«Қазақстан» сөзін кең айналымға енгізген дін адамы

«Қазақстан» сөзін кең айналымға енгізген дін адамы

Ұлы тұлғалар
Жарнама

ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының ортақ мүддесі қазақ елін ағарту, білім-ғылымға насихаттау болды. Сол жолда барын салған, өнерімен, білімімен, бар ыждағатымен еңбек еткен арда азаматтың бірі – Ғұмар Қараш.

Ғұмар Қараш көрнекті ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылымға, берекелі ел болуға үндеген қайраткер-ағартушы, публицист. Араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген ғұлама-ахун. Өз дәуіріндегі мерзімді басылымдарға қазақ елінің көкейкесті мәселелері хақында үзбей ой толғаған қаламгер.

Білім жолын ауыл молдаларынан бастаған Ғұмар дін саласындағы білімін Уфа қаласында «Усмания» медресесінің негізін қалаған молда Хайролла Ғұсмановтан және Қазан қаласында Ғаб­дол­ғаллам хазірет Салиховтан жетілдіреді.[1] Өзі де қызметін ауыл молдасы ретінде бастап, бала оқытады. Уақыт өте келе халықтың көзін ашып, сауатын арттыру үшін тек діни білімнің жеткіліксіздігіне көзі жетеді. Ақынның тумасы әрі шәкірті, кейін ҚазМУ-де араб тілінен сабақ берген Хакім Әжікеевтің мына бір естелігінде Ғұмардың дін ілімі мен жаратылыс ғылымын ұштастыру жайлы көзқарасы жақсы суреттеледі.

«Мен оны жас кезімнен-ақ, мұғалім бола бастаған 1907-жылдар шамасынан бері білемін. Ол кез Ғұмардың Шәңгерейге[2] жиі қатынап жүрген кезі. Ғұмар жадид оқуды ол күнде медресе деп аталатын өз мектебіне енгізіп, фән сабақтарын жүргізіп, әсіресе орыс тілі, табиғат, жаратылыс пәндеріне өте-мөте көңіл бөледі екен... Мен жадид мұғалімі болғандығымнан маған, басқа да мен сияқты жас мұғалімдерге Ғұмарға жолығысып, оқыту істерінен пікір алысып, жол-жоба үйреніп тұруға тура келді...

Фән сабақтары ішінде жаратылыс-табиғат, география сабақтарының оқыту әдістеріне тоқталып, оларды түсіндіріп оқытуға тапсыратын. «Бұл фәндер дінде жоқ, дін бұзатын фәндер» деуші молдаларды «Құранда Құдайдың өзі «құл сиру феларзи фәңзуру»[3], бұл «Жер дүниені кезіңдер, ондағы әрбір жаратылыстың таңғажайып нәрселеріне ой жүгіртіп қараңдар» деген емес пе? Ал енді солай болса, бір адам қанша жиһанкез болса да дүниенің бір бұрышын айнала алмайды. Жағырафия ғылымын жақсы білгендер әр ықлимде жаратылыстың түрліше құбылыс жағдайларының өзгеше болатын себептерін үйде отырып-ақ көріп, біліп отырады» деуші еді»[4].

Ғұмар Қараштың діни ілім мен жаратылыс ғылымын қатар үгіттеуі баспасөз беттерінде де толастаған жоқ. Керісінше, ол жазған мақалаларында діни білім мен заманауи өнерді, кәсіпті игерудің маңыздылығына баса назар аударды. Әзірет Әлі «балаларыңызға өз заманыңыздың емес, олардың заманының ілімін үйретіңіздер» дегені іспетті, Ғұмар Қараш та оқырманын бүгінгі күнмен емес, келер күнмен өмір сүруге шақырды.

Өзі шығарушы редакторы болып қызмет еткен «Қазақстан» газетінде жарияланған материалдарында дін маманы, ақын-публицист Ғұмар Қараш саяси, философиялық, тарихи, діни, этикалық, шаруашылық мәселелерін көтеріп, білім мен ғылымға, мектеп ашып балаларды оқытуға, адамгершілікке үндеп отырған. Сол күннің өзекті мәлеселелерін арқау ете білген әрбір мақаласында Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінен не Құран аятынан не болмаса бір діни аңыздан үзінді келтіріп отырған.

Осы жерде тағы бір тоқталып өтер жайт, осыдан бір ғасыр бұрын екі тілде (қазақ және орыс) бірдей  жарық көрген басылымның «Қазақстан» деп аталуы шығарушылардың көрегенділігі іспетті. Ол кезеңде патшалық Ресейдің қарамағындағы отар елдің алдағы уақытта Қазақстан Республикасына айналатынын олар, әрине, білмеді. Жалпы «Қазақстан» атауын кім қойғаны жайлы зерттеушілер арасында бірауыздан келіскен пікір жоқ. Кейбірі Ғұмар Қараш десе, кейбірі газетке қаржылай демеушілік көрсеткен Шәңгерей Бөкеев дейді. Бірақ бір нәрсе анық, ол  –  «Қазақстан» газетінің Батыс Қазақстанда ғана емес, жалпы халық арасында, соның ішінде зиялы қауым арасында танымал болуына, газеттің «атына заты сай» келіп, шын мәнісінде жалпыхалықтық мүддені көтеруінде, сол арқылы оқырман санасында «Қазақстан» сөзі мен қазақ елінің мүддесінің бір екенін ұғындыруда Ғұмар Қараштың сіңірген еңбегі орасан зор.

Индира Жұмабекқызы


[1] «Ғұмар Қараш туралы тың деректер», «Егемен Қазақстан» республикалық газеті, 19.07.2018ж.

[2] Жәңгір хан немересі, қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басындағы көрнекті тұлғаларының бірі, ақын әрі меценат Шаһингерей (Шәңгерей) Бөкеев.

[3] Әнкәбут сүресі, 20-аят.

[4] Тәж-Мұрат М. «Ғұмар Қараш. Өмірі мен шығармашылығы», 2004ж. 24-бет

 

Бөлісу: