Маңғыстау кеніштерінің геологиялық картасын жасаған дін қайраткері

Маңғыстау кеніштерінің геологиялық картасын жасаған дін қайраткері

Ұлы тұлғалар
Жарнама

Тарих қатпарында ұлты үшін басын бәйгеге тіккен арыстар аз болмаған. Олардың бірін танысақ, бірін тани бермейміз. Елі үшін аянбаған талай ердің артында қалған еңбегін саралар болсақ бір емес, бірнеше өмірге сыйғызарлықтай.

Өз заманының сондай тау тұлғаларының бірі – Маңғыстаудан шыққан тұңғыш геолог-ғалым, Орта Азияға белгілі дін қайраткері, Алаш қозғалысының мүшесі, емші-шипагер,  ахун[1] Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы.

Алғашқы діни сауатын әкесі Тұрмағамбет ахунның мектебінде ашқан ол білімін Көне Үргеніште, кейін Хиуа, Бұқарадағы медреселерде жалғастырады. Діни ілімдерде біршама ілгерілеген Оразмағамбет 1897-1900ж.ж. Бомбей қаласында инженер-геолог мамандығын тәмамдайды. Сонан соң тағы үш жыл қысқа мерзімдік оқулармен Түркия, Иран, Алмания елдерінде білімін жетілдіреді. Ұзақ жылдар діни ілім мен жаратылыстану ғылымынан қатар сусындаған Оразмағамбет орыс, түрік, ағылшын, парсы, араб, үнді тілдерін жетік меңгерген дарынды кісі еді.

Елге оралып, ағартушылықпен айналысқан жас маман өзі туған Қызылсу ауылында асарлатып мектеп-медресе салдырады. Ішінде дәрісханалар мен кітапхана бөлмелері орналасқан мектеп біраз жылға дейін жұмыс істеп тұрған. Уфа мұсылмандар декларациясының 1926 жылы берген құжатынан Түпқараған болысындағы ауылдарға имамдыққа тағайындалғаны белгілі.

Ресей ғалымдары М.В.Баярунас, И.Н.Лупповпен бірге Маңғыстауда Қарабұғаз аймағында басталған геологиялық-зерттеу жұмыстарына қатысқан Оразмағамбет Маңғыстаудың қай жерінде қандай кеніштер бар екені туралы карта жасаған.  

Заманынан оза туған ғұлама әрі дін қайраткері жайында зерттеген ғалымдардың бірі, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы былай дейді: «Сауатын алғаш әкесінің қолынан ашқан Оразмағамбет Көне Үргеніш, Хиуа, Бұқара қалаларында оқыған. Шерғазы медресесінен дәріс алып, Зәкірат ишаннан дін, Мәткәрім ахуннан геология негіздерін үйренеді. Жоғарыда аталған шаһарларда ұзақ жыл білім алып, ғылым түрлерін, өзге тілдерді меңгереді. Іздене жүріп жол құрылысы, ауа райы, өсімдік дүниесі, шығыс медицинасы, халық емшілігі туралы ғылымдарға айрықша ден қояды... Елге келген соң Түпқараған болысы және Адай уезіне бас имам бола жүріп, ірі діни қайраткер деңгейіне көтерілген Оразмағамбет кейін тағдыр талқысымен Иран еліне қоныс аударған тұста небір сыннан сүрінбей өтіп, басқаларды өзін мойындауға мәжбүр етеді... М.В.Баярунастың шәкірті, көрнекті ғалым Н.П.Луппов: «1928 жылы (24 жасар студентпін) мен Михаил Викеньевич Баярунастың геологиялық отрядында прораб қызметін атқардым. Біз Маңғышлақта жұмыс істедік. Форт - Александровскіден (қазіргі Форт - Шевченко) біздің отряд ат және түйемен Қаратауға қарай жылжиды. Қаратаудан Қызылсуға барып аялдауды ұйғардық. Жанымызға орта жастағы, орта бойлы, толықша, сақал-мұрты жоқ кісі келді. Ол өте әңгімешіл және орыс тілін тәп-тәуір білетін болып шықты. Бұл ғалымдар келді дегенді ести сала бізді қонаққа шақыра келген Оразмағамбет Тұрмағамбетов екен. О.Тұрмағамбетов өзі ашқан жаңалықтарды баяндап, М.В.Баярунасқа кен бар-ау деген тұстарды көрсетеді. Оларды картаға түсіреді. Кезекті бір сапарға шығар алдында Оразмағамбет Баярунасқа семіз ат сыйлады. Ал, 1929 жылы келгенде Баярунас оған радио қабылдағыш сыйлады. 1930 жылы екі дос Маңғыстаудың Қаңға - баба жерінде кездесті. Оразмағамбет Баярунас арқылы «Правда» газетін алдырып оқитын», - деп жазады.»[2]

Кеңес үкіметі орнаған жылдары Оразмағамбет әрі дін адамы, әрі X. Досмұхамбетов, Б. Қаратаев, Т. Әлниязовпен тығыз байланысы бар Алаш қозғалысының белсенді мүшесі болғандықтан «халық жауы» ретінде қудаланады. Отбасымен және ауылдастарымен Түркіменстан арқылы Иранға көш аударған Оразмағамбет жолда бірнеше рет тұтқындалып, көптеген қиындықтарға тап болады.

Иранға орналасқаннан кейін жергілікті халық ол кісінің діни сауатын мойындап, мешітке имам сайлайды. Жергілікті билікке шаһар маңынан мұнай көзін тапқаны және оны өндіруге көмектесе алатыны жайында жазған хатынан хабардар болған Кеңес үкіметінің тыңшылары оны қалайда қолға түсірудің амалын жасайды. Ол кезде дос мемлекет саналатын Иран еліне Бакуден шығатын мұнайды сатуды жоспарлаған Кеңес үкіметі үшін ғалым-геологтың іскерлігі мен белсенділігі ұнамайды. Арнайы жіберілген жендеттер О.Тұрмағанбетұлын 1937 жылы тамыз айында тұтқындап, Ашхабад қаласындағы түрмеге қамайды. Бір жылға созылған тергеу нәтижесінде «халық жауы» деген ұйғарыммен мал-мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына бұйырады. Дегенмен, кейбір деректер бойынша Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы 1942 жылы 61 жасында қайтыс болған. Демек, сол кезде сауатты инженерлердің тапшылығына байланысты «жабық мекемелерде» жұмыс істеу үшін қамалған болуы ықтимал.

Ауылдастары мен көз көргендер арасында О.Тұрмағамбетұлының шипагерлігі жайында әңгімелер көп тараған. Ахунның соңында қалған тұяғы, Иранда тұратын Ебжан аға да әкесі жайында айтқан естелігінде оның емші ретінде біліктілігін баса айтады: «Жұрт Оразмағамбетті үлкен молда дейді. Ел жақтан келгендер белгілі орыс ғалымдарымен бірге жұмыс жасаған геолог дейді. Ал маған айттырса ол кісінің емшілік қасиеті де мол болды-ау деймін. Өйткені әлгі парсы дәрігері көзінің тірісінде «Оразмағамбет білігі көп дәрігер ғой. Талай ауруға соның жазып берген рецептісінен дәрі жасап беріп, сауабына қалдым. Маған рахметін айтушы еді. Қайдан білсін, нағыз емшісінің кім екенін» дейтін».[3]

Қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалымның Иран жеріндегі құзіретті орынға жазған хатынан-ақ қаншалықты терең білімге ие болғанын байқауға болады.

Өнеркәсіп бас басқармасына
Табиғи кен қазу туралы
Жер асты байлықтары

Мен, сіздің жанкешті құлыңыз, Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы Қазақ осылайша хабарлаймын: Бендер Шах (қазіргі Бендер Түрікмен) қаласы зауытының солтүстігінде 500 метр жерінде, жер астында мұнай қоры бар. Тереңдігі 450 метр.

Бұл мүнайды игеру үшін буровой қондырғысымен қазып, соған байланысты жұмыстардың барлығын жасап, шығынынан қашпай мол байлыққа жетуге болады.

Әрине, оған жұмсалатын қаражат мөлшері көп. Бірақ, бір жыл мұнай өндіргеннен кейін жұмсалған қаражаттың ақталатынына сенімдімін.

Бұл жердегі мұнай қоры шыға бастағанда минутына 6 мың фунт шамасында болады. Оны шығарып шетелдерге де сатуға болады. Бұл шикі мұнай құрамында бензин, керосин, кукірт...

Бендер шах қаласы.
Құрметпен, Оразмағамбет Тұрмағанбетұлы.

«Жақсының аты, ғалымның хаты қалады» демекші, Оразмағамбет ғұламаның Қызыласу тауының әр-әр жеріне тыққан мол кітапханасы ел аузында аңызға айналған.  Қазірге дейін 120-ға жуық кітабы табылып, соның 50 шақтысы сақталған.

Ерте жасынан білімге құштарланып, жиған-терген ілімін халқының игілігіне жаратуға асық болған асыл азаматтың өлімі жылаусыз, құны сұраусыз кетті десек те, іздеушісі жоқ емес. Бүгінде Отыншы Көшбайұлы, Тәжіназар Шадықұлы, Әбілқайыр Спанов сынды ғалымдар ғұламаның қиындық пен өнегеге толы өмір жолын, діни-саяси қайраткерлігін зерттеп, келер ұрпаққа насихаттап жүр.

Индира Жұмабекқызы


[1] Ахун - 18 ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласында қолданылған діни лауазым. Орта Азияны билеген Бұхар хандығының тұсында ислам ғұламаларының ең жоғарғы лауазымы болды. Қазіргі кезде Ахун деген діни лауазымның орнына наиб мүфти лауазымы ендірілген.  «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев, 1998ж., I том  

[2]http://www.elarna.net/kitap_kk.php?id=3682&oku=23333

[3] «Оразмағамбет мұралары туған жеріне оралды» http://lib.yu.edu.kz/culture

Бөлісу: