Дін қоғамның дамуына әсер ететін қозғаушы күш

Дін қоғамның дамуына әсер ететін қозғаушы күш

Дін және ғылым
Жарнама

Ислам діні қоғамдағы әлеуметтік қарым-қатынасты орнатады. Құранның «Хужурат» сүресіндегі 10-аятында: «Шын мәнінде мүміндер туыс. Сондықтан екі туыстың арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөленерсіңдер».

Мұндай бауырмалдық мұсылман қоғамында жүзеге асты. Сүйіспеншілік, татулық, бір-бірімен жәрдемдесу секілді ізгі қасиеттер орнаған ортада бір-бірімен түсінбеушілік қарама-қайшылық болмайды. Мұсылманның бәрі бауыр дей отырып, бір-бірімен қоян-қолтық өмір сүрулерін әмір етеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Көршісі аш болып, өзі қарны тоқ күйінде түнеген бізден емес» дей отырып, көршілердің араларында айрықша жақындық бар екендігін айтуда. Өмірде әділ, шыншыл, ісіне берік, іскер болуын бұйырады.

Бұлардың бәрі бір Алланың әміріне бағыну және сауапты амалдар қатарынан. «Маида» сүресінің 64-аятында былай дейді: «Олар жер жүзінде бұзақылық жасауға тырысады. Аллаһ бұзақыларды жақсы көрмейді». Бұл аяттың мағынасына қарағанда әлеуметтік маңызын өте қажет деп санаған нәрсені айтып отыр. Өйткені ел арасы ұжым болып ұйып тұрғанда, арасына іріткі салғаннан ауыр қылмыс жоқ. Дін адам өмірі мен тәрбиесіне қатты көңіл бөледі.

Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзінде үлкен мән бар екендігін білеміз. Сол себептен, адам біреуді әдейілеп өлтірсе, барлық адамды өлтіргендей болады. Мұның жазасы ретінде ол адамды өлтіру керек деп бұйырылады. Сонымен бірге отбасы мемлекеттің тірегі болғандықтан, үйлену, ажырасу, мирас, әке-шешеге құрмет көрсету сияқты мәселелерді қолға алады. Әкешешеге құрмет ету жайында Алла тағала Құрандағы «Исра» сүресінде былай дейді: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе, ешқашан «Түһ» деме (кейіс білдірме), сондай-ақ оларға зекіме, сыпайы сөйле». Осы ойды Имам Табари былай түсіндірген: «Раббың өзіне ғана құлдық етуін және әке-шешемен жақсы қарым-қатынаста болуды және оларға құрмет етуін үндейді. Әке-шешең сенің қасыңда қартайған кезде оларға реніш білдіріп, «түһ» деп кейіс білдірме, керісінше жұмсақ сөйле». Ибн Кәсир былай дейді: «Сені кішкентай кезіңде нәжісіңді тазалағандай, сен де қартайған әке-шешеңе жәрдемдес, олардан қиыншылық көргеніңде «түһ» деп айтпа, сабыр ет». Бұл аятқа қарағанда Ислам діні адам баласын мейірімділікке, сабырлыққа үндейді. Ілім жеміс болса, тәрбие – жеміс ағашы. Кімде әдеп болмаса, онда ілім жоқ деп Хасан Басри бекер айтпаса керек. Ислам жолы мен Исламның заманауи ғылым түрлерін қамтуы негіздерін игерген әрбір мұсылман өзі өмір сүрген қоғам мен ортада жақсы белсенділік көрсете алады. Ислам мәдениетті мінез-құлықтан бастады. Ғылым ізденуші мұсылман адам алдымен мінез-құлқын жөндеуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен көркем мінезді кемеліне келтіруге жіберілгенмін» деп пайғамбарлық міндетінің негізгі мақсаты әдеп екендігін нұсқап көрсетті.

Діннің, сенімнің қоғамда алатын орны ерекше. Бұл мәселе тек қана ХІХ ғасыр немесе ХХ ғасырдың діни социологиясы үшін емес, әрбір кезең үшін маңызды болып есептеледі. Шынында да сенім мен адам болмысы арасында өте терең байланыс бар. Доктор Генри Линк өзінің «Дінге оралу» атты кітабында АҚШ-та психологиялық зерттеулер бөлімінің бастығы ретінде 15321 әйел мен ер адамдарға жасаған зерттеу нәтижесі мен 73226 психологиялық тестінің қорытындысын былайша келтіреді: «Бір дінге сенген және құлшылық орындарына үзбей баратын жандарда адамдық және көркем мінез-құлық, дінге дұшпандық танытып, құлшылық орындарына бармайтын адамдарға қарағанда жақсы көрініс тапқан әрі берік қалыптасқан».

Ал Дейл Карнеги болса: «Уайымды таста, өміріңе мән бер» атты кітабында «Уайым – қайғының алдын алу шараларының бірі ретінде мыналарды жазған: «Бүгін жарты сағаттық тынығу уақытын бөлемін. Бұл тынығу кезінде Хақ тағаланы ойлаймын» дейді. Бұның өзі Алланы зікір етудің, уайым-қайғыдан құтылып, аз да болса тынықтыруға әсерінің барын білдіреді. Қоғамдағы әрбір жеке тұлға Аллаһты жиі еске алса, басына қиыншылық түскенде сабыр етіп, қуаныш келгенде шүкір етсе, қоғам өздігінен кемелденген болар еді.

Гарвард университетінің пәлсапа профессоры Уиллиам Джеймс: «Уайым-қайғыны емдейтін ең қуатты дәрі – діни сенім» деген. Доктор А.А.Брилл шынайы діндар болған кісінің рухани ауруларға шалдығуы мүмкін еместігін айтады. Психология мамандары дұға мен қуатты сенімнің реніш, уайым мен қорқынышқа жол бермейтінін дәлелдеген. Бұл үш кесел ауруларымыздың жартысын тудырған себептер.

Ең атақты психиатрлардың бірі доктор Карл Юнк «Рухын түсіну жолындағы қазіргі заман адамдары» атты кітабында мыналарды жазады: «Соңғы отыз жыл ішінде дүниенің әр тарапынан көптеген науқастарды қабылдадым. Жүз шақтысын емдедім, отыз бес жастан асқандардың ауруға шалдығуының негізгі себебі – діни сенімдерін жоғалтқандықтарынан еді. Бұлар өмірге діни көзқараспен қарамайды, діндар жолдастары сияқты әрекет етпейді. Діни сенімдеріне қайта оралмай, толығымен шипа таба алмайды» дей келе, адамдар діни сенімге бекінбесе, руханияттан жұрдай болса, жанға дауа табулары өте қиын екендігін айтуда.

Психологтар жүйкеміз жұқарып, рухымыз құлдырап, ішкі жан-дүниеміз қиналғанда біреуге мұңымызды шағып, жеңілдеуді дәрі ретінде көреді. Ешкімге айта алмайтын ішкі сырларымызды еститін және күллі нәрсеге күші жететін Аллаға айта аламыз, жалғыз содан көмек күте аламыз. Ислам діні сенімінде болудың отбасы тұрақтылығын баянды етудегі рөлі аса үлкен. Ж. Доминиян «Ажырасу» атты кітабында діни үкімдер бойынша жасалған некелерде басқаларға қарағанда, ажырасу аз кездесетіндігін айтуда. Еңбекте діни сенімі жоқ адамдардың ажырасу дәрежесінің өте жоғары екендігі көрсетіледі. ХІХ ғасырдағы діни социологияны қарастырғанда мына мәселелерге көңіл аудару маңызды: иманы, діни сенімі әлсіз адамдардың өзін-өзі өлімге итермелеуі көп кездеседі. Материалдық жағдайдың барлық нәрсені шешетінін мақұлдағандар статистикаларды мұқият зерттеген кездерінде жаңылысқандарын түсінеді. Мысалы: АҚШ-та жыл сайын жүз дәрігер өз-өзін өлімге байлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және БҰҰ баспасөздеріне қарағанда Жапонияда 22477 адамның суицид оқиғасы тіркелген. 1978 жылғы статистикаларға сүйенсек, мұндай өлім көрсеткіші Швецияда 20000 адам болыпты. Барлық нәрсені материяға тіреп, экономиканы негізгі тірек ретінде түсіндіретіндердің бұл жерде ойланулары керек-ақ. Мұндай қоғамда Ислам діні орнықпағандықтан рухани түрде шаршаған адамдар өмірден түңіліп, өз-өздеріне қол жұмсауда. Ақиқат дін жүрегіне орнаған адамның иманы өз-өзіне қол жұмсауына жол бермейді, мұсылмандар тіпті өзін-өзі өлтірген адамның жаназасын да оқымайды. Дінсіз қоғам, қоғамсыз да дін өмір сүруі мүмкін емес. Дін қоғамның дамуына бірден-бір әсер ететін қозғаушы күш. Бұны өткен тарихымыздан анық көруімізге болады. Сол діндердің ішінде Ислам діні қоғаммен және сол қоғамды қалыптастыратын адамзат дүниесімен өте тығыз байланысты. ХІХ ғасырдағы діни социология мәселесі сол дәуірдің де, бүгінгі күннің де ең маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Бұл тақырыпта діннің қоғамға әсері, оның қоғамда алатын орны мен ролі, қоғамға тигізер пайдалары мен тәртіп орнатудағы маңыздылықтары ерекше атап көрсетілді. Біз аталған тақырыпқа тоқталу арқылы өткен ғасыр мен осы дәуірдің танымал қоғамтанушылары мен философтарының, психиатрлары мен діндерді зерттеуші көрнекті тұлғалардың деректері мен көзқарастарын пайдалана отырып, діни социология мәселесін жан-жақты ашуға тырыстық. Нәтижеде мынадай қорытынды пікірді айтуға болатынына көз жеткіздік: демек, дінсіз қоғамның, ал қоғамсыз діннің өмір сүруі мүмкін емес. Дін – қоғамның дамуына әсер ететін ең негізгі қозғаушы күштердің бірі.

материал «Ислам және ғылым кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: