Дін бостандығы үшін күрескен батыр

Дін бостандығы үшін күрескен батыр

Ұлы тұлғалар
Жарнама

ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Шығыс Түркістанның тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Алтайды аяғынан тік тұрғызған Оспан батыр туралы талай мақалалар жазылды, көптеген кітаптар жарияланды. Батырдың үш алып мемлекет – Қытай, Кеңес Одағы, Моңғолияның ортасында ешбіріне бағынбай 10 жылға жуық жүргізген соғысы Америка, Англия секілді алпауыт империялардың да назарын аударған еді. Сөйткен Оспан батырдың азаттық күресі туралы әңгіме бола қалғанда оның дінді берік ұстанғаны, коммунистік жүйеге дінге қысым жасалатыны үшін түбегейлі қарсы болғаны аракідік айтылып қалады. 

Адамға имандылық негізі отбасындағы тәрбиеден сіңетініне ұлт зиялыларын, заңғар тұлғаларымызды жазған сайын көзіміз жете түсуде. 1899 жылы Алтай аймағының Көктоғай өңірінде шыр етіп дүние есігін аша салған сәттен Оспан батырға азан шақырылып қойылған есім атақты сахабанікі екен. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төрт халифасының бірі Осман ибн Аффандай болсын деді ме екен, әйтеуір бала “Оспан” аталыпты. Тіл заңдылықтарына сәйкес қазақ белгілі сахабаның есімін “Осман” емес, “Оспан” деп кеткені тарихтан белгілі. Батырдың мұндай есімді иеленуіне әкесінің діндарлығы да себеп болса керек. Оспан батыр өмірін зерттеп, кітап жазған жазушы Жәди Шәкенұлы: «Оспанның арғы атасы Төлес ел арасындағы дау-жанжалға араласып, билік айтып, шешім шығаратын мықты, беделді кісі болған. Әкесі Ислам ауыл балаларын оқытқан діни сауатты болған адам», - деп жазады. Айтса айтқандай, батырдың әкесі ауыл молдасы әрі өзінің шағын шаруасы бар, егіншілікті кәсіп еткен адам болыпты. Осындай отбасында тәрбиеленген Оспанның да діннен шет қалуы, әрине, мүмкін емес еді. Батыр туралы жазбалардың бәрінде: “Діншіл, соғыс арасында да намазын қаза қылмай жүретін шұғыл жағдайда дереу шешім жасап, жол тапқыш, өзіндік көріпкелі бар, заман ауқымын да түйгіш, ерекше ұлтжанды ер болған”, - деп жазылған.

Оспан батыр көтерілісінің басталуының көптеген себептері бар еді. 1940 жылы Алтайдың Көктоғай ауданында Есімхан бастаған қарулы көтеріліс болып, аудан әкімінің басы кесіледі. Дәл осы уақыттары Қытай үкіметі Алтай қазақтарының рухани көсемі, діни ғұламасы Ақыт Үлімжіұлын ұстап әкетеді. Өтірік келісімге келген болып, Есімхан бастаған көретілістің басшыларын Үрімжіге алдап шақырып, түрмеде өлтіртеді. Міне, осының барлығы халықтың ашу-ызасын тудырады. Оспан қасына үлкен ұлы Шердиман мен Сүлеймен батырды ертіп, үкіметке бағынбай, тауға кетіп, өзіне әскер жинай бастайды. Жан-жақтан қысастық көрген халық оның қол астына жинала береді. Азғантай топтан басталған батыр әскері кейін он мың адамға жетіп, үлкен күшке айналады. Қытай үкіметіне аяусыз соққы береді. Алғашында өз мүддесі үшін Оспан батырға Кеңес үкіметі де көмек беріп, қарумен қамтамасыз етеді. Оспан батыр шейіт болғаннан кейін Түркия асқан, соғыстың қайнаған ортасында жүрген Нұрғожай батыр ол кезеңдер туралы былай деп еске алады: “Барлық істі жүргізетін тоғыз полковник құрастырылды. Оларға біртұтас батыр атағы беріліп, қолдарына құжат та ұстатылды. Олар: Оспан батыр, Сүлеймен батыр, Сұлубай батыр, Келес батыр, Кәмел батыр, Нұрғожай батыр, Қапас батыр, Зарыққан батыр, Қуанышбай батыр болып олардың еңбегі тиянақталып, атақ беріліп, ең жоғарғы үкімет билігін жүргізетін Кеңес комиссариятының мүшесі делінді. Біздің мемлекеттік туымыз Жәнібек туы деп жазылды. Тұңғыш осы тудың астына Оспан мен Сүлейменді қойып, басқа жеті полковник “өзіміздің ақырғы демімізге дейін ұлт үшін күресеміз” деп серт бердік. Халық алдында “Түркістан отанымыздың тәуелсіздігі үшін өз өмірімізді арнаймыз”, - деп уәде бердік. “Басымызға қандай ауыр күндер туса да, жауға тізе бүкпейміз. Құдай аты, Құран сөзі”, - деп ақсарбас қойды сойып, қанына қол матырып, таудың алдынан мылтықты сертте ұстап өттік”. Ұлт үшін басын бәйгеге тіккен боздақтардың жай-күйі осындай еді.

Оспан батыр ұлт бостандығы үшін ғана емес, дін бостандығы үшін де күресті. Алғашында, қысылғанда көмегін қабылдағанмен кейін Оспан батыр Кеңес үкіметінен өз ұлтына пайда болмайтынын жақсы түсінді. Нұрғожай батыр:  “Оспан батыр батырлығына басты. Ол түбі қазаққа жат коммунистік идеяға құл болғанша, дін еркіндігі мен демократия жағындағы күштерге жақтасуды ойлады. Үрімжіге өкіл жіберіп, Гоминдаң үкіметімен және АҚШ консулымен байланыс жасады. Мұны кейінгі Үш Аймақшылар мен коммунистік үгіт-насихат “сатқындық” деп айыптады. Шын мәнінде осы кездегі Оспан батыр күресі негізінен коммунизмге қарсы майданға шыққан еді. Оспан үшін ең керегі ұлт бостандығы мен дін еркіндігі еді. Ал бұл құндылықтар коммунистік режимде іске асуы мүмкін бе?!” - деп жазады, 1984 жылы қалдырған қолжазбасында.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: