Халықаралық терроризммен күрес

Халықаралық терроризммен күрес

Күдікпен күрес
Жарнама

Қазіргі таңда әлемде халықаралық қатынастардың көпполярлық жүйеде қалыптасуы, өзара іс-әрекеттердің ғаламдық және аймақтық деңгейде дамуы белсенді түрде жүргізілуде.

XX-XXI ғасырлардағы ғаламдық проблемалардың бірі – терроризммен күрес қазіргі әлемдік қауымдастықтың даму жолының жаңа бағытына айналды. Соңғы ғасырларда орын алған терроризмді XIX-XX мен XX-XXI ғасырлар деп екі кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бұл екі кезеңде болған террорлық әрекетке назар аударғанда екеуінің арасында айырмашылықтың бар екенін байқауға болады. Атап айтқанда, бірінші кезеңдегі террорлық әрекеттерде қылмыскер мен жәбір көруші арасында белгілі бір байланыс бар болса, соңғы кездегі лаңкестік іс-әрекеттерге көп жағдайда ешбір байланыс жоқ.

Осы уақытқа дейін терроризм қаупі жаһандық ауқымға жайылып үлгергенін байқауға болады. Адамзатты алаңдататын маңызды түйткілдердің бірі – терроризм мәселесі болып табылады. Ол бастапқы идеялары бойынша дәстүрлі діндерге сүйеніп, олардың өңін айналдырып, діни сенімді бұрмаланған күйде танытады.  Өзінің позициясын ақиқат ретінде дәйектеуге тырысатын бүлікшіл пиғылды террористік ұйымдар адамзатқа айтарлықтай қауіп төндіретіні сөзсіз. Әлемнің түпкір-түпкірінде орын алған террористік әрекеттерден содырлардың қолынан мыңдаған жазықсыз адам қаза тапты. Соңғы уақытта террористік актілер тек шиеленіс аймақтарында ғана емес, сонымен қатар дамыған елдерде де орын алуда. Терроризмнің басқа жаһандық проблемалармен байланысы ашық түрде байқалады. Сондай проблемалардың қатарына мемлекетаралық қатынастардың шиеленесін, ұлтаралық және дінаралық қатынастардың ушығуын, халықаралық қылмыс, кибер-қылмыстар деңгейінің артуын жатқызамыз.

Күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы – терроризм деп аталады. Терроризмнің мақсаты – адамдардың қаза табу қаупін төндіру, едәуір мүліктік залал келтіру не қоғамға қауіпті өзге де салдарлардың туындау қаупін төндіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту, егер бұл іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, сол сияқты мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау.

Терроризм бүгін ғана пайда болған қасірет емес. Кейбір зерттеулерге қарағанда, террористік іс-шаралардың басталуы біздің заманымызға дейінгі  44 жылы Цезарьды өлтірген жылға негізделеді. Адамзат тарихында террор туралы мәлімет Фессалонияның автономиясы үшін римляндармен күрескен еврей саяси топтарының әдістерінен көрінген еді. Одан кейін ортағасырлык инквизиция, Варфоломей түні, Француз буржуазиялык революциясы, Париж коммунасы, Октябрь революциясы, «қызыл-ақ» террор және тағы басқалар қақтығыстардың болғаны тарихтан белгілі. Біздің дәуірдің І ғасырында Иудада сикарилер бағыты белсенді әрекет етті. Оның мүшелері римляндармен біріккен еврейлердің атақты тұлғаларды жойған болатын. Орта ғасырларда мұсылмандық ассасиндер ағымы өкілдері өңір басшылары префекттер мен халифтерді өлтіріп террорлық әрекеттерді жүзеге асырған. Үндістан мен Қытайда кейбір жасырын қоғамдар саяси террорды жүзеге асырып отырған. Түптеп келгенде терроризмнің діні, ұлты, нәсілі мен отаны болмайды. Терроризм заманның әр уақытында болған, бар және болады. Тек оны дер кезінде анықтап, оның алдын алу шараларын іске асырып отыру қажет.

Мемлекет басшыларының, топ адамдардың, жалпы халықтың үрейін ұшыру мақсатында адамдарға немесе жекеменшікке бағытталған бір мемлекет өкілдерінің екіншісіне қарсы акті жасау, ұйымдастыру, жүзеге асыруға жәрдемдесу, қаржыландыру немесе қолдау көрсетуі немесе оған жол беру әрекеттері – халықаралық терроризм деп аталады. Халықаралық терроризм мәселерін зертеуге көптеген тарихшы-зерттеушілер өз үлесін қосқан. Швейцариялық Т.Денкердің «Стратегия антитеррора», француз Р.Саленің «Террористический вызов», неміс И.Беккердің «Дети Гитлера», поляк А. Бернградтың «Стратегия терроризма», венгір Е.Ангелдің «Мифы потрясенного создания», ресейлік С.Н.Борисовтың «Философско-культурологический анализ феномена терроризма в мире традиционализма и современности» атты зертеулерін атап өтуге болады. Зерттеулерде терактілердің себептерін, механизмін, психологиясын ашып көрсетуге ұмтылыс жасалған.

Халықаралық терроризм қай дінге болмасын залалын тигізіп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы органдарының есебінің бірінде болашақ ғасырда адамзатқа екі үлкен қатер төнетін болады делінген. Сол қатердің бірі – экологиялық апаттар болса, екіншісі – терроризм. Өздерінің қылмыстық мақсаттарын іске асыру үшін террористер барлық зұлымдық әрекеттерді жасауға дайын екені  белгілі. Терроризм заң шеңберінен тыс жолмен, қорқыныш ұялату үшін зорлық көрсету актілерін жасау арқылы қазіргі кезде территориялық және ұлтаралық қайшылықтарды шешу тәсіліне айналып барады. Халықаралық терроризмнің барлық түрі, ұстанған жалауы мен ұраны қандай болғанына қарамастан, бүгінгі күннің қиын мәселенің бірі. Бүгінде терроризм XXI ғасырдағы географиялық кеңістігі мен уақытын анықтау жағынан болжап білу мүмкіндігі жоқ, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық зардаптары тұрғысынан ең қауіпті індеттердің біріне айналып отыр. Қазіргі терроризмнің ауқымы есірткімен, қару-жарақпен, контрафакттік тауарлармен, күштеп алушылық және төлем алу мақсатымен адамдарды ұрлау, жоғары технологияны қолдануға негізделген қылмыс түріне айналып барады. Олар саяси, ұлттық, діни көріністермен бүркемеленіп, жоғары технологиялық терроризм (компьютерлік немесе кибертерроризм) сипатына ие болуда. Терроризмнің бұл түрі ғаламтор желісіне қосылған маңызды инфрақұрылымдарды (көлік, атомдық электростанциялар, сумен қамтамасыз ету және энергетика көздері) басқарудың компьютерлік жүйесінің кей жағдайдағы осалдығына байланысты қауіп төндіреді.

Соңғы деректер бойынша халықаралық деп танылған террористік ұйымдардың қатарында Аль-Каида, Боко харам, ИРА (Ирландық республикалық армия), Ислам мемлекеті, Талибан, ЭТА, Ан-Нусра фронты және тағы басқасы бар. Бұл террористік ұйымдар әлемнің көп елдерінде ресми түрде тыйым салынған болып табылады. Соның ішінде кейбір жекелеген террорлық ұйымдар өзіндік жеткілікті материалдық-қаржылық және адами ресурстарға ие, құрылымы тұрақты, әрі кең таралған жүйеге айналды. Заманауи қарулар мен технологияларды иемденген терроризм қазіргі жаһандану кезеңінде әлемнің кез-келген аймағында тұрақтылықтың бұзылуына ықпал ете алатын күшке ие болып үлгерді. Қару-жарақ пен түрлі жарылғыш заттар қолдану, әрі адам ұрлап, кепілге алу арқылы жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсету әрекеттері терроризмді жеке тұлға өміріне, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қауіп төндіретін кең ауқымды құбылыс екендігін айқындайды. XXI ғасыр басталған уақыттан бері әлемде қатаңдығы бойынша жан түршігерлік қайғылы оқиғалар орын алды. Жер-жерде болған террористік актілер зорлық пен террорды насихаттайтын ыдыратушы күштердің қаншалықты қауіпті бола алатындығын көрсетті. Нәтижесінде бүкіл әлем халықаралық терроризмге қарсы бірікті.

Қазақстанда Аль-Каида, Талибан, Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс, Ан-Нусра фронты, Ислам мемлекеті атты халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Таяу Шығыстың жекелеген елдерінде, оның ішінде Сирия мен Иракта орын алған оқиғалар әлемде террорлық идеологияның шын мәнінде жаңа түрінің қалыптасқанын көрсетті. Халықаралық сахнада Ислам мемлекеті құбылысының пайда болуы әлемдегі діни радикализмге қарсы күресудің осыған дейін қалыптасқан әдістерінің белгілі бір дәрежеде әлсіздігін байқатты. Бұның басты себебі басқа халықаралық террористік ұйымдарға қарағанда өзін-өзі жариялаған Ислам мемлекеті идеологиясының нысаны әлемнің барлық мұсылмандарына бағытталып отырғанында және географиялық кеңістігі  тұрғысынан шектелмегендігінде болып табылады. Өзін-өзі жариялаған Ислам мемлекетінің теріс іс-әрекеттері жер бетіндегі адамзатқа қауіп төндіріп отыр. Сондықтан, Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2015 жылғы 15 қазандағы шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасы территориясында Ислам мемлекеті және Ан-Нусра фронты атты халықаралық террористік ұйымдарға ресми түрде тыйым салынған болатын.

Бүгінде мемлекет алдында көптеген кезек күтірмейтін мәселелерді шешу міндеті тұр. Қоғамдағы келісім, ішкі татулық пен береке-бірлік әр мемлекеттің террорға қарсы мықты бекінісі әрі қорғаны. Ең маңыздысы, адамдарды зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, қатыгездікке итеретін факторларды анықтап, оларды еңсеру үшін нақты шараларды қолдану керек. Әр адам өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлап, құқықтың үстемдігі іс жүзінде жүзеге асатын болса, заңсыздық пен әділетсіздік орын алмаса, қоғамның басын біріктіретін құндылықтар дәріптелсе, сонда ғана потенциалды террордан сақтануға болады. Қоғамымызда халықаралық терроризммен күрес және осы бағытта діни ағартушылық жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады. 

Берікбол Жанақ,

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: