мінез көрсетпеген, қабағын шытпаған. Тіпті, қонақтың көзінше бала-шағасына ұрсып, үйін сыпырмаған. Келген қонақтың заттарына да өз аманатындай ие болып, қауіпсіздігіне «басымен жауап берген».

Замана тезіне төтеп берген, қазақы болмысымызды айқындай түсетін бірегей қасиеттеріміздің бірі қонақжайлылық талай ерге сын болған. Хамза Есенжановтың «Жүнісовтер трагедиясында» дала салтын қандай болсын саясаттан, тіпті жеке басының қамынан жоғары қоя білген, елге сыйлы «нағыз ер» Құныскерей үйіндегі қонағын қызылдардың жандайшаптарынан қорғаймын деп «банды» атанады. Осы жерде автор Жолмұқан кейіпкердің аузымен тек Құныскерейдің емес, осы күнде жоғымызға айналған қазақ елінің жалпы сипатын былайша суреттейді: «Ол – ірі, күшті, мерген, ақылды, адал. Қуғаны – әкесінің жолы. Өйткені кең даланың үрікпей, қорықпай, қысылмай, тарылмай, тарықпай өскен тарлан жігіті. Оның қолы жарлыға да, жақыбайға да, жақынға да тиіп көрген емес».

Жарамсақ, әлсіз мінезден бойы ада, рухы еркін, өр мінезді Құныскерейдің қағазға емес, санаға мықтап жазылған дала салтын аяқасты етуге қарсы шыққанын халықтың да құптайтынын тағы сол Жолмұқанның аузымен жеткізеді. «Үйіне келген қонақты ұстап берген зұлымды қай ата-бабаның қағидасынан көрдік! Міне, бас салып «қонағыңды бауыздаймын!» дегенге ер жігіт көнер ме? Әңгіме намыстан, адалдықтан, ата-бабаның аяқ асты етпейтін ғұрпынан шықты, соны таптаймын деген есерсоқ милицияны да, қол көтерген нәшәндігін де, тіпті бастап алып келген болатком Зиманды да жоқ ету әрекетін жасады ғой. Зиманды, әрине, өлтірмеді, қара санынан ғана атты. Сонан бастап Құныскерей «баскесер» болды. Баскесер деп жүрген әкімдер. Жұрт Құныскерейді кінәлі деп білмейді».

Сондай-ақ, қонақтың алдындағы үй иесінің міндеті мен қатар қонаққа келген кісінің де әдебі бар. Сол әдепті ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов өзін тұтқындауға келген әскердің есіне салады. Бұл жайында қызы Елизаветаның естелігінен білеміз: «Әкемнің мысы кез-келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», - деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», - деді. Олар рұқсат берді».

Бұл екі оқиғада да көзге бірден түсе қоймайтын бір ортақ жайт бар. Ол қазақтың екі нардай азаматының өз дәстүрін мақтаныш етуі, намысындай қорғап, принцип дәрежесінде ұстануы және онысынан ұялмауы. Толықсып, кәміліне жеткен әрбір тұлғаның ұстанымы болары анық. Тек өзінің тамырынан ажыраған ағаштай төл мәдениетінен жырақтаған пенделерде ұлттығын айқындайтын ұстанымның болуы екіталай.

Индира Жұмабекқызы

____________

[1] Бұхари, Сүретәпсірі 59/6; Мүслим, Қажылық, 475

Бөлісу: