Намаздан соң дауыстап тәкбір айту

Күдікпен күрес
Жарнама

Ибн Аббастан (р.а.) Алла Елшісі (с.ғ.с.) заманында жамағаттың бес уақыт намаздарын оқып бітіргендіктерін, жоғары дауыспен Алланы еске алып, зікір етіп жатқандарынан білетіні жайында хадисте келтіріледі. Ибн Аббас (р.а.): «Мен соны (жамағаттың тәкбір айтып жатқандарын) естіген кезімде, олардың намазды аяқтағандарын содан анықтап білетін едім», - деген.

Имам Бұхари келтірген тағы бір хадисте: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) намазды аяқтағандығын тәкбір арқылы білетін едім», - дегендігі риуаят етіледі. Бұл хадистің мағынасы, Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға Алланы еске алып, зікір айтудың сипатын үйрету үшін дауыстап тәкбір айтатын болған. Амр ибн Динардан (р.а.): «Имам намазды бітірген сәтте, адамдар 3 тәкбірді айтатын еді», - деп айтқандығы келтіріледі.

Жамағат арасында кейбір намазхан бауырлар жоғарыда келтірілген хадистегі мәтіннің өзін ғана оқи салып, амал етіп, намаздан соң бар дауыспен «Аллаху Акбар» деп тәкбір айтып, өзге намазхандарды шатастырып жататындар кездесіп жатады. Ал, енді олардың солай істегендері сүннетке сәйкес келеді ме? Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) расымен намаздан кейін үш рет тәкбір сөздерін бар дауысымен айтқан ба? Осы сұрақтарға дұрыс жауапты іздеп көрейік.

Имам Табари және басқа да исламның шоқ жұлдыздары намаздан кейін дауыстап тәкбір айтуды мұстахаб[iv] амал санаған. Алайда хадисте келтірілген «жоғары дауыспен» деген сөздің амал жүзінде қолданылуы тым қатты дауыс болмау керек екендігінде фиқһ ғалымдары арасында дау жоқ.

Енді, жоғарыда хадисте келтірілген «3 тәкбірді айтатын еді» деген сөзге тоқталатын болсақ, Сауд Арабиядағы пәтуа беруге жауапты ғалымдар комитеті намаздан соң үш рет «Аллаху Акбар» сөзін бар дауыспен айтуды құп санамайды. Үш тәкбір айту ол – «СубханАлла – (Алла Пәк)», «ӘлхамдулиЛлә – (Аллаға мадақ)», «Аллаху Акбар – (Алла Ұлы)» деген сөздерді әр қайсысын 33 рет айтып шығу керектігі туралы мағынаны білдіреді. Үш тәкбірге қатысты айтылған барлық хадистердің түсініктемесі жоғарыда келтіргендей мағынаны білдіреді[v]. «Хадистегі үш тәкбірді айту деген, зікір айтуды білдіреді. Ал, зікір болса, «СубханАлла», «ӘлхамдулиЛлә», «Аллаху Акбар» деген сөздер[vi].

Осы орайда, жалпы фиқһ ғалымдары намаздан соң үш тәкбір айту дегеніміз: «СубханАлла», «ӘлхамдулиЛлә», «Аллаху Акбар» үш зікір (Алланы еске алу) сөздерін айту керек, деген қорытынды пікірге тоқтаған.

Әзірлеген: Берікбол ЖАНАҚ


[i] Бұхари, Мүслим.

[ii] Шафиғи.

[iii] Имам Ахмад.

[iv] Таңдаулы, ең көркем, ұнамды амал.

[v] Сауд Арабиядағы пәтуа беруге жауапты ғалымдар комитетінің берген пәтуасынан («Фәтәуа әл-Ләжна әд-Дәимә» 5/420).

[vi] Усайминнің пікірі.

Бөлісу: