Дарвин неліктен діни білім алды?

Дарвин неліктен діни білім алды?

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Дарвиннің ғылымға бет бұруына бала кезіндегі оқиғалардың әсер еткені анық. Роберт Дарвин ұлының өзі секілді дәрігер болғанын қалайды да, 1825 жылы оны Эдинбург университетіне оқуға жібереді.

Алайда Эдинбург ауруханасында кішкентай балаға жасалған отаны көргеннен кейін Дарвин ол жерден қашып шығады. Ары қарай мұнда қалғысы келмей, мұндай сабақтың зеріктіретінін айтып, 1828 жылы Кембриджден дінтану саласын оқи бастайды. Ол туралы өмірбаяндық естелігінде ғалым: “Эдинбургте екі жыл оқығаннан кейін әпкелерімнен менің дәрігер болуға ниетім жоқ екенін білген әкем дін қызметкері (священник) болу туралы ұсыныс жасады. Ойымды ретке келтіріп алу үшін біраз уақыт сұрадым. Ағылшын шіркеуінің барлық догматтарына сендім деп айта алмаймын, бірақ ауылдағы шіркеу қызметкері болу туралы ой маған ұнайтын. Дін қызметкерінің оқуына баратыным белгілі болған соң, жеке мұғалім жалдап, мектептен бері бетін ашпаған грек, латын тіліндегі кітаптарды оқи бастадым. Солай 1828 жылдың басында Кембридж университетіне дін оқуына келіп түстім. Кембриджде өткізген үш жыл Эдинбург пен мектепте өткізген жылдарым секілді босқа өткен уақыт болды. Мұнда да сабаққа жөнді қатыспадым. Тек ботаникадан беретін профессор Генслоудың дәрістерін тыңдап тұрдым. Аптасына бір рет жаратылыстануға қызығушылығы бар университет студенттері үшін ол үйінде ашық қабылдау өткізетін. Кейін Фокс арқылы үйінде жиі болып тұруға шақырту алдым. Арада көп уақыт өтпей, профессормен жақын қарым-қатынас орнатып, Кембридж ауласында күнделікті ұзақ уақыт бірге серуендеп тұратын болдық. Колледж мүшелері мені «Генслоумен қыдыратын адам» деп атайтын болды. Профессор Генслоудың ботаника, этномология, химия, минералогия және геология саласындағы білімі телегей теңіз еді. Зерттеулері, одан кейінгі талдауларынан оның ақылының да ерекшелігін байқауға болатын. Ол сабырлы, мейірімді, сыпайы жан еді. Кембридждегі соңғы жылымда Гумбольдтың «Личное повествование» атты еңбегін үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Осы туынды мен Дж.Гершельдің «Введение в изучение естествознания» атты кітабы табиғаттану ғылымына үлес қоссам деген ниетімді арттырды. Бұл кезге дейін дәл осы екі кітап секілді әсер еткен шығармалар болмаған еді. Жазғы демалысымды қоңыздар жинап, кітап оқып, экскурсияларға шығумен өткіздім. Күзде Вудхаус пен Мэрде аң аулайтынмын. Жалпы алғанда, Кембриджде өткізген үш жылым өмірімнің бақытты күндері болды деп айтуға келеді”, - деп еске алады.

Ақыры не керек, Генслоу Дарвинді геология саласында білім алуға шақырып, осы салада зерттеу жүргізуге бара жатқан профессор Седжвикке қосып жібереді. Осылай Дарвин Бигль кемесімен натуралист ретінде ғылыми экспедицияға аттанады. 

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам » кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: