Серікзат Дүйсенғазин: Бақыт – жүректің тыныштығы, елімнің амандығы.

Сұхбат
Жарнама

– Серікзат аға, қажылыққа барып парызын өтеп келген мұсылманның бірісіз. Қабыл болсын! Енді сізді Серікзат қажы деп атасақ болады ма? Мәселен, Қажымұқан деген секілді.

– Қажымұқанның, Құнанбайдың заманы бөлек еді ғой. Ол заманда бірді-екілі адамдардың ғана Меккеге табандары тиетін. Қажылыққа барып келген кісілер ел арасында қасиетті қағба, қажылық жайында, Мекке туралы көрген-білгендерін айтып, халықты имандылыққа шақыратын.

Отырған жерде әсерлі уағыз айтып отыратын. Дәл бүгінгідей жылына мыңдаған мұсылман қажылық парызын өтеген емес. Сондықтан да оларға бұқара халық «қажы» деп ерекше құрмет көрсетті.

Қазір, Құдайға мың да бір шүкір, заман өзгерді. Мүмкіндігі бар адамның барлығы қажылық жасап келеді. Олардың барлығына «пәленше қажы», «түгенше қажы» деп атауды қисынсыз деп ойлаймын. Дін саласында жүрген кісілер немесе ақсақалдар болса, бір сәрі. Кейде мені де «Серікзат қажы» деп айтып қалып жатады. Бірақ, мен мұны аса құптай бермеймін. Себебі, бұл менің және кез келген мұсылманның басты парыздарының бірі.

– Жыл сайын қажылыққа баруды сәнге айналдырып, қажылықтың қадірін төмендетіп жіберген жоқпыз ба?

– Алла Тағала шамасы келген әрбір мұсылман кісіге қажылық етуді  парыз етті. Мәселен, күніге бес уақыт намаз оқу – мұсылманның парызы. Бірақ, намаз оқитындардың саны артса намаздың қадірі кетіп, немесе Рамазан айында ораза ұстаушылар көбейсе қасиетті айдың құрметі кеміп қалмайды  ғой. Қайта қажылыққа барған адамның иманы артып, тәубеге келіп, рухани тазарып қайтады деп ойлаймын.

Мен де асып-тасып жатқан бай емеспін, бірақ,  бірде айтыстан, кейде термеден арнайы жолдама ұтып қажылыққа бірнеше мәрте баруымды Алла Тағала нәсіп етті. Сондықтан, парызды орындау талқыланбайтын мәселе. 

– Қажылықтан келгеннен кейін ішкі дүниеңізде қандай өзгерістер болды? Бір сұхбатыңызда «аян түстер көрдім» депсіз?

– Бұл сол сұхбаттағы сұраққа қатысты айтылған сөзім болатын. Бірақ, осы сөзіме басымдық беріліп, кейін біраз әңгімеге айналған секілді. Негізі, түсті кез келген кісі көре береді. Мәселе, ішкі дүниеде бір өзгерістің болғанында ғой. Өзіңіз ойлап қараңыз, Мекке әлемнің түкпір-түкпіріндегі мұсылмандардың өмірімде бір көрсем деп арман ететін қасиетті мекені. Халқы көп кейбір мұсылман елдерінде сол Меккеге бару үшін адамдар 20-30 жылға дейін кезекте тұрады екен. Тіпті, кейбірінің бұған өмірлері де жетпей жатады. Ал біздің елде баруға мүмкіндігі бардың ниеті жоқ боп жататыны өтірік емес. Ал, ниеті барлардың біразы барып келіп жатыр. Сондай миллиондаған мұсылман сарыла, сағына күтетін Меккені, қасиетті қағбаны, арафатты өз көзіңмен көргеннен кейін, халықтың қолдап-қолпаштауы, марапат-мақтауларының, атақ-даңқтың, мына жалғандағы дүниелік нәрселердің түкке тұрмайтынын білген кезде, әрине, ішкі жан дүниеңде өзгерістер болады. Мына жақта жарқ-жұрқ еткен болмашы қызыққа алданып жүргенімізді байқап, Алладан шынайы дұға тіледім. Сол дұғаларымның қабыл болғанын, қасиетті Меккедегі тілектерімнің қадірлі мекенім – Қазақстанда орындалып жатқанын көргенде қалайша толқымайсың?!

– Сіз айтыс өнерінің ауылында жүрген ақынсыз, соңғы уақытта осы айтыс төңірегінде айтыс көбейіп кеткен сыңайлы...

 – Менің байқағаным, айтыс екінің бірінің ермегіне айналды. Әлеуметтік желіде отырғандардың да ерінбегені айтысты сынап отыратын болды. Жақында өткен шоу айтыс төңірегінде біраз дау туды.

Меніңше, айтыс деген заманына қарай түлеп отыратын өнер. Айтыстың жұмбақ айтыс, өтірік айтыс, қайым айтыс секілді сан түрі бар.

Осы секілді, айтыстың өзгеше түрлерін де шығарайық деген оймен бауырларымыз шоу айтыс ұйымдастырғанда қолдау білдіріп, алғашқы кезеңіне қатыстым. Мен сол кезде әншілердің арасынан айтысқа икемі бар, өлең құрай білетіндерін шақырайық деп айттым.

Қазір көп әншілердің арасында кезінде айтысқа қатысқандары аз емес. Мәселен, менімен кезінде бірнеше мәрте айтысқан Тоқтар Серіков, Мұхаметжан, олармен қатар шығып, жүлделі орындардан көрінген, қазіргі уақытта «Қоңыр» тобының продюсері Сержан Молдасанұлы, Ақан Әбдуәлиев, Төреғали Төрәлі, Еркін Нұржановтар өнерге осы айтыс арқылы келгендер.  «Жігіттер» квартетіндегі Ердос та, белгілі әнші Бүркіт те кезінде айтысқа қатысқан екен. Бұл жігіттердің барлығы дерлік республикалық деңгейде дүркіреген айтыстардан көрінбесе де, облыс, аудан көлеміндегі айтыстарға қатысқан өнерпаздар. Яғни, бұлар өзге әншілерге қарағанда, қарсыласымен аз да болса айтысуды, сөз саптауды біледі.

Дегенмен, қазір осы шоу айтысқа қарсылықтың да көп екені байқалады. Мүмкін, ол да дұрыс шығар. Орынды сын қай уақытта да айтылуы керек қой. «Сын түзелмей – мін түзелмейді» дейді қазақта. Сынның арқасында бүгінгі жіберілген кемшіліктер ақырындап түзеледі деп үміттенем.

Ал, классикалық айтыс туралы айтатын болсақ, оны ешкім тоқтата алмайды. Өткен жылдың өзінде Жүрсін ағамыз республикамыздың түкпір-түкпірінде он сегіз айтыс ұйымдастырыпты. Солардың арасында бірді-екілі айтысты телеарналар қиып-кесіп беріп жатады. Ол айтысты көрген жұрт «ақындар ештеңе айтпайтын болды» деп те сын айтады. Сондықтан, нағыз айтысты көргісі келген халық дәл осы айтыстың қайнаған ортасына, концерт залына бару керек. Әлеуметтік желіде отырып сын тағушылардың көпшілігі айтысты телеарнадан тыңдап, тон пішушілер.

– Сонда «шоу айтыс» айтыстың жаңаша түрі ме?

– Бұл – телевизиялық жоба. Қазір кез келген дүниеден шоу жасайтын заман болды ғой. Мәселен, күрестен «Қазақстан Барысы» деген шоу жасады. Әлемдік деңгейде, республика деңгейде түрлі күрестер онсыз да жыл сайын ұдайы өткізіліп келеді. Бірақ, «Қазақстан Барысы» ерекше шоу болып өтеді. Елдің барлығы қызықтап осыны қарайды.

Шоу айтыс та – сондай жобалардың бірі. Егер, Тоқтар Серіков айтысса, оның миллиондаған тыңдарманы айтысқа келеді. Мейрамбек айтысқа келсе де солай. Бұл жобаның мақсаты да сол – әншілердің аудиториясын айтысқа тарту. Олардың арасында мүлдем айтысқа келмегендер де бар. Бұл – жақсы жағы. Ал, шоу айтыстың кемшін тұсы айтыса алмайтын әншілердің шығуында. Мұны мен де мақұлдамаймын. Бірақ, жұрттың барлығы сол кемшіліктерді ғана көреді.

 – Сіз неге мұқтажсыз?

– Мен Алладан басқа ешкімге мұқтаж емеспін. Әр дұға еткен сайын «Е, Алла, өзіңнен басқа ешкімге мұқтаж қылма» деп тілеп отырамын. Мұқтаж болған жағдайда да Алладан сұраймын. Қазақ «Дос береді, жар береді, бәрін Құдай береді» деп бекер айтпаса керек.

– Бақыт дегенді қалай түсінесіз?

– Бақыт – жүректің тыныштығы ғой. Отаныңның, отбасыңның амандығы. Ата-бабамыз сан ғасырлар армандаған тәуелсіздікті Алла бізге нәсіп етті. Бірақ, біз соның қадіріне жете алмай жүрміз. Бұл кешегі Алаштықтардың, Кенесары секілді хандардың қанымен, ақ жаулықты аналарымыздың дұғасымен жеткен егемендік қой. Бұл біздің буынның мойынындағы аманат, жауапкершілік екендігін кейде сезінбейтін секілдіміз. Ахмет Байтұрсынұлының: «Әуелгі дұға-тілегіңді қазаққа тіле. Соның ішінде сен де барсың» деген керемет сөзі бар. Ахаң айтқандай, мен де барлық дұғаларымда қазақтың амандығын, еліміздің тыныштығын сұраймын. Осы Отаным аман болса, мен де, отбасым да, туыс-туғаным да аман болады. Бақыт деген – елімнің тыныштығы.

– Әңгімеңізге рахмет!

E-Islam.kz

Бөлісу: