Білімсіз және жүйесіз пәтуа беру өте қауіпті

Күдікпен күрес
Жарнама

Шектен шығып, асыра сілтеушілердің алға тартқан мәселелерінің тағы бірі – олардың өз бетімен беталды пәтуа беруі.

Қазіргідей ғылым мен техниканың қарыштап дамуы, күн өткен сайын мүлдем жаңа нәрселердің шығуы мұсылмандардың алдына бұрын-соңды кездеспеген мәселелерді тартты. Тіпті, ақпарат құралдарының түрлері көбейгені соншалық, ол әркім үшін де қолжетімді қажеттілікке айналды. Сондықтан, ғаламтор арқылы жүзеге асып жатқан пәтуа, ілім алуға тосқауыл қою, анықтап, қадағалау да мүмкін емес.

Шектен шығушылар мұны өз мүдделеріне шебер пайдаланды, сондай-ақ пәтуаларын тарататын көптеген жеке арналар ашу үшін материалдық мүмкіндіктерін барынша қолданып бағуда. Шын мәнінде олардың көпшілігі мұсылмандардың басындағы жағдайларды сараптап, шарғи үкімдерді шешетіндей, пәтуа беруге лайықты адамдар емес. Егер мұсылмандар муфтиге қойылатын тараптар мен пәтуа беру шарттарын, әдептерін білсе, әлгілердің білім мен пәтуа беруден қаншалықты алыс адамдар екендігіне көз жеткізер еді.

Пәтуа беру үлкен жауапкершілік. Себебі, пәтуа зор ілім мен өте терең түсінікті қажет ететін іс.  Пәтуа бір нәтижеге қол жеткізу үшін қолданылатын ірілі-ұсақты көптеген тақырыптарды қамтиды. Ол бірнеше құрылымнан тұрады: дәлел және адамның басына түскен жағдайға жіті мән беру, айтылған сөз бен орын алып жатқан оқиға арасындағы түрлі қырларды қамтитын дәлелдердің ара жігін ажырата алу.

Пәтуаның асқан жауапкершілікті, қырағылықты қажет ететін себебі бар. Егер мәселе қарапайым болса, муфти алдында орын алған жағдайдың неден туындағанына үңіліп, оның мән-жайына көз жеткізгеннен кейін ол мәселеге сайкес келетін шариғи үкім іздейді. Ал, егер шешімі ауыр, түйткілді мәселе болса, шариғи мәтіндерден алынған дәлелдерге үңіледі. Мәтіндерден (аят-хадис) дәлел таппаса, оның шарттарын сақтай отырып, қияспен ижтихад жасайды. Пәтуа – үлкен қажырлылықтың жемісі әрі күрделі іс. Қысқасы, мәселенің мән-жайын жан-жақты зерттеп, анықтау үлкен қажыр-қайратты қажет етеді.

Ғұламалардың пәтуа беру туралы ескертулері

Пәтуа беруді жүгі ауыр, қатері үлкен. Пәтуа беруге лайықты білікті мамандар қашан да өте аз болғандықтан, бұрынғы өткен ғұламалар пәтуа беруге үлкен жауапкершілікпен қарап басқаларды да соған шақырған. Бұл жайында имам Науауидің (р.а) мына сөздерін келтірейік: «Пәтуа берудің жауапкершілігі ауыр әрі алатын орны, игілігі өте маңызды екенін біл! Өйткені муфти – пайғамбарлардың (а.с) мұрагері, парыз кифаяны орындаушы, бірақ, оның қателікке бой алдыру қаупі де жоқ емес. Сол себепті ғұламалар: «Муфти – Алла Тағаланың атынан сөйлеуші» деген. Сонымен бірге, Ибн әл-Мункадирдің (р.а) былай дегені риуаят етіледі: «Ғалым – Алла Тағала мен Оның жаратылыстарының арасындағы дәнекер. Сондықтан, ол осы дәнекердіктің жолын іздеуі керек».

Сәләф салихтер мен хәләфтардың көрнекті тұлғалары пәтуа беруден сақтанып, өздерін бұдан алыс ұстағандығы туралы бізге көптеген деректер жеткен. Соның бірі Абдурахман ибн Абу Ләйләдан жеткен риуаят: «Алла Елшісінің (с.ғ.с) сахабаларының ішіндегі 120 ансырды көрдім. Олардан кез-келгенінен бір мәселе жайында сұрай қалсаң бірінші екінші бір ансарға нұсқайды, екіншісі басқа біреуін көрсетеді, ақыры мәселенің мәнісін түсіндіру бірінші сұралған адамға қайта оралады. Бір риуаятта: «Олар сөз сөйлесе, өзінен бұрын бауырласы сөйлегенін, бір нәрсеге қатысты пәтуа сұралса, өзінен гөрі жанындағы бауырласы пәтуа бергенін ұнататын» делінген. Ибн Масғуд (р.а) пен Ибн Аббастың (р.а) былай деген сөздері бар: «Алдына келген сауалдың бәріне пәтуа беруден сақтанбайтын адамның есі ауысқан». Әш-Шағби, Хасан, Әбу Хасин (р.а) сынды табиғиндер былай деген: «Расында, сендердің араларыңда кей адамдар белгілі бір мәселеге қатысты пәтуа береді. Егер Омар ибн Хаттабтан (р.а) осы мәселе сұралса ол исламға алғаш кірген Бәдір жорығына қатысқан сахабаларды жинар еді».

Табиғин Ата бин әс-Саиб (р.а) былай деген: «Бір мәселеге қатысты сұрақ қойылып, оған жауап бергенге бойын үрей билеген адамдарды көрдім. Суфиян ибн Уяйна, Сахнун: «Пәтуа беруге батылы барып кірісетіндер – ілімі аздар» деген.

Әл-Әсрам Ахмал бин Ханбалдың «білмеймін» деп көп айтатынын еске алады. әл-Һайсам ибн Жәмил: «Имам Маликке (р.а) 48 сауал қойылып, оның 32-сіне білмеймін деп жауап бергеніне куә болдым»,–дейді. Тағы бір деректе Имам Маликке 50 сұрақ қойылғанда бәріне де жауап бермегендігі туралы айтылады. Ол: «Кім бір мәселеге жауап беруге кіріссе, жауап беруден бұрын өзін жаннат пен тозақтың арасында тұрғандай көрсін, әрі содан шығар жолды қалай табарын ойласын. Содан кейін ғана жауап берсін» – дейтін. Бірде имам Маликке сұрақ қойылғанда Ол: «Білмеймін» деп жауап береді. «Бұл жеңіл мәселе емес пе?» дегендерге Имам Малик ашуланып: «Ілімде жеңіл нәрсе жоқ»–деп қатулана жауап берген екен.

Имам Шафиғи (р.а) бір сөзінде: «Ибн Уяйна сияқты бойында пәтуа беруге қабілеті бар ешкімді көрмедім» десе, Имам Абу Ханифа (р.а): «Ілім жоғалып кетер деген Алла алдындағы қорқынышым болмағанда пәтуа бермес едім»,–деген.

Олардың пәтуа туралы айтқан сөздері көп. Әс-Саймари әл-Хатиб (р.а) былай деп айтқан: «Айт, кім пәтуа беруге құштар болып оған ұмтылса, туралығы азаяды да ісінде жаңылады. Егер пәтуа беруді қаламай бас тартып, басқа беруді ұсынса, Алла тарапынан оған көмек беріледі. Ондай адамның жауабы көп жағдайда тура болады».

Аталған екі имам да бұл сөздерді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына «Билікті сұрама, егер сен билікті сұрап, өз қалауыңмен келсең, биліктің ықпалында қаласың. Ал егер сұрамай келсең, билікте игілік көресің» деген сахих хадисіне сүйеніп айтса керек.

(Материал «Дінде шектен шыққандар» кітабынан алынды)

Ummet.kz

Бөлісу: