Пайғамбарымызға (с.ғ.с) жасалған зұлымдықтар

Пайғамбарымызға (с.ғ.с) жасалған зұлымдықтар

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Сафа төбесінен ашықтан-ашық пайғамбарлығын  жариялап, жалпы халықты Исламға шақырған үндеуінен соң Мұхаммедке (с.ғ.с) құрайыш мүшріктері арасынан қарсылық білдіріп, қастандық ойлаушылар көбейді.

Мүшріктер зұлымдық жасауда бірінен бірі қалыспады. Ал пайғамбарымыз болса, қажымай-талмай халқын тәухидке шақыра берді. Мүшріктер қасарысып аталарының дінін – пұтқа табынушылықты үдете түсті.

Мұхаммед (с.ғ.с) оларды адамгершілікке, түсіністікке, екі дүниенің ләззатына шақырған сайын көңіл көздері байланған бейбақтар жарқанаттың жарықтан қашқаны сияқты бақилық бақыттан бас тартты.

Екі дүниенің сұлтаны оларды адамгершілік қасиеттерге үндеген сайын тас түнекке телміргендер кеуделерін көтеріп, айуандықтарын асыра түсті. Әлемдердің мақтаны қапастағы көңілдерді мәңгі әдемілікке, өшпес әсемдікке, ғажайып өмірге тартса, олар оны кеудесінен итеріп, білгеннің тілін алмай қатал қарғысқа ұшырады.

Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) өсиет, уағыздары арқылы қарайған көңілдерді пенделік тірліктен періштелік биікке көтеруге ұмтылды. Бірақ олар текетіресіп бақты. Жақсылыққа ермегендерімен қоймай кірленген көңілдер Хазіреті Мұхаммедке сәт сайын залал келтіруден танбады, қаскөйлік әрекеттерін жалғастыра берді. Залымдар зұлымдық жасауда бір-бірімен сайысып, ойларына келгенін істей берді.

Ал Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) болса, наразылық күшейген сайын өзін-өзі қайрап, жігерленді. Өйткені, қашанда ақ, адал жандардың, тура жолдағылардың дұшпаны көп. Бұл мәселеде Мұхаммед (с.ғ.с) өзіне дейін өткен пайғамбарлар өмірін өнеге тұтты. Адамзат жаратылғалы бері адалдықтың жолы ауыр, пайғамбар атаулының бәрі басына не күн туса да шыдамдылықпен төзе білген. Сабыр түбі – сары алтын демекші, әрқашан аққа – Алла жақ. Қара пиғылдылардың басым түскені дүние жалғанда болмаған. Егер сенің мұратың – Алла жолына қызмет ету болса, тартынатын тіпті ештеңе жоқ. Бір жүз жиырма төрт мың пайғамбар Алланың әмірімен өз міндеттеріне кіріскен шақта небір сорақылықтың, дарақылықтың тақсіретін тартқан. Қорлық пен зорлыққа кеуделерін керіп, шегініс дегенді білмеген.

Қайраттары қажымаған, жігерлері жаншылмаған, мұраттары мұқалмаған. Өйткені олар наразылықты – ілхәмнің қайрағы деп білген. Пікірлер қайшылығы, көзқарастар сәйкессіздігі ақиқатты туғызатындығына кәміл сенген.

Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с) қарсы шығып, өле-өлгенше өрескелдігін тыймаған қара ниеттілердің көшін бастаушы – туысқаны Әбу Ләһаб пен оның әйелі Үммү Жәміл болды. Қаскүнем Әбу Ләһаб пайғамбардың басқан ізін аңдып, халыққа әлдеқалай уағыз айта бастаса, аузына қақпақ болуға тырысып, жағаласып, Расулалланың айтқандарын жоққа шығарып, тайталасатын, елдің санасын улайтын. Оның мақсаты – Мұхаммедтің (с.ғ.с) дінін таратпау.

Бір күні Хазіреті Расулалла Уқаз жәрмеңкесінде қалың көпшілікке Алланың бірлігін, өзінің пайғамбарлығын мойындауға шақырып: “Уа халайық, лә иләһә иллаллаh деп мәңгі азаптан құтылыңдар”– деп насихатын бастай бергені сол еді, Әбу Ләһаб килігіп кетіп:

“Ей адамдар, бұл менің жақын туысым, айтқандары шылғи өтірік. Өзінің осылай жалған айтып, жалпақ басқысы келген арам ниеті бар. Бірде-бір сөзіне сенбеңдер, жанына жоламаңдар, аулақ жүріңдер”- деп, онсыз да екіұдай ойдағы халықты таратып жіберді.

Бұл ғибратқа толы көрініс: інісі Аллаhқа иман келтіруге, мәңгілік бақытқа шақырады, ал ағасы болса, оған қарсы шығып, көпшілікті де қарсы қояды. Әбу Ләһаб мұнымен де тынбады. Бір күні пайғамбардың есігінің алдына, үйінің тура кіре берісіне иісі мүңкіген қоқысты төгіп, үлкен іс тындырғандай масайрап тұрады. Бірақ қуанышы көпке бармай, (ол кезде әлі иман келтірмеген болса да ) Хазіреті Хамза әлгі сасық шіріндіні жинап алып Әбу Ләһабтың басына төгеді. Мұны көрген Пайғамбарымыз ақырын ғана:

“Ей, Әбдіманаптың ұрпағы, бұларың не? Көрші деген тату болмас па?”- деп табалдырықта қалған қоқысты тазартып сыпырады да қояды.

Іштен шыққан жау жаман деген осы-ау. Қасиетті Құранда Әбу Ләһабтың тозақ отын тілеп алғандығы, сұрап алған аурудың емі табылмайтындығы білдірілген. Қарғыс атқан Әбу Ләһаб кей-кейде Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с) мазасын алу үшін терезесіне тас жаудыратын.

Әбу Жәһил де – иманның ата дұшпаны. Қаскөйдің арам ниеті – қайтсе де Хазіреті Мұхаммедтің көзін жою. Бір күні қауымның ортасында: “Мұхаммедтің сәждеге басын қойған сәтін аңдып, үстінен түсіп, басын таспен езбесем атым өшсін”- деп серт беріп, өзінен-өзі ойлап тапқан амалына масаттанады. Дәйіс мүшріктер де Әбу Жәһилдің “қаһармандығын” қолпаштап, қолтығына су бүркеді. Ертеңіне Әбу Жәһил құшағына өзі зорға көтеретін тас алып, мешітке келеді де, қалтарыста тұрып, оңтайлы сәтті аңдиды. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) сәждеге жығылған мезетте ауыр тасты бар пәрменімен жоғары көтеріп, енді тастап жібермек болғанда, сол күйі қимылдамастан қатып қалады. Пайғамбар намазын бітіргенде барып Әбу Жәһил қайтадан өз қалпына түседі, бірақ болары болып қойғанды. Ойының күл-талқаны шыққан ол: “Осы ізіңе түскенім-түскен, менің қолымнан жан тәсілім берерсің ақыры”- деп ұялған тек тұрмастың кебін киіп, тісін қайрап кете барды.

Әбу Жәһил күн сайын пайғамбарға қарсылығын өршітіп, жүрген жерінде оны жамандаудан жалықпайды. Бірде тағы да көптің арасында бөсіп отырып: “Мұхаммедті сәждеде көрсем, мойнын аяғыммен езіп тұрып, желкесін қиярмын” деп көпіреді. Нақ сол кезде Мұхаммед (с.а.у.) мешітке келіп қалады. Сонда отырғандардың бірі: “Ей, Мұхаммед Әбу Жәһилдің айтқанын естідің бе?”, - дейді. Мұхаммед (с.ғ.с) “Алақ” сүресін оқыды да, сәждеге жығылды. Ел-жұрт: “Жаңа ғана тісіңді қайрап отыр едің ғой, күшті болсаң келді ғой, әне Мұхаммед (с.ғ.с) ” – деп шуылдасады.

Әбу Жәһил сырғиялана күліп Пайғамбарымызға қарай екі қадам аттады да, кілт бұрылды. Өңі өрт сөндіргендей. “Не боп қалды тағы да? Неге кері бұрылдың?” – деген көпшіліктің сауалына: “Ойбай-ау көздерің көр болғаннан сау ма, Мұхаммедпен екеуміздің арамызға жағылған отты қарасаңдаршы”- деп алды-артына қарамай шыға жөнелді.

Мүшріктердің ойлары аяқсыз қала берді. Алла Тағала Хабибін, яғни сүйікті құлын пенде атаулының азабынан қалтқысыз қорғады. Мүшріктер иман келтірмегендерімен қоймай Исламға, оны таратушы пайғамбарға наразылықтарын шектемей-ақ қойды. Парықсыз пасықтар оспадарсыздықта жарысқандай еді. Бастары қосыла қалса бар айтатындары – қалайда  пайғамбарымызға қиянат жасау, мұсылмандарды мазақ  ету, жәбір көрсету жайы. Таң атқаннан кеш батқанша аңдығандары Хазіреті Мұхаммед және оның достары. Қағбаның айналасында отырып алып жексұрын жоспарларын құрып, бас қатыратын. Сондай бір мүшріктер мәжілісінде тағы да Әбу Жәһил суырылып шығып: “Бүгін пәленшенің үйінде түйе сойылды. Сол түйелердің ішек-қарнын қан-жынымен әкеліп Мұхаммедтің үстіне лақтыра алатын ер бар ма арамызда?-дейді жерден жеті қоян тапқандай. “Мен істеймін мұны, маған сеніңіздер”-деп көңілі қарайған Уқба ибн Әби Муайт атып тұрып, айтылған бағытқа тұра жөнеледі.  Алла Елшісі бар ықыласымен Алланың құзырында сәждеге бас қойған-ды. Әлгі қарғыс атқыр Уқба қан-жынын сорғалатқан күйі жаңа сойылған түйенің ішек-қарнын пайғамбардың арқасына тастай салды. Мүшріктер көптен күткен армандарына жеткендей қарқылдасып, қауқылдасып мәз боп жырғап қалды.

Аяулы әкесінің мүшріктердің мазағына ұшырағанын естіген Хазіреті Фатима екі өкпесін қолына алып Хазіреті Мұхаммедтің қасына жетеді. Келген бойда ішек-қарынды ала салып айнала қоршап ыржаңдасып тұрған кәпірлерге қарай бар екпінмен лақтырып кеп қалады. Намазын аяқтаған Алла Расулы: “Ей, құдіреті күшті Аллам! Мүшріктерді саған тапсырдым” деп дұға етеді. Осы сөйлемді үш рет қайталаған соң, құрайыш азғындарының есімдерін жеке-жеке айтып шығады.

Құрайыштардан, өз аталас, құрсақтас ағайындарынан осынша азап көруі Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с) ауыр соққы болғанмен, олардың парықсыздықтары жанын жегідей жегенмен пайғамбардың амалы кем еді. Расулаллаһқа мүшріктердің тағы бір тұзағын Абдуллаһ ибн Амр былайша әңгімелейді. Бір күні бір топ құрайыш Хижр деген жерде жиналып  әңгімені қыздырып отырады. Мәселе – баяғы Хазіреті Мұхаммед жайы. “Біз осының істегендеріне сабыр танытумен келеміз. Ол- ата-бабалар дәстүрін жоққа шығарды. Дінімізді қаралап, бізді ақымаққа санады, пұттарымызға тіл тигізді. Әлі шыдаумен келеміз, ау ағайын қашанғы бұлай бола бермек?” деп талқыға сала бастаған.

Дәл сол сәтте Алланың сүйікті елшісі Қағба маңына келіп қалады. Қасиетті қара тасты сүйіп, тауап етуге ыңғайланды. Мұны көрген құрайыштардың бірі қарап отырмай оны сөзбен түйреп қалды. Хазіреті Мұхаммедтің ренішін жүзінен аңғардым, алайда ол үндеген жоқ. Алла Расулы екінші рет Қағбаны айналғанда тағы да ауыр айыптаулар естіді. Қиналысын өңінен байқамау

мүмкін емес-ті. Үшінші рет қастарынан өте бергенде әлгілер тағы да балағаттай бастағанда Мұхаммед (с.ғ.с): “Ей, құрайыштар кейін естімедік деп жүрмеңдер, Рахман һәм рақымды Алланың атымен ант етемін, түптің түбінде ниеттеріңнен тауып, азапқа душар боласыңдар”, – деді. Құрайыштардан ләм-мим сыбыс шықпады. Сәл үнсіздіктен соң баяғы Әбу Жәһил орнынан атып тұрып: “Ей, Мұхаммед, сау-саламат тұрғаныңда бұл жерден кеткенің мақұл”- деді көңілін аулағысы келген сыңаймен. Алла Расулы ұзай берді. Ертеңіне құрайыштар Хижр деген жерде тағы да жиналды. Мен де солардың арасында отырғанмын.Тағы да өз араларында Мұхаммед (с.ғ.с) жайлы айтып отырып ұстасып қалды. “Ау, Мұхаммедтің (с.ғ.с) сөзін де, ісін де көріп, естіп талқыға салғалы қашан. Бірақ өзімен бетпе-бет кездескенде, ешкім батылы жетіп оған қарсы шыға алмайтыны несі?”- деді біреуі тұрып. “Енді көрсем жағасына жабыспасам ба?” деді екіншісі күшейіп. Солай деуі мұң-ақ екен, Мұхаммед (с.ғ.с) шыға келді, құрайыштар салған жерден Пайғамбарымызды қоршап

алып: “Сен біздің дінімізді жамандап, түкке алғысыз еткеніңді қашан қоясың? Әлде көресіңді көрмей, көрге кіргің келмей жүр ме?”- деп бас салып, төмпештей бастайды. Оқиғаны сырттай көріп қалған біреу жүгірген бойда Хазіреті Әбу Бәкірге хабар береді. Әбу Бәкір зымыраған күйі төбелес болып жатқан жерге келеді. Көз жасын тыя алмаған ол, келе салысымен мүшріктерге дүрсе қоя береді: “Алладан табыңдар, нақұрыс өңкей, бұларың не? Құдайдан қорықсаңдар қайтеді? “Раббым Алла” дегені үшін өлтірмексіңдер ме?”

Пайғамбарымыз байсалдылығын жоғалтпаған қалпында: “Босқа шаршама, әзіз достым. Бұлардың жазықсыз жерде жапа шектіруінің соңы жақсылыққа апармайды. Алланың атымен ант етемін, ақыры қайыр болмайды”- деп күрсінді де қойды. Құрайыштар пайғамбардың сөздерінен тіксініп, үріккен күйі бет-бетімен тарап кетті. “Жаратушым – Алла”- деп халықты ұлы хақиқатқа шақырғаны үшін құрайыштың бүлікшілері оқтын-оқтын айналып келіп, соқтығуларын қоймайды.

материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды

ummet.kz

Бөлісу: