Лимана Қойшиева: Басқаға тәуелділік – мейірімге зәруліктің салдары

Лимана Қойшиева: Басқаға тәуелділік – мейірімге зәруліктің салдары

Сұхбат
Жарнама

Тәуелділік психологиялық ауытқу ма әлде адамның бойында тумысынан болатын қасиет пе? Тәуелділіктің түрлері, себептері мен салдары қандай? Романтик болу тәуелділіктің бір көрінісі ме? Деструктивті ағымдар мен тәуелділіктің қандай байланысы бар? Неліктен қазіргі жастар депрессияға бейім?

Осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының психолог маманы Лимана Қойшиевамен ой өрбіттік.

- Ең алдымен тәуелділік ұғымын психологиялық тұрғыдан түсіндіріп берсеңіз?

-Тәуелділік қандай да бір тұлғаға, бір белсендіге, идеалға тәуелді болу. Бұл көбіне тұлға ретінде толыққанды қалыптаспаған адамдарда кездеседі. Ерік-жігері төмен, ойын ашық айта алмайтын кісілер қандай да бір лидерге бағынышты болуды жақсы көреді яғни басқа адамның икемімен ғана жүреді, өз еркімен шешім қабылдай алмайды. Мұндай кісілер психологиялық тұрғыда әлсіз болғандықтан басқа адамның, қандай да бір топтың жетегінде кетуі оңай. Сондай-ақ тәуелділіктің түрлері көп. Мысалы, жаңа идеяға тәуелділік, нашақорлық тәуелділік, игромания да тәуелділіктің бір түрі. Тіпті  махаббатқа да тәуелділік болады яғни үнемі біреуге ғашық болу. Бұл жерде ғашықтық обьектісінің яғни кісілердің орны жиі ауысуы мүмкін. Ондай кісіні психологияда романтик екен демейді. Үнемі ғашық болып, қайғырып, өлең жазып жүретін кісілерді де психологияда «тәуелділік» патологиясы бар деп қарастырады. Демек оның үнемі солай қайғырып, мұңды халде жүруінің астарында бір тұғыры қалыптаспағандық бар. Бұл жерде айтпағымыз тәуелділіктің түрі көп.

- Адам неліктен басқаға тәуелділікті қажет етеді? Бұл тумысынан болатын қасиет пе?

- Жоқ, бұл тумысынан пайда болмайды, әрине. Кісінің ерік-жігері, ішкі сенімі, нақты тұлғалық мақсаты, көзқарасы толыққанды қалыптаспағандықтан басқа нәрсе арқылы өзін толықтыруға тырысады яғни толыққандылық сезімін беретін нәрсені іздеп тұрады. Мысалы, бір киімді аларда киіп көреміз ғой, «мына киім маған ыңғайлы ма, жоқ па, бұл киіммен көп ішінде мен қалай көрінемін» деп. Сол сияқты кісі өзіне сай келетін, өзін толықтыратын түсінікті іздейді. Көбіне бір субкультураға яғни қандай да бір ағымдарға баратындардың басым бөлігі сол ортаның белсенділеріне қарайды. Ол кімдерге авторитет? Мысалы, менің ортамда яғни менің еліме, ауылыма, айналама авторитетті кісі болса, онда соған бейімделемін яғни тәуелді бола бастаймын. 

Бір кездері, қателеспесем 1992-96 жылдары ақ киім кию үрдісі болды. Халық ақ киімді кісіні көрсе әулиені көргендей бас ұратын, оның білімі бар ма, жоқ па, өз ортасында қандай кісі болғаны маңызды емес. Барлығы «о, мынау аппақ киініп алған екен» деп сыйлап қарайтын. Қазір ол трендтен кетті. Қазір сырт көзге әдемі көрінетін емес, руханиятты өмірде, тәжірибелік тұрғыда ұстанатын адамдарды құрметтейді. 

Сондай-ақ, 1993-96 жылдары қандай да бір феномен жасаған кісілерге бой ұрып, соңына еретін. Темір затты қолына жабыстыру немесе экстрасенстік қасиеті бар, болашақты болжау деген сияқты нәрсеге ел қатты сенгіш еді. Сондай кісілер стадион толы адамдар жинайтын. Қазір оларды ел есіне де алмайды. Оның есесіне әр түрлі топтар пайда болды.

Міне, осы жерде тәуелділігі бар кісілер қай топпен араласамын деп таңдағанда ішіндегі авторитетті тұлғаларға қарайды. Ешкім оны «менікі дұрыс, сенікі бұрыс» деп сыртқа айтпайды. Әркім өзіне жақын бір тұлғаны таңдайды да, соған қарай бейімделеді. Таңдау барысында кісінің білімі, қандай отбасында өскені, қандай ортада өмір сүргені, қандай қоғамда болғаны, осының бәрі түптеп келгенде өзіне кімді идеал ретінде көріп, кімге тәуелді болып, соңына еретініне әсер етеді. Осы жерде айта кетейін, адам тәуелді болған күннің өзінде де «бұл нәрсе маған тиімді ме, әлде тиімсіз бе» деп қарайды. Мысалы, кей кісілер белгілі бір топтар арқылы өзінің жағдайын жасап алғысы келеді немесе нақты бір адамдарға жақындағысы келеді. Демек сол тәуелділіктің өзінде де әр адам өз керегін алуға тырысады. 

- Жаңа тәрбиеленген отбасының рөлі жайында айтып өттіңіз. Ешбір ата-ана өз баласына жамандық тілемесі анық. Дегенмен, ұрпағының тәуелділікке ұрынбасы үшін отбасы қандай болуы керек?

- Отбасы баланы қорғап алатындай, қай қалпында болсын қабылдап, жақсы көретіндей болуы керек. Көбіне үй ішінде махаббаттың жетіспеушілігінен жастар еліктейтін тұлғаны сырттан іздейді. Бір ара түрлі топтарға еліктеудің себебін таршылықта өскендіктен, әлеуметтік қиындықтардан, білімнің жоқтығынан деп айттық. Ал енді бір сәтте қарасақ, өте тұлғалы ата-анадан тәрбие алған, молшылықта өмір сүрген, таршылық көрмеген шаңырақтың балалары да түрлі топтарға еріп жүр. Бұл жердегі себеп, ата-ананың баласына уақыт бөлуге қолы тимеуі, балаға көңіл аудармауы. Бала ата-анасын құшақтап, өзінің сырымен бөлісе алмаса, ата-анасы оны бауырына басып, жылулық сыйламаса аралары алшақтап кетеді. Кейін қандай да бір қиындық туындап, қолдау керек болғанда көңілін тауып, жылы сөз айтқан кісіге жәутеңдеп, соның артына еруге бейім тұрады. Мейлі ол ұл болсын, мейлі ол қыз болсын. 

Ата-аналардың көбіне жасайтын қателігі, кейін жасаймын, үлгіремін деп отбасы, ошақ қасында өткізетін әрбір сәтті, сағатты сапалы өткізудің орнына кейінге ысыра беруі. Нәтижесінде бала өз үйінен алшақтайды. «Балам-ау, айналайын, бүгін тамағыңды іштің бе, сабағың жақсы ма» деген сөздің өзін аптасына бір рет айтамыз, онда да асығыс телефонмен сұраймыз. Ал егер көзіне қарап, жанында отырып құшақтап, шашынан иіскеп, маңдайынан сүйіп айтсаңыз мұның әсері мүлдем басқа болары сөзсіз. Мұны психологиялық терминмен айтар болсақ, «эмоциональный голод» яғни «эмоционалдық аштық» дейді. Біз әр түрлі деструктивті топтарға кірген жастардан өте көп жағдайда осыны байқаймыз. Сондай-ақ көптеген отбасылардың ажырасуына да осы жағдай себеп болып отыр. Бұл не нәрсе, қалай болады?

Жәй ғана күйеуінің әйеліне ешқандай көңіл бөлмеуі. «Жұмыстан шаршап келдім» деп әйелінің сұрағына жекіп, ұрсып жауап беруі немесе баласына мейіріммен қарамауы. Мысалы, мен өз тәжірибемде «ешқашан әкем мені балам деп атаған емес, мен есімді біліп, 30 жасқа келгенше «балам» деген сөзді естімеппін» дегенді естідім.

«Көшедегі бөтен бір кісі келіп, «балам, сағат неше болды» деп сұрағанда бүкіл тұла бойым дірілдеп кетті. Осы сөз маған өте қатты әсер еткені сонша, кейін әрі өтсем де, бері өтсем де сол  қартты қарап жүретін болдым. Сосын бір күні барып сізбен сөйлессем бола ма деп, ол қарияға  жақыннан араласып, сөйлескім келетінін айттым» дейді. Бұл жерде әлгі кісі өз отбасында кемел әке ме, жоқ па, ол басқа нәрсе. Бірақ бір ауыз «балам» деген сөзінің өзі жаңағы жасқа қалай әсер етті.

Кейбір отағасылар «әйелім маған бір күліп отырып шәйін бермейді, үнемі тұнжырап жүреді, ыдыс-аяқтың бәрін сақырлатып, шәйнекті тарс еткізіп қояды» деп айтады. Міне, осындай қарым-қатынас «эмоционалдық аштық» деп аталады. Мұндай жағдайда «телесный контакт» яғни «тәндік байланыс»  өте маңызды. Жүдә болмағанда бір-бірінің қолынан ұстау, бірдеңе сұрағанда тізесіне қолын қойып айту, маңдайынан сипау, құшағына алу, арқасынан қағу деген сияқты әрекеттерді психологияда «тәндік байланыс» дейді. Мұндай жылы қарым-қатынас депрессияның алдын-алуға, болдырмауға көмектеседі яғни ата-ана мен бала қарым-қатынасында тек қана телефон емес, «тәндік байланыс» («телесный контакт») міндетті түрде болуы керек. Жақын қарым-қатынастың арқасында адамның жүйке жүйесі тынышталады. Бір қарағанда өте қарапайым ғана, маңызсыз сияқты көрінгенімен мұның үлкен астары бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей «эмоционалдық аштық» болмаған және өзара қарым-қатынасы дұрыс отбасында өскен бала тәуелділікке душар болмайды.

Сондай-ақ, бойында ерекше қабілеті бар, қуаты жоғары кісілер де тәуелділікке бейім болады. Егер өз қуаттарын, қабілеттерін бір арнаға бұра алмаса, қазір көп айтылып жүрген «нереализованный» яғни әр түрлі себептермен толыққанды тұлға ретінде жетіліп, қалыптаспаған болса, онда мұндай кісілер де тәуелділікке бейім келеді. Өзінің көзінде «идеал» деп тапқан тұлғаның соңына еріп, түрлі топтарға, субмәдениеттерге бойлап кетуі әбден ықтимал. Бір жағынан бұл оның бойындағы қарым-қабілеттерінің сол топ ішінде ашылуына көмектесіп, оған іштей қанағаттану сезімін беруі мүмкін. Ал екінші жағынан, не боларын білмей аласұрып жүрген кісілерді кейбір авторитетті адамдар табыс табу үшін жеке тірліктеріне, өзінің жағдайын жасап алуға қолдануы мүмкін.

- «Нереализованный» дегеннен шығады, кей жасы үлкен кісілер «біздің кезімізде мына мамандықты оқисың, осы жұмысты істейсің, мен айтқан жерде қызмет етесің, біз атастырған кісімен отбасын құрасың деп үлкендер айтатын. Біз солардың айтқанымен өмір сүрдік, қиналған да жоқпыз, ешқандай депрессия да болған жоқ. Қазір депрессия дегенді тауып алыпты жастар, кім шығарды осының бәрін» деп ренжіп жатады. Жалпы ұрпақтар жалғасында не өзгерді?

- Сіз айтып отырған үлкен кісілер Кеңес үкіметі кезеңінде туып-өскендер. Олар соғыстан кейінгі кезеңде туды. Олардың ата-аналары ашаршылық, жоқшылық, соғыс сияқты үлкен стресті көріп өскендер. Сондықтан кішкентайынан санасына ең бірінші құйылған нәрсе – тоқ болу. Қандай жұмыс жасасаң да тоқ болсаң болды. Ол кезеңде эмоционалдық, интеллектуалдық қажеттіліктерге көңіл бөлінген жоқ. Кім қара жұмысты жақсы істесе, сол авторитет болды. Өзіңіз де білетін шығарсыз, зауыттар мен фабрикаларда ауыр темір, шойын заттарды көтеріп жұмыс жасайтындар, трактористер, механизаторлар тренд еді. Ал қазіргідей техника дамып кеткен уақытта сұраныс өзгерді. Адамдардың санасы мен дүниеге деген көзқарасы ауысты.

Ол кезеңде ата-анасы баласына «сенің қарның тоқ, көйлегің көк болса болды. Сол үшін мына жерде тұрақты жұмыс істеуің керек» деп айтып, үйретіп отыратын. «Таңнан-кешке дейін бір жерде жұмыс істеп, айлығыңды тұрақты алсаң болды» деген ата-анасы миына құйып қойған ұстаныммен жұмыс істеді.

Одан кейінгі балалар Кеңес үкіметінің құлауымен орнаған дағдарысқа сәйкес келді.  Кім қалай өмір сүрсе де әйтеуір тіршілігін жасау керек болды. Ішіндегі белсенділері алып-сатумен, тағы басқа кәсіптермен шұғылданды. Бұл да халықтың көп күйзеліске ұшыраған кезі еді.

Бірақ тәуелсіздікпен бірге шетелмен арадағы шекара ашылды, аз-аздап дағдарыстан шыға бастаған халық басқа елдердің тұрмыс салтын көрді. Белгілі бір шектеудің шеңберін бұзып, біз де неге осылай өмір сүрмеске деген ұмтылыс пайда болды. Басқа деңгейде өмір сүруге болады екен ғой деген түсінік туды яғни басқаша ойлай бастады. Жұмыс пен кәсіпке деген көзқарас өзгерді.  Сол кезеңде «қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» деген түсінік пайда болып, қоғам күштілер мен әлсізге бөлінген еді.

Ал қазіргі кезде қара күшке де, айла мен қулыққа да қажеттілік жоқ. Енді сұраныс интеллектуалдылықта яғни салмақ біздің санамызға түсіп тұр. Жақсы білімің болса, оны орнымен қолдана алсаң, онда үйде отырып-ақ табыс табуға болады. Қазір үйінде отырып-ақ миллиондап ақша тауып жүрген кісілер бар.

Енді алдыңғы кезеңдермен салыстырсақ, бүгінгінің ата-анасында да, жеткіншектерінде де талап пен сұраныс тіпті басқаша. Қазіргі жеткіншектер ғаламторды емін-еркін қолданады. Әлемнің басқа жерлерінде кімдердің қалай өмір сүретінін көріп отыр. Соған қарай олар да жақсы өмір сүргісі келеді.

- Яғни қазіргі кезде адамдардың қажеттілігі өсті дегіңіз келеді ғой?

- Иә, қажеттілігі өсті және талғамы артты. Өйткені шекара ашық. Әр түрлі елдің өмір сүру деңгейінен хабары бар. Қай рестораннан тамаққа тапсырыс берсеңіз де өзіңіз білетініңіз секілді адамның қалаулары да, таңдауы да көбейді. Бұл алдыңызға 25 түрлі көйлекті тастап, қалағаныңды ки дегенмен бірдей. Кім болса да абдырап, қайсысын таңдарын білмей қалады ғой. Біреуі қонаққа киіп баруға әдемі, біреуі күнделікті кигенге жақсы. Ал, бұрын айналдырған бір көйлекті қайта жуып, киіп жүре беруші еді немесе әпкесінен қалғанын киетін. Осыдан-ақ ұрпақтар жалғасындағы түсініктің қаншалықты өзгеріске ұшырағанын, бір-бірімен үйлеспейтінін көруге болады.

- Дүниежүзілік денсаулық ұйымының сараптамасы бойынша Қазақстан жасөспірімдер суицидінен алғашқы ондықта екенін ескерсек, мұның бір себебі балалардың отбасында жеткілікті деңгейде сүйіспеншілік пен қамқорлық көрмей, өздерін жалғыз немесе тіпті керексіз сезінулерінен дей аламыз ба?

- Суицидтің көптеген себептері бар. Ол гендік ауру яғни тұқымында бар немесе психикалық ауытқу болуы мүмкін. Сондықтан отбасында сүйіспеншіліктің жетіспеушілігін себептерінің бірі ретінде айтамыз, бірақ бірегейі емес. Бұл жерде мәселе жасөспірімнің өзін тани алмауында яғни өмірлік мақсатының, болашаққа бағыт-бағдарының болмауы. Ертеңгі күнге деген сенімнің жоқтығынан бойларын үрей мен қорқыныш билейді.

Себебі, жастар әлеуметтік желілерден, ғаламтордан көріп алған әдемі өмірде жүргісі келеді. Амбициясы мен қалауы көп, бірақ қанағаты жоқ. Өз-өзіңе қанағат, барыңа қанағат, қолыңда бар нәрсеге шүкіршілік ету дегенді бойымызға сіңірмейінше өмір сүру қиын.

Сіз 2 орындыққа қатар отыра алмайсыз ғой немесе 3 орындыққа қатар отырмайсыз. Отырсаңыз тек біреуіне отырасыз, ал қалған екеуі керексіз ысырап. Бірақ көңіліңіз сонда да қалған 2 орындықты алғысы келіп шарқ ұрады. Бұл ашкөздік. Ал ашкөздік болған жерде үрей мен күйзеліс бар.  Бұл балалардың көңілінде болашаққа деген сенімсіздікті тудырады. Керісінше, қанағаты бар көңілге тыныштық орнайды. Қанағат етсең бір кесе тамаққа тоясың. Қанағат болмаса бір қазан тамаққа да тоймайсың. 

Сондай-ақ көптеген ата-аналардың жасайтын қателігі, балаларының көзінше өмірлеріне шағымдануы. Мысалы, ата-анасы «мен 20 жыл болды мына ипотекамен алысып жүргеніме, ертең сендердің күндерің не болады, білмеймін» дейтін болса, баласы асқар таудай көрген әкесі мен ең асылы анасының дәрменсіздігін көргенде үрейге салынады. Психикалық, эмоционалдық тұрғыдан әлсіз болғандықтан «мен олардың қасында кіммін» деп қарайды. Мұндайда ата-ана үлкен өмірге енді қадам басатын өз ұрпағына күш-жігер бергені абзал. «Айналайын, сен оқы, білімің болса, жүрегіңде қанағатың болса, өз-өзіңді алып жүрер ақылың болса аяққа тұрасың. Барлық нәрсе ақшаға келіп тірелмейді, сені қажыр-қайратың, еңбегің мен білімің алып шығады» деген секілді сөздер айтқаны жөн. Ақшаны үлкен, алапат күш сияқты көрсетіп, барлық мәселені қаржыға әкеліп тіремеу керек. Бақыттың, керемет болашақтың кілті материалдық байлықтың ар жағында сияқты көрсету қателік. Шын мәнінде, өте бай адамдардың арасында да өте бақытсыз жандардың бар екенін білеміз ғой. Сондай-ақ, аса қатты ауқатты болмаса да өте бақытты, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан отбасылар бар. Бұл жерде бақытты  таразыға қоя алмаймыз. Әлеуметтік желілерден, ғаламтордан көргенімізді «өмір деген осы екен» деп ойлаймыз кейде. Ал, ата-ана өскелең жасқа оның алдамшы өмір екенін түсіндіргені абзал. Ал, оны үйрете алу үшін имандылық керек. Егер өзі иманды болса, жүрегі ізгілік жолында болса, қайырымдылықты, беруді-алуды білетін болса онда қанағат та болады. Бұл екеуі бір-біріне өте байланысты нәрсе.

- Жастардың еліктеушілік пен қызығушылыққа бой алдырып алдануы мүмкін десек те, біршама өмір көрген, белгілі бір жетістікке жеткен, толыққанды қалыптасқан ересек кісілердің деструктивті ағымдар жетегінде кетуін қалай түсіндіруге болады?

- Бұл – айна. Басқа образда өмір сүрген адамдар көбіне маскасын ерте ме, кеш пе, шешеді. Депрессияда жүрген кісі ұзақ уақыт ішкі күйзелісін жасыруы мүмкін. Бірақ бәрібір оны бір күні сыртқа ақтарады. Өз тәжірибемде бір қыз бала болды. 22 жасында үлкен 100 000 доллардың мәшинесін кредитке алып, «мен бизнес істеп жатырмын» деп жүрген. Бизнесі – желілік маркетинг болатын. Бір күні үй алып, одан көлігін басқасына ауыстырып, қымбат бренд киімдер киіп жүрді. Бірақ жасанды өміріне өзі де көп шыдай алмады. Бір жағынан кредиттері де қыса бастады. Содан жаңағының бәрін тастады да бір топтың мүшесі болып шыға келді. Енді бұл жерде зерттеп қарасаңыз, ағым дейік, субмәдениет дейік, топ дейік мейлі, олардың қатысы жоқ. Осы жердегі мәселе адамның ішкі жан дүниесінің бостығы. Былайша айтқанда қағаздан үй, сарай салып алдық, ал шамалы жел соққанда бір күнде бәрі ұшып кетті. Ондай жағдайдан адам қалай шығады? Я психикалық ауытқуға ұшырайды немесе психосоматика денесіне әсер етіп, физикалық ауруға шалдығады, болмаса бір топтың мүшесі болып шығу арқылы өзіне пана табуға тырысады. Қайсысы дұрыс, әрине, топтың мүшесі болу. Бірақ ол кейін түсініп, санасына бірдеңе қонса дұрыс жолға қайтып келуі мүмкін. Яғни адамдар қиналған сәттерінде тығырықтан шығу үшін әр түрлі топтарға, тағы басқа субмәдениеттерге араласып кетеді. Себебі, ол жерден өзінің сұрақтарына жауап табады. Ал, бірақ алған жауабы қате болар, жалған болар. Ол мұны дәл сол уақытта пайымдай алмайды. Себебі, санасы әлсіз, кеудесі қуыс. Сен мынаны жасасаң осындай жеңілдік болады, мынадай жақсылыққа жетесің дейтін неше түрлі сөзбен баурап алатын белсенділер көп қой. Өзі қиналып жүрген кісі сондай сөздерге тез иланып қалады.

- Осындай жағдайдағы немесе басқа ағымдарға араласып кеткен таныстары бар кісілерге қандай кеңес берер едіңіз?

- Менің айтарым, ең бірінші, кез-келген жағдайда адам өзінің қателігін мойындауы керек. Бұл шындық жолы. Басқаны алдасаңыз жарайды, ол өз жолымен кетер. Ал өзіңізді алдау өміріңізге, тағдырыңызға үлкен, алапат қасірет әкелері анық. Бұл жерде өзімізді алдамау, өзімізге адал болу ең – бірінші маңызды нәрсе. Сондықтан бұл жерде жаңағы кісі мойындау керек. «Мен алдадым, мен сені алдадым және мен өзімді алдадым. Себебі, ақиқатты мойындағым келмеді, шындықты айтпадым» деп өзіне ашынып айта алу керек. Қандай ауыр іс жасаса да кінәсін мойындап, шынайы өкінген кісіге басқалардың жаны ашып, жүрегі жібиді ғой. Сол сияқты бұл жерде өзінің артынан ерген кісілерге де «мен сендерді алдадым, себебі, мына жағдайдан өту үшін, сол кездегі тығырықтан шығу үшін маған осы нәрсе керек болды. Сондықтан сіздерді де алдадым, өзімді де алдадым» деп мойындағаны абзал. Өзіне ауыр болса да шындықты қасқайып тұрып қабылдай алса, басқалардың алдында бар ерік-күшін жиып, ашық жариялай алса, онда санада өзгеру процесі басталады. Мұны психология терминімен айтар болсақ, «психологиялық коррекция» дейді. Демек, ол өзінің шынайы жүзін қабылдап, сол тығырықтан шыға алды деген сөз.

Ал туысқандарына келер болсақ, туыстары фактіні ашық айтқаны жөн. Оны алдап, жуып-шаюға тырысудың керегі жоқ. Заңмен, осыған дейін болған фактілермен, дәлел-дәйекпен қате жолға түсіп жатқанын ашық айту керек. Европалық психологтардың кейбірі мынадай жол ұсынады. Үйден 3 күн шығармай деректі фильмдер немесе сол мәселенің бұрыстығын дәлелдейтін видеоларды көрсету және алған ақпаратын қорытып, ойлануға уақыт беру яғни шамалы уақытқа ешкіммен араластырмай, жеке қалуына мүмкіндік беру керек.

Мысалы, белгілі топтар қолданатын бірден-бір тәсілдер – «ақпараттық контроль», «физиологиялық контроль», «ой контролі» және «эмоционалдық контроль». Адамды барлық жағынан қадағалауға алу. Мысалы, сенің кіммен қарым-қатынасың бар, кіммен араласасың, қандай тақырыпта әңгімелесесің және ол туралы ойың қандай, осының бәрін бақылауда ұстайды. Сырттан ешбір ақпарат алмайтындай күйге түсіреді. Ешқандай кітап, газет, көгілдір экран, т.б. ақпарат көздерін оқымауға, көрмеуге және ешкімді тыңдамауға әсер етеді. Мұндай жағдайда, соның қарама-қарсы тәсілін қолдану керек. Бұл жоғарыда айтылған тәсіл – «изоляция» методикасы.

Жаңағы топтың барлық мүшелерінен, бөтен кісілерден арасын алшақтату, содан кейін дәлел-дәйектермен бет бұрған бағытының қателігін көрсететін ақпараттар ұсыну. Бірақ мұның бәрі күшпен емес, махаббатпен жасалу керек. Одан кейін уақыт беріледі. Алған ақпаратты қорытуға жеткілікті уақыт қажет яғни дұрыс пен бұрысты өздігімен ажыратуына мүмкіндік беру. Осы сәтте көп жағдайда үлкен өзгерістер болып жатады.

- Бұл топтар мен тәуелділіктің арасында қандай байланыс бар?

- Кез-келген топ бір ғана тақырыпты қайталап өте береді. Мысалға, «Самсунг» компаниясының тобы деп алар болсақ, сізге тек «самсунг» жайлы ақпарат береді. Самсунгтан тыс сізге ештеңе оқытпайды. Былайша уақытта қоғамдағы жан-жақты жайттардан хабардар болуыңыз мүмкін, ал жаңағыдай топқа түссеңіз, тек сол топтың көсемі деп танылған кісіні тыңдап, соның айтқандарын ғана оқытады. Ол жерде махаббатпен, қорқытумен және қысыммен жан-жақты шектеу жүреді. Тіпті, «сен Алланың қарғысына ұшырайсың» дегенге дейін барады. Осылайша тәуелділікке ұшырайды.

- Бауыр еті баласын түрлі топтардың ықпалынан қорғай алу үшін ата-аналар не нәрсеге мән бергені абзал?

- Ата-аналар мәпелеп өсірген жеткіншегінің бойындағы өзгерістерге аса қатты мән берсе деймін. Әр түрлі топтардың ықпалына түскен жастарда байқалатын бірінші өзгеріс – киім кию үлгісі. Қара түсті киімдерге басымдық бере бастайды. Сонан кейінгі өзгеріс тамақтануда байқалады. Отбасымен бірге асқа отырғанда ет жемейді. «Бұл етті қайдан алдыңдар?» деген сияқты сұрақтар қояды. Үшінші нышаны – сөйлескен кезде бетіңе қарап отырса да көзқарасы бос яғни сені естіп отырмаған секілді, ойы басқа жақта. Өйткені оларға басқа адамдармен, тіпті ет жақындарымен де сөйлесуге тыйым салынады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, сырттан ақпарат алуға болмайды. Сондықтан да олар көбіне бетіңе қарап отырғанымен, ойы, санасы, жүрегі саған жабық яғни сені тыңдамайды. «Бері қара, мен саған айтып жатырмын» десе агрессиямен жауап береді. Егер осындай белгілер байқалып жатса, онда балаңызда проблема бар.

Бұл белгілерді анықтадық дейік, содан кейін не істейміз? Бұл жерде оның ата-анасы балаға өте көп көңіл бөлуі керек. Оның қызығушылығы қандай, достары кімдер, т.б. баласына қатысты барлық ақпаратты білгені жөн. Содан кейін күдікті деген достарымен ара-қатынасын шектейміз. Мұның бәрін үлкен махаббатпен, мейіріммен жасау керек. Күдікті топтардың да көп қолданатын тәсілі «бомбардировка любовью» деп аталады. Демек, жан-жақты туған-туыстың бәрі сол балаға көңіл аударып, көбірек сөйлесіп, махаббатпен қарым-қатынасын жақындата түскені абзал. Әсіресе достарына қатты мән беру керек.  Балаға бұрын 10 пайыз ғана көңіл бөлінген болса, енді 99 пайызға көбейту керек. Не нәрсеге қызығушылығы болса, соған беріп, барынша қабілеттерін ашуға, әлеуметпен байланысын жақсартуға тырысқан абзал. Мысалы техникаға қызығушылығы болса, сондай үйірмеге немесе сол салаға бағыттап, оның қызыққан тақырыптарын бірге сөйлесетін адамдармен таныстырған жөн. Нәтиже бірден бола қоймайды, дегенмен осылайша аз-аздап бетін бері қаратуға болады. Бұл жерде мектебіне, оқу орнына барып, жауапты кісілермен сөйлесіп, оларды да ескертіп қою керек.

- Өте мағыналы сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Индира Жұмабекқызы.

Бөлісу: