Жетіспей жатқан бір нәрсеміз

Жетіспей жатқан бір нәрсеміз

Дәстүр даналығы
Жарнама

Бабаларымыз таныстық жайында «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деп өсиеттепті.

Бірде имам Шағбиге бір кісі бір адамды жақсы көретінін, бірақ түрін ғана танитынын айтса, бұны ақмақтардың таныстығы деп бағалаған екен. Жоғарыда айтқан қазақ мақалымен тамырлас таным.

Ендеше, салиқалы таныстық қалай боламақ екен?

Бала күнімізде той-томалақта немесе жол бойында, өрісте мал қайырып жүріп, яки атызға (егін егетін жер) кетіп бара жатып, әлде жоқ іздеп жүріп, әйтеуір бөгде үлкендерге кезігіп, сәлем бере қалсақ  болды сұрақтың астынан алушы еді. «Кімнің баласысың?», «атың кім?», «қай ел боласың? (руыңды сұрағаны)», «үйлерің қайсы?». Бұл менің ғана емес, қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі әр балаға қойылған, сан баладан осылай жауап алынған сұрақ. Күні бүгінге дейін қанша адамға жауап бердік екен. Есімізде жоқ. Мына бір хадистен ой қаузап көрелік...

Бірде Пайғамбар ғалайһиссалам  Ибн Омар атты сахабасының жан-жағына қарап әлдекімді іздеп елеңдеп тұрғанын байқап, жөн сұрайды. Сүйтсе ол сахаба бір жақсы көретін кісісін іздеп тұр екен. Сондағы Пайғамбар ғалайһиссаламның кеңесі мынау:

– Егер біреуді жақсы көрсең, атын, әкесінің атын және тұратын жерін сұрап ал. Егер ол ауырып жатса, көңілін сұрап бар. Қиналып жатса, барып көмектес, - деп өсиеттеген екен. Наурызбай қажы Тағанұлының «Үміт сәулесі» кітабында бұл хадистің тағы бір нұсқасында «Оның атасының атын, шыққан руы мен тегін сұра» деген сөз бар делінеді[1]

Ал, енді аузың аңқимай көрсін. Бұл дінді қылышсыз, соғыссыз қабылдатқан да осы үндестік болар. Қалай танысудың, білісудің жөнін Пайғамбар ғалайһиссалам өсиет етсе, біздің аталарымыз да тура солай жөн сұрасады екен ғой. Сонда біздің қазақ бір-бірін қалай жақсы көрген демейсіз бе.

Амал қанша бүгін де бізге бабаларымыздан қалған бір-бірімізді жақсы көру жетіспей жатыр ғой. 

 Оразбек САПАРХАН

[1] Н. Тағанұлы. Үміт сәулесі. – Алматы, 2013. – 200 бет. 86-бет.

Бөлісу: