«Сәләфия» сөзінің алғаш бұрмалану тарихы

«Сәләфия» сөзінің алғаш бұрмалану тарихы

Күдікпен күрес
Жарнама

«Сәләфия» сөзінің тілдік мағынасы «бір нәрсеге қатысты болу» дегенді білдіреді. Сол себепті сәләфия сөзінің ұғымында кезеңдік шектеу реңкі жоқ, барлық заманға қатысты қолданылады.

Әр заман ағымы – өзінен соң келетін уақыт үшін – сәләф (өткен, ілгері, алдыңғы), ал, өзінен бұрын өткен уақыт үшін – халәф (кейінгі).   Уақыт өте келе «сәләф» сөзі ислам мәдениетінде тұрақты терминдік мағынаға ие болып, нәтижесінде мұсылман үмбеті тарихындағы алғашқы үш ғасырда ғұмыр кешкен ізгі ұрпақты білдіру үшін қолданылады. Оның негізі Алла елшісінің (с.ғ.с) мына хадисіне сүйенеді:

Нұғман ибн Баширден (р.а) келген бір хабарда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Адамдардың игі жақсылары – менің ғасырымдағылар, содан соң – олардан кейін келгендер, содан кейін – олардың артынан келгендер. Олардан кейін, бірінің куәлігі сертінен бұрын және серті куәлігінен бұрын берілетін қауымдар келеді»,–деген (Бухари, Муслим).

Алайда, кейін уақыт өте келе «сәләфия» терминінің мағынасы өзгеріске ұшырап, ислам қағидасына мүлдем жат, өзімшілдікке итермелейтін бүлікшіл мақсаттың құралына айналып кетті. яғни, өздерін сол жақсылардың буынына қатыстымыз деп есептейтіндер тарапынан мағынасы бұрмаланды. Олардың кейбірі өздерін ғана «сәләфтардың мұрагеріміз, бізден басқа сәләфи жоқ» деп санайды. Олардың сәләфия термині туралы түсініктерінің мұсылман ғалымдары арасында түрлі көзқарас тудырған болмашы мәселелер төңірегінде ғана шоғырланғандығын байқаймыз. Осы үмбеттің санаулы адамдарымен ғана кеңесетін олар, дінді терең түсініп, оның кең таралуына сүбелі үлес қосқан әйгілі үмбет ғұламаларының басым бөлігін бидғатшылар деп есептейді. Олардың ойынша, ислам ақидасын негіздеп, сенім мектебін қалыптастырған көрнекті ғалымдар да – бидғатшылар. Әсілінде олардың үмбет арасына іріткі салып таласып жүрген мәселелері шариғаттағы негізгі емес, тармақты кейбір нәзік тақырыптар ғана.

«Сәләфия» сөзінің бұрмалануы

«Сәләфия» термині Мысыр елі Британияның отары болып тұрған, Жәмәлуддин Афғани мен Мұхаммад Абдуһтар байрағын желбіреткен реформация қозғалысы белең алған кезеңде қолданыла бастады. Реформаторлар мақсаттарына қол жеткізу үшін сәләфия терминін өздеріне ұран етіп алды. Бұл сол кезеңдегі Мысыр елінің басынан кешіріп жатқан қиын жағдайымен тікелей байланысты өрбіді.

Себебі бұл кезеңде Мысырда ел арасында алуан түрлі бидғаттар, хурафаттар (дінде негізі жоқ, дінге енгізілген жаңалықтар) кең таралған болатын. Олар күн өткен сайын етек жайып, көбейе түсті. Аталмыш қате сенімдердің, бидғаттардың дұрыс (сахих) сопылыққа ешқандай қатысы жоқ еді.

Десек те, қоғамдағы діни алауыздық елдің бірлігіне әсер етпей қоймады. Қоғам іштей екіге жарылды. Екеуінің ұстанымдары бір-біріне қарама-қайшы жатты. Бірінші топ «Батыс өркениетінің көшіне қосылу қажет. Бұрыннан қалыптасқан ақыл-ойға, санаға шектеу салатын түсініктерден, тіпті осыны көздейтін ислами ой-пікірлерден де арылу керек» дегенді алға тартты. Ал екінші топ «Мұсылмандарды бүкіл бидғаттардан, хурафалардан, жаңсақ пікірлерден ада, дұрыс исламға бағыттау арқылы түзеуге болады. Ең бастысы – ислам дінін жаңа заман көшіне ілестіру керек. Сырттан келген шетелдік өркениет пен ислам дінінің арасынан үндестік тауып, сабақтастық жолын іздестіру қажет» деп есептеді. Міне осы екінші топтың алдыңғы қатарында Шейх Афғани мен шейх Мұхаммед Абдуһ тұрды. Олар сәләфияны өздеріне ұстаным етіп алып, осы ұран арқылы елді ислам дінінің саф келбетін бұзған жаңсақ пікірлерден, бидғаттардан, хурафалардан тазартуға шақырды. Олар дінді түсінуде, ғибрат алуда, мінез-құлықты қалыптарстыруда мұсылмандарды сәләф салих (р.а) дәуіріндегі қалыпқа түсуге үндеді.

Сәләфия сөзін қолданудағы басты мақсат – мұсылмандарды құлдырап кеткен жағдайларынан жиіркендіріп, бұқара халықтың жиіркенішін тудыру, өткенге сағынышын ояту болатын. Олар осы мақсаттарын әуелгі ғасырдағы ислам мен мұсылмандардың гүлденген жағдайы мен кейінгі халықтың басынан кешіріп жатқан ауыр халдерін салыстыра отырып жүзеге асыруды көздеді. Осылайша ислам дінін сәләф дәуірімен байланыстырып, сәләф дәуірін барша бақыттың, өрлеу мен жақсылықтың ұйытқысы ретінде көрсетуге күш салды. Сол аралықта Мұхаммед бин Абдулуаһһаб құрған уаххабилік ағым нажд пен Араб түбегіндегі кейбір аймақтарына ғана тараған еді. Бұл ағым мен Мысырда жүріп жатқан реформация қозғалысы арасында ортақ пікір мен көзқарастар бар еді. Ол – дінде негізі жоқ сенімдер мен әрекеттерге қарсы күресу. Міне, осылайша сәләф пен сәләфия сөзі уаххабилік ағым өкілдерінің арасында да үлкен қарқынмен таралды. Тіпті уақыт өте келе уаххабия сөзінің орнына сәләфия сөзі қолданыла бастайды. Мұндағы мақсат–Уаххаби ағымының пікірлері тек Мұхаммед бин Абдулуаһһабтан емес, сәләфтардан бастау алады деген ойды қалыптастырып, халықты «бұл ағымды құрудағы негізгі себеп сәләфтар ақидасын ұстанып, солардың жолдарын жалғастыру» деп сендіру болатын. Осы кезеңнен бастап, «сәләфия» ұғымы мысырлық қозғалыс мүддесіне қолданылған аясынан шықты. Сөйтіп, сәләфия сөзі өздерін «ақиқат жолындамыз, сәләф салихиндер (алғашқы ізгі буын) ақидасын сақтаушымыз, солардың ұстанған жолдарын таратушымыз» деп, өздерін қалған мұсылмандардан жоғары санайтын уаххабилік ағым өкілдерінің лақабына айналды.

Сәләф салихтарға еру туралы ғұлмалардың көзқарастары

Сәләф салихтарға еру олардың айтқандарын сөзбе-сөз қабылдау немесе кейбір пікірлерімен ғана келісу емес. Өйткені сәләф салихтар бұны талап етпеген. Олардың көзқарастарына ерудің дұрыс үлгісі Құранды тәпсірлеудің немесе астарлы мағыналы аяттардың мағыналарын түсіндіру қағидаларына сүйену, ижтихат негіздеріне жүгіну, үкімдер мен ұстанымдарға қатысты қалай пікір өрбіткендеріне көз жүгірту арқылы жүзеге асады. Бұл ұстанымдар мен үкімдерге жүгіну қай уақытта болмасын мұсылмандардың міндеті саналады. Бұл тек сәләф салихтарға емес, хәләфтарға да қатысты. Сәләф салихтердің осы мәселеде халәфтардан еш айырмашылығы жоқ еді. Негізгі ерекшеліктері қағидалар мен сол қағидаларға жүгінудің қажеттілігін сезіне білу, содан кейін ол қағидаларды негіздеп, қағаз түсіруде ғана болатын.

Шынайы сәләф салихтерге ерушілер, ол –Құран мен сүннетті түсінуде сәләф салихтардың сара жолын (ислам ғұламаларының бірізділікке түсірген қағидалар мен ережелерін) ұстанушылар. Бұл ұстаным ізгі сәләф салихтардың істерінде анық көрініс тапқан. Осы жолды ұстанған адамның барлығы кейінгі ғасырларда өмір сүрсе де, әхлу сунна уал жамаға санатына кіреді. Ал, бұл жолды ұстанбаған адам исламның алғашқы кезеңінде ғұмыр кешсе де, жамағат қатарына кірмейді. Сәләф салихтарға еру сәләфтардың дінді дұрыс қалпында түсініп, оған амал етуде орындаған әрекеттеріне, ілімдеріне сүйенуді білдіреді. Бұл – барша мұсылман қауымына ортақ ұстаным.

Сондай-ақ, ізгі сәләфтар аталмыш жол аясында белгілі бір мәселеге қатысты қалайша әртүрлі көзқарас білдірсе, кейінгілер де оған еріп, олардың жолын ұстана отырып, әртүрлі пікір білдіру құқына ие. Сәләф салихтардың өзара түрлі көзқараста болуы олардың бірлігіне сызат түсіріп, «тура жолды ұстанушы» немесе «тура жолдан таюшы» деп бөлінуіне себеп болмаған. Сол секілді кейінгілердің арасында туындаған пікір қайшылығы мұсылмандардың бірлігіне еш нұқсан келтірмейді және «сәләфи», «бидғатшы» деп екі топқа бөлінуіне жол бермейді. Сәләф салихтар (р.а) сәләф сөзін қандай да бір мұсылманды қоғамнан жырақтату, алалау мақсатында қолданбаған. Олар өздерінің сенімдері мен мінез-құлық тәрбиесіндегі ұстанымдарын өзгелерден ерекшелейтін айрықша көзқарастағы жамағат ретінде де көрсетпеді. Керісінше, сәләф салихтар мен қазіргі таңда біз халәф деп атап жүрген ғалымдар арасында осы үрдіс негізінде өзара түсіністігі зор қарым-қатынас орнаған. Кейіннен мұсылмандардың арасынан шыққан бір топтың әрекеті салдарынан олардың арасындағы осы бірлік пен тұтастықты бұзатын бүліктің туындайтындығы сәләф салихтар мен хәләфтардың да ойына келмеген еді. Сондай-ақ сәләф салихтар құлшылықтарға қатысты үкімдер мен сенімдегі тармақты мәселелерінде бір ғана жолды ұстанбаған және олар үшін діннің тармақты мәселелерінде түрлі көзқараста болу алауыздыққа жол ашпаған. Айталық, фақихтердің арасындағы тармақты мәселелерге қатысты пікір алуандығы сәләф салихтердің арасында да бар еді. Сол себепті кей тармақты мәселелерге орай берілген үкімдерді ғана негізге ала отырып оны сәләф салихтардың ұстанымы деп есептеу дұрыс емес. Өйткені, мұндай көзқарастан екі түрлі ой туындайды.

Біріншісі: жекелеген ұстанымдарды сәләф салихтардың бірауыздан келіскен шариғат заңы деп есептеу. Бұл – құр болжам ғана.

Екіншісі: фиқх имамдарының табиғин ұстаздарынан жеткізген ұстанымдарын сәләф салихтардың жолы емес деп ойлау. Бұл – тек бүлікшінің аузынан шығатын сөз. Дұрысы, фиқх мазхабтары сәләф салихтардың ұстанымдарын жеткізуші әрі олардың фиқхқа қатысты көзқарастарын насихаттап, түсіндіруші бірден-бір дәнекер болып табылады. Қалайша Құран Кәрімнің мутауатир қырағаттары – Алланың кітабының жеткізудің, хадистегі сәнәд (тізбекті сақтау) – пайғамбар хадистерін жеткізудің жолы болса, дәл солай фиқх мазхабтары да сахабалардың фиқхқа қатысты көзқарастары мен ұстанымдарын жеткізудің бір жолы болып табылады.

материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: