Дін және ғылым. Діннің ағартушылық қызметі

Дін және ғылым. Діннің ағартушылық қызметі

Дін және ғылым
Жарнама

Ғылым мен діннің арақатынасы – қайшылықты көзқарастарға толы күрделі тақырыптардың бірі. Бір топ ғалымдар ғылым мен дін бір-бірімен толық үйлеседі деп дәлелдесе, тағы бір топ зерттеушілер бұл екі ұғым қашан да қақтығысып келген деп санайды.

Ал тарихи мәліметтер көп жағдайда дін мен ғылымның бір-бірімен ұдайы үйлесімділікте дамығанын көрсетеді. М.Борн, М.Планк, В.Гейзенберг, К.Ф. фон-Вейцзекер, П.Иордан және басқа да әйгілі физиктер ғылым мен дін үндестігін өздерінің ғылыми жаңалықтары арқылы дәлелдеуге тырысқан. Тіпті ғылыми атеизмнің ең ірі өкілдерінің бірі П.Шахнович та өзінің шығармасында дін мен ғылым үндестігіне назар аударған.

Жаратылыстану ғылымдары әр нәрсенің сезім мүшелері арқылы танып-білетін қырлары мен функцияларын зерттесе, дін солардың түпкі мәнін іздейді. Осы тұрғыдан алғанда ғылым мен дін екеуінің де мақсаты – әлемді, жаратылысты түсінуге және түсіндіруге деген ұмтылыс. Дін бұл дүниені жақсы мен жаман, сүйіспеншілік пен жек көру секілді жоғарғы сезімдерге мән-маңыз бере отырып, бағамдайтын ауқымды дүниетеным болып табылады.

Ғылым мен діннің зерттеу нысаны бір арнада түйіскенімен, қолданатын өлшемдері екі басқа. Сондықтан оларды бір-бірін терістеуге бағытталған кереғар құбылыстар деуден гөрі дүниені екі қырынан қарастыратын бір ақиқаттың екі жүзі деп қабылдау шындыққа көбірек жанасады.

Айырмашылығы тұрғысынан келгенде, дінді ғылым немесе пәлсапа деп қабылдау негізді емес. Дін ғылымның себеп-салдарымен белгілі бір дәрежеде қатысы болғанымен, оның туындысы болып табылмайды. Діннің ақыл-ой қамти алмайтын да көптеген қырлары баршылық. Ғылым секілді дін де ақыл-ойды негізге алады, бірақ оны ешқашан діннің қайнар бастауы ретінде санамайды.

Әлемдік деңгейдегі ірі ойшылдар құрғақ білімнің адам баласына көп пайда әкелмейтінін, оның қадір-қасиетінің адамгершілікті тұлғалардың қолында болғанда ғана айқындалатындығын бір ауыздан құптайды. Осы тұрғыда Эйнштейн: «Ғылым бізге айналадағы құбылыстардың бір-бірімен қалайша байланыста болғандығын көрсетеді, алайда қалай болуы қажеттігін үйретпейді» дейді. Сонымен қатар: «Адамның түпкі мақсатын тек қана дін белгілей алады. Бірақ оған қай жолмен жету қажеттігі мәселесінде ғылымның да айтар сөзі бар. Ғылым ақиқатты кемшіліксіз білгісі келген жандар тарапынан қалыптасып, белгілі бір қағидаларға негізделіп құрылады. Бірақ оның да негізінде көбіне дін шешуші рөл атқарады. Мен терең иманы жоқ ғалымды елестете алмаймын... Негізінде, дінсіз ғылым – ақсақ, ғылымсыз дін – соқыр» деп жазған.

Ойшылдардың пайымдауынша, бір жақты ғылымды ғана үйренгенде айла мен күмән туындаса, бір жақты дінді ғана үйренген кезде фанатизм туады. Сондықтан ғылым мен технологияның жетістіктерін адамның тәндік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана емес, негізгі жаратылу мақсатын танып-біліп, өмірін соған қарай өрбіту жолында да қолдана білу қажет.

Діннің ағартушылық қызметі ғылым-білімді қолдауға, оған жол ашып отыруға саяды. Ислам дінінде ағартушылық мақсаттың негізгі рольге ие болғанын орта ғасырларда араб елдері мен ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салаларының қауырт дамығанынан аңғаруға болады. Көп ұзамай бұл құбылыс «Ислам Ренессансы» деген атауға ие болды. Омейяд халифаты тұсында Ғылым үйі жұмыс істеді, мұнда ғалымдар ежелгі грек ғылымының барлық жетістіктерін араб тіліне аударып, ғылымның ерекше түрі - «фәлсафа» қалыптасты, Еуропада бұл дәстүрді кейін схоластар дамыта бастады.

Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына Шығыстың, араб елдері ғұламаларының, Орта Азия ғалымдары әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Жүйнекидің және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте айрықша. Қазақ жеріндегі Отырарда дүниеге келген Әбу Насыр әл- Фарабидің өзі ғылымның әр саласына қатысты 150-ге жуық ірі еңбектер жазды.

Сонымен қатар ХІІІ ғасырда ислам ғылымының көптеген салаларындағы өзекті еңбектер латын тіліне аударылып, Батыс Еуропа елдеріне тарады. Олардың ішінде әл-Фарабидің ғылыми еңбектері, музыка, философия, оптика, геометрия, астрономия, медицина туралы ілімдер мен еңбектер кең тарады.

Осы орайда Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ қоғамына толық таралған, мұсылман дінінің қағидаларына сүйенген діни-ағартушылық жүйенің де маңызы зор болғанын атап айту қажет. Академик Ғ.Есім діни-ағартушылық бағыттағы ой-сананың қазақ қоғамында төрт бағытта өрбігенін дәлелдейді. Олар:

1. Діни-ағартушылық ой-сананың қазақ әдебиетінде: фольклорда, жыр-дастандарда яғни ауызша және жазба әдебиеттің барша жанрлары мен үлгілерінде және өнер туындыларында: мазарлар, кесенелер, мешіттер т.б. орын алуы.

2. Діни-ағартушылық ой-сананың жалпы халыққа білім беру ісімен тікелей байланысты болуы.

3. Діни-ағартушылық ой-сананың тәрбие ісімен тікелей байланыстылығы.

4. Діни-ағартушылық ой-сананың құқық мәселесінде кеңінен көрініс табуы.

Діни-ағартушылық ой-сана қазақ қоғамының рухани жағын түгел қамти отырып, ұлттық сананың, идея мен идеологияның қалыптасуына тікелей әсер еткен. Осы діни-ағартушылық бағыттың негізінде қазақ елінде рационалды ойлау жүйесі қалыптасып, дамыған. Оның бастау бұлағы – әл-Фараби, арғы жағы Платон, Аристотель, бергі жағы Абай, Шәкәрімдермен аяқталады. Қазақ халқының көрнекті ақындары: Доспамбет, Қазтуған, Шал ақын, Махамбет, Тұрмағамбет, Жамбыл, Сүйінбай т.б. жыршы-жыраулар шығармашылығы мен дүниетанымы қазақ елінде қалыптасқан діни-ағартушылық ой-сананың табиғи жалғасы болатын.

Еліміздің тарихындағы діннің ағартушылық қызметі:

- ел іргесін бекітуге, әлемдік өркениетке қосылуына, ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал ету;

- мешіт салып, елді имандылыққа, руханилыққа тәрбиелеу;

- медресе-мектеп ашып, халыққа білім беру жұмысын ұйымдастыру;

- Шығыс ойшылдарының мұраларын зерделеу, тарих, тіл, әдебиет, өнер, философия, медицина, фармацевтика, астрономия және т.б. ғылым салалары бойынша іздену;

- халықты ауру-сырқаудан емдеу, салауатты өмір салтын насихаттау;

- елді кәсіпке баулу және отырықшы өмірге машықтандыру;

- халықтың әлеуметтік жағдайы төмен әлжуаз топтарына қамқор- пана болу, қайырымдылық көрсету;

- Орта Азия халықтары мен Ресей империясының отаршылдық ықпалына қарсы халық арасында ұлт азаттығы мен діни-ағартушылық жұмыстарын насихаттау;

- Ресей білім жүйесі аясында оқу-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру;

- араб-парсы, түркі-шағатай тілдеріндегі жазба әдеби, фольклорлық мұралардың классикалық үлгілерін қайталай жырлаған қолжазбаларды тарату, кітап етіп жариялау, т.б.

- Кеңес үкіметі кезіндегі идеологиялық қыспаққа қарамастан, отаншылдық, ізгілік, діни-мұсылмандық тәрбие беру бағытындағы жұмыстардан танылады.

Шығыстанушы ғалым Ә.Дербісәлінің «Қазақстан мешіттері мен медреселері – рухани шамшырақтар» кітабында ІХ-ХХ ғасырлар аралығында қазақ елінде болған мешіт, медреселер, оларда қызмет жасаған ислам ғұламалары мен ағартушылары, діни қайраткерлер жөнінде құнды деректер, мағлұматтар бар. Автор: «ХІХ ғасырдың 60- шы жылдары Түркістанда 20-ға жуық, ал 1920 жылдары 56 мешіт, медресе болды. Қазан төңкерісіне дейін Ақтөбе аймағында 200-дей, Бөкей хандығында 78-дей, Жетісу өлкесінде 269, Жамбыл облысында 49, ал Әулиеата қаласының өзінде 15 мешіт пен намазханалар жұмыс істеді»деп жазады.

Діннің ағартушылық қызметі қалай жүргізілгеніне тоқталсақ, мешіт, медреселерде ұстаздық еткендер Орта Азия, Түркия, Ауғанстан, Мысыр, Үнді т.б. елдерде оқыған, жоғары дәрежедегі білім алған қоғамдағы діни-ағартушылық ағымның өкілдері болды.

Қазақ мұсылмандығын қалыптастыруға, бекітуге қызмет еткен діни-ағартушылардың дүниетанымдық тұғырнамасы, ұстанған бағыт-бағдары құқықтық жағынан Имам Ағзам Әбу Ханифаның, сенімдік жағынан имам Матуридидің іліміне негізделіп, түркі халықтары арасында кең тараған, төлтума мәдениетімізбен суарылған дәстүрлі мұсылмандық түсінігімізді қалыптастырды.

Ғибратнама:

Құран Кәрімнің әлемдік ғылымды дамытуға, адамзат баласының дүниетанымы мен көзқарасының қалыптасуына, рухани жан дүниесінің кемелденуіне тигізген ықпалы, қосқан үлесі өте сүбелі. Кезінде Париж Дәрігерлер академиясының мүшесі, доктор Маурики Буалде былай деп жазған-ды: «Құрандағы ғылыми болжамдардың көпшілігі хазіреті Мұхаммед дәуіріндегі білімдарлар деңгейімен салыстыруға келместей ерекше терең. Демек, оны адамзат еңбегінің туындысы деу ақылға сыймайды».

Ал француз ғалымы әрі жазушысы доктор Морис Букель былай дейді: «Құранды түсіну үшін адамға энциклопедиялық білім керек. Ислам дінді де, ғылымды да бір-бірінен ешқашан ажырата қарастырмағанына мен енді таңқалмаймын. Өйткені қазіргі заманда ғылым қаншалықты биік жетістікке жетсе де, дінмен одақтас болып келеді. Тіпті ғалымдар кейбір нақты ғылыми жетістіктерді тереңірек түсіндіру үшін Құранның аяттарына жүгінеді».

материал «Имамға көмекші» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: