БАУЫРЖАН ӘЛИҰЛЫ: «Әмин» деп бата қайыру - дұрыс, намазда дауыстап айту – бұрыс»!

Сұхбат
Жарнама

Қоғамда әртүрлі ағымдар пайда болғалы, діннің төңірегінде дау көбейіп жатыр. Қазіргі сәләфилер, уахабилер, тәкпіршілер болсын, жалпы халықтың діннен бейхабарлығын өздерінің пұшайман пиғылдарына пайдаланумен келеді. Салдарынан жамағат мәзһаб пен ақидада, Құран мен хадисте, парыз бен сүннет амалдарында жаңылысып жатқан жайы бар. Оған адамның өзі де кінәлі. Мешіт тұрғанда, мешіттің ішінде имамдар отырғанда, оларға бармай, жолдағы «диуаналардың» арам айтағына сеніп, одан қалса солардың жетегіне еріп кете береді.

Жақында Жаңаөзенде мешітте «Әмин» деген сөзді дауыстап айтқан төрт адамға айыппұл салынды. «Бисмилләсі» жаман емес. Мешітте дау шығарған адамды қаматып тастауға да болады. Өйткені, мешіт те қоғамдық орынға жатады. Ал, қоғамның тыныштығын бұзуға болмайды.

Осы тұста Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасының мамандарынан «Әминді» қандай жағдайда іштей және жария айтуға болатынын сұрадық. Шариғат және патуә бөлімінің маманы Бауыржан Әлиұлы мәселенің аражігін ажыратып айтып берді.

- Алғаш рет біреулердің «Әмин» деп дауыстап айтқаны үшін айыппұл салынды. Бұл жалғасын тапса жақсы ғой. Баяғыда бастығымыз айтушы еді, «Қалталарына түссек, қателескенін қоятын шығар» деп. Ол әдістің нәтиже бергені бар, әйтеуір. Әлгі жүректерінің қыңыры бар адамдардың «Әмин» деген дауыстарынан мешіттің іші жаңғырып кетеді. Бәрінен бұрын намазда адамның ойын бөліп жібереді. Алланың үйінде айғай салған, ерсі көрінеді екен. Жалпы, осы «Әминді» намазда қалай айтқан дұрыс?

- «Әһли сунна уәл жамаъа» қауымына кіретін төрт мәзһабта да намаз үстінде «Фатиха» сүресінен кейін «Әмин» деп айту бар. Бұл арада дау тудырып жатқаны «Әминді» іштей айту ма, әлде, дауыстап айту керек пе деген мәселе.

Ханафи мәзһабының ешбір амалы дәлелсіз алынбаған. Ал, кей дәлелдердің фиқһ кітаптарында жазылмауы оның халыққа жеңілдік көздеп қысқартып берілуінде. «Әминді» іштей айтуға келетін болсақ, оған Ханафи ғұламаларының көптеген дәлелдері бар. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Имам «Ғайрил-мағдуби алайһим уәладдаллин» деген кезде сендер де «әмин» деңдер, кімде-кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі» – деген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай деген: «Имам «ғайрилмағдуби ғалайһим уәләддаллин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер. Себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді. Кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі». Хадисті Әбу Һурайра риуаят еткен. Хадистің дәрежесі - сахих.

Ханафи ғалымдары бұл хадистегі «имам да әмин дейді» сөзін негізге алып, «әминді» іштей айту сүннет деген. Себебі, «әмин» сөзін егер имам жария айтатын болғанда Пайғамбарымыздың «имам да әмин дейді» деп, имамның да «әмин» дейтіндігін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның әмин деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді» деп олардың да «әмин» деп айтатындығын білдіріп тұр. Ханафи мәзһабының сүйенетін келесі бір дәлелі, намазда айтылатын дұғалар іштей айтылады. Ал «әмин» сөзі дұға мағынасын білдіргендіктен іштей айтылуы тиіс. «Әмин» сөзі - «дұғамызды қабыл ет» дегенді білдіреді.

«Әмин» деген дұғаның намаздың немесе құлшылықтың үстінде іштей айтылуы абзал. Өйткені, Алла Тағала Құран-Кәрімде: «Раббыларыңа жалбарынып, құпия тіленіңдер» деген. Ханафи мәзһабының ғұламалары «Әмин» дұғасы «Аъузубиллә» дұғасынан артық емес» деген. Яғни, намазды бастағанда алдымен «Субханәкә», сосын «Аъузубилләһи минаш шайтонир роджим, Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп айтып, одан кейін Фатиха сүресін оқимыз, содан кейін «Әмин» деп айтамыз ғой. Міне, осыдан-ақ, «Әмин» дұғасының «Аъузубиллә» дұғасынан артық емес екенін байқауға болады. Тіпті, «Нәхл» сүресінде: «Құран оқыған кезде Алланың рақымынан қуылған шайтаннан сыйын» деген аят бар. «Аъузубиллә» ол дұға. Төрт мәзһаб бойынша «Аъузубиллә» дұғасы намазда іштей айтылады. Ал, «Әмин» дұғасы «Аъузубилләдан» үлкен болмағандықтан, оны іштей айту – сүннет. Риуаят етілген хадистердің ешқайсысында «Әминді» дауыстап айту жөнінде дәлел келтірілмеген.

Сондықтан Ханафи мәзһабындағылар «Әминді» іштей айтқаны дұрыс деп шешкен. Яғни намаз үстінде «Әминді» дауыстамай, іштей айту – сүннет. Сүннетті орындау – Пайғамбарымыздың с.а.у амалдарына әрекет ету деген сөз.

- «Құран мен хадиспен жүріп-тұрсақ болды емес пе» деп алып, солардың ол екеуіне де амал қылмайтыны, қызық. Намазда «Әмин» деп айтудың жөні түсінікті болды. Бізде енді ақ тілектен кейін «Әумин» деп бата қайыратын әдемі әдет бар ғой. Намазда айғайлап «Әмин» дегіштерге айыппұл салынғаннан кейін, жайшылықта жақсы сөзге «Әумин» деп жүретін жұртшылық ойланып қалды. Бұған қатысты шариғат не дейді?  

- Алдымен «Әмин» сөзініңіз мағынасына тоқталып өтсек. Рағиб Асфаһани деген ғалым, өзінің «Муфрадату Әлфазил-Қуран» атты кітабында «Әмин» сөзі - «Алла тілегімді қабыл ет» деген мағынаны білдіретінін анық жазған. Ислам ғалымдарының көпшілігі осымен келіскен. «Әминді» тілек соңынан айтылатын дұға деген. Пайғамбарымыздан с.а.у Абдулла ибн Аббас атты сахаба бұл сөздің мағынасын сұрағанда: «Ия, Раббым, тілегімді қабыл ет» деп жауап берген.

Жалпы, «Әмин» деп айту тек біздің мұсылманшылықта ғана емес, бізден бұрынғы қауымдарда да бұйырылған амал. Мәселен, біздің ғалымдарымыз «Әмин» сөзі Мұса Пайғамбардың кезінен айтыла бастағанын алға тартады. Ал, Пайғамбарымыз с.а.у: «Алла Тағала менің үмметіме олардан бұрын ешбір үмметке бермеген үш нәрсені берді.

Олар: біріншісі, «Әссәләмуғалейкум уа Рахматуллаһи уа Баракатуһү» деп амандасу, бұл жәннат иелерінің сәлемдесу үлгісі, екіншісі, намазда періштелер тәрізді сапқа тұру, үшіншісі, дұғадан кейін «Әмин» деп айту».

Алла Тағала «Юныс» сүресінің 89-аятында: «Екеуіңнің де тілектерің қабыл болды» деген. Яғни, «Мұса Пайғамбар Алла Тағалаға дұға еткен, Һарун дұғадан кейін «Әмин» деп тұрған» деген мағынаны білдіреді деп ғалымдарымыз осыны айтқан.

«Әминді» айту Мұса Пайғамбардың кезінен қалыптасып, әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. «Әминді» тек мұсылмандар ғана емес, яһуди, христиан дінін ұстанатын қауымдар да қолданады. Яғни, намаз үстінде «Фатиха» сүресінен кейін «Әмин» деп іштей айту мен жақсы дұға, тілек, батадан кейін «Әмин» деп айту екеуі екі бөлек шарт екенін ескеру керек. Бір-біріне еш қатысы жоқ. Жақсы тілек тілегеннен кейін «Әмин» деп айту өте дұрыс амал. Бұл Пайғамбарымыздың с.а.у үмметіне берілген үш нығметтің бірі. Яғни, «Әмин» деп бата соңында қалай айтса да дұрыс, ал намазда дауыстап айту – бұрыс.

- Мешіт – Алланың үйі. Алланың үйіне құлшылық қылуға барып алып, шу шығару қып-қызыл бассыздық қой. Есалаң адам ғана мешітте тәртіп бұзады шығар. Басқа қалай топшылауға болады. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуші еді. Алланың үйінде «бұзақылық» қылғандар үшін қасиетті ешнәрсе жоқ сияқты ғой. Мешіттің әдебі хақында айтып өтсеңіз екен?  

- Тыңдайтын құлақ болса, орындайтын бас болса, айтудай-ақ айтып келе жатырмыз, мұның бәрін. Мешіттің ішкі тәртібі тұрмақ, мешітке мұсылман адам қалай келуі керек жөнінде шариғаттың қойған талаптары бар. Мешітке адам жуынып-шайынып, дәретін алып, таза киініп келуі тиіс. Намазға жиналған жамағатты жағымсыз иіспен жирендірмес үшін, пияз, сарымсақ жемеуі қажет. Жеген болса, оның иісінен арылып баруы міндет.

Намазға келгенде Алла Тағалаға ықылас танытып, асықпай келуі керек. Мешітке келе жатқанда оқылатын дұғаларды оқуы тиіс. Мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шыққаны дұрыс. Егер мәкрүһ уақыт болмаса, сәлем намазын оқу керек. Мешітте отырып, келесі намазды күтуге болады.

Мешітте жоғалған затты іздестіруге, сауда-саттық жасауға тиым салынады. Сондай-ақ, мешітте дауыс көтеріп сөйлесуге, ғайбат айтуға, ұрысуға, қатты күлуге, дауласуға, төбелесуге болмайды. Мешітте тазалық сақтау қажет. Еліміз Ханафи мәзһабын ұстанатындықтан, ҚМДБ қарасты барлық мешіттерде осы мәзһабтың ұстанымдарына сай амалдар атқарылуы міндет. Әлемдегі «Әһли сунна уәл жамаъа» қауымына кіретін мұсылмандардың 55 пайызы Ханафи мәзһабын ұстанады. Бұл жүзден астам ел деген сөз. Біздің еліміз де осы Ханафи мәзһабын ұстанады. Ұстану бәрімізге – уәжіп.

- Бізде, «имамға ұйыдым» деп ниет етіп алып ұмытып кетіп, әгәрәки, ерік беріп қойсаңыз, имаммен жағаласып имам болуға даяр адамдар бар. Намазда имамға ұю қандай амал, ол?

- Намазда имамға ұюға келсек, бұл жайында хадистер баршылық. Имам рукуғ жасаса, артында тұрған жамағат рукуғ жасауы тиіс. Имам сәждеге бас қойса, жамағаттың да сәждеге бас қоюы уәжіп. Мешітте намазды жамағаттан бөлініп оқу, имамдарға бағынбау - күнә.

Имамға ұйып бастап алып, артында сыпсыңдап басқа сүрелерді оқып тұратын қауымдар бар. Білмей істеген бір басқа, ал қасақана қасарысып, намазда имамға бағынбайтын адамдар күнәһарлар. Парыз намаздар болсын, мұстахаб немесе дау тудырған амалдарда, «Әминді» іштей айту ма, жария айту ма деген сияқты барлық амалдарда имамдарға бағыну – уәжіп. Уәжіп - деген парыз секілді міндеті ауыр жауапкершілік. Мешітте Құран оқылып, уағыз айтылып жатқанда, имамды тыңдау – уәжіп. Ондай уақытта нәпіл намаздар оқу – мәкрүһ.

- Сұхбатыңызға рахмет! Ел аман, дініміз бүтін болсын!

 

 

Мөлдір Нұрман, Матрица.kz

Бөлісу: