"Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі" – Шал ақын

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы) 1748 жылы Көкшетау жерінде (Ақмола облысының, Азат темiр жол станциясының маңында) дүниеге келген. Ақынның ес біліп, есейген өңірі — қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы. Әкесі – орта жүздің қолбасшысы, Абылай ханның жақын серігі болған, қазақ-қалмақ соғысына қатысқан атақты батырлардың бірі – Құлеке Тәңiрбердiұлы. Ал, анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы.

Тілеуке жастайынан ақындық өнерімен елге танылып, халық оны Шал ақын атап кетеді. Өйткені,  ол балалық шағында тілге шешен, тапқыр, зерек, ойға жүйрік болатын. Балауса кезінен-ақ өлең шығарып, үлкендерше сөйлеп, төрде отырып төрелік айтқан. Зерттеушiлер оның қаршадайынан Шал ақын ретінде танылуын ел аузында тараған осы оқиғамен байланыстырады:

Әйгiлi хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Бiрде Құлеке атын сұрай барғанда баласы Шалды ертiп әкеледі. Хан баланың көзiнше: «Iшi боқ, сырты түк, сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?» деп қойып қалады. Ал, таңертең ерте тұрған Тілеуке ханның отарға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап алып бара жатқанын көріп қалады. Бала ақын кетерiнде қысылмай:

 «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң,

Болмайды қойға пана тал дегенiң.

Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап,

Хан ата, қалай екен мал дегенiң?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi,

Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi.

Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен,

Хан ата, қалай екен малдың күшi?» деп ханның малжандылығын өлеңдетiп бетiне басады. Сөзден ұтылған хан Құлеке батырға: «Мына балаң маған үлкен адамдарша сөйледі, тумай жатып қартайған бірдеңе ғой» деп,  оның бәйге атын қайтарып, оған қоса бір жылқы беріпті. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң Шал ақын деген атын шығарған екен.

ХҮІІІ ғасырдың белгілі тұлғасы болған Шал ақын жақсылықты жырлайды, мұсылмандарды құлшылыққа, өмірді мәнді өткізуге шақырады. Дін исламды насихаттап, жастарды адамгершілікке тәрбиелейтін Шал ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.  

Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,

Атадан арыстан туып ассаң-дағы,

Алладан шыныменен жарлық келсе,

Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.

Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,

Намаз оқы, Алланы ойыңа алсаң,

Қырық жыл қашқан ажалдан Қорқыт та өлген,

Түбінде сөз менікі өлмей қалсаң.

Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,

Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ,

Жігіттер, жас кезінде тәубаға кел,

Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ.

***

Иман  – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі,

Бөріге қой алдырмас ердің ері.

Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,

Жоламас ешбір пәле, шайтан-пері.

…Жарлығы екі болмас Хақ Құдайым,

Жанында серігі жоқ, дақ  Құдайым.

Жанымды алсаң, Құдая, иманмен ал,

Шайтанның қазасынан қақ Құдайым.

***

Бір Құдайдан тілеймін өмірімді,

Ғұмыр берсең кірсіз қыл көңілімді.

Имансыздың көрінде от жанады,

Отқа салсаң көремін не күнімді?!

Бір Құдайдан тілеймін әуелі иман,

Иманымнан айрылсам көрге сыйман.

Бес уақыт намазымды қаза қылма,

Қарынбайды жер жұтты дүние жиған.

Бір құдайдан тілеймін мал-басымды,

Мал менен қартайтып ал жүз жазымды.

Өлерімде ауызыма иманым сал,

Білгенмін бұл өлімнен қалмасымды.

Бір құдайдан тілеймін иман, ғақыл,

Ақылсыздан әрбір ісім өтті ғафыл.

Ораза ұстап, бес намаз оқығанның,

Ол дүниеге барғанда ісі мақұл.

***

Ашу — дұшпан болғанда,

Нәпсі — жауың,

Ақыл — тұрған алдында асқар тауың,

Жүрекке ашу келіп толған шақта,

Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.

Ойласаң мың бір пәле тілден туған,

Шешендер топ ішінде тілді буған,

Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,

Жабылып мың бір пәле соны қуған.

***

…Қас жаманның белгісі

Жиын-тойға барғанда

Тамағына өкпе етер,

Өкпелейім деп кетер.

Нәпсің бір көкжал бөрідей,

Иманың бағлан қозыдай,

Егер тыю салмасаң

Иманыңды жеп кетер.

Ел елдетер, елдетер,

Ашылған тұман желдетер,

Жақсылардың алдында

Біразырақ сөйлесем,

Онан да менің нем кетер.

Өлгеннен соң басыңа

Топырақ үйіп белгі етер,

Белгі еткеннің белгісі

Көміп бір тастап ел кетер.

...Өткен менен кеткенді

Көп жасаған қарт білер,

Жолдың алыс-жуығын

Белі де жуан ат білер.

Біреуді жақсы деме сен,

Біреуді жаман деме сен,

Бұл дүниеден өткен соң,

Шын дүниеге жеткен соң,

Көтеріп көрге салған соң,

Көр қараңғы болған соң,

Кімнің жақсы, жаманын

Бір жаратқан хақ білер.

Адамзаттың белгілі

Бұл дүниеден өтері,

Өлгеннен соң белгілі

Тірлік бір жауап бітері.

Бұл айтқан сөз, құрбылар,

Бір күні болар керегі.

Басты бір аяқ қылады

Бір Алланың шебері.

Бақытты жігіт қол бастар,

Шешен жігіт дау бастар,

Әлемнен озған ала аяқ

Озып бір кетсе ойқастар.

Күнінде артықша туған жігіттер,

Жарысқа салмай кім тастар.

Елінде жақсы жігіттің

Алыста даңқы зор болар,

Мен сөйлейін, мырзалар,

Сөйлемесем бұл жерде

Қадірлі сөзім қор болар.

***

Жігіттер, жаман сөзді кәсіп етпе,

Құрбыңды өзің теңді басып өтпе.

Басыңа бір уақытта жұмыс түссе,

Дұшпан түгіл, досың да қашар шетке.

Жігіттер, мал мен басым көп демеңіз,

Киім бүтін, тамағым тоқ демеңіз,

Дәуіттің отыз ұлын бір күнде алған,

Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз.

Жігіттер, жалған дүние бізден қалар,

Бір күні ажал келіп жаныңды алар,

Жан шығып, дүниеден көшкеннен соң,

Мал-мүлкің, қатын-балаң бәрі қалар.

1998 жылғы 25 қазанда Петропавл қаласында Шал ақынның туғанына 250 жыл толу құрметіне орай, Халықаралық ғылыми-теориялық конференция, қарашада Алматыда ұлттық ғылым академиясының  ұйымдастыруымен «Шал Құлекеұлы және ақындық өнер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізіліп, облыс орталығында, ақынның туған ауданында, оның 250 жылдық мерейтойына арналған әртүрлi өнер сайыстары, айтыс  сияқты игі шаралар ұйымдастырылды. 1999 жылғы 14  желтоқсанда Елбасының Жарлығымен ақынның туған ауданы «Шал ақын ауданы» деп аталды.

ummet.kz

Бөлісу: