Бұл да – құлшылық

Бұл да – құлшылық

Исламдағы отбасы
Жарнама

Мұсылманша неке қиып, Ислам талаптарына сай өмір сүрудің үй ішіндегі берекенің қайнар көзі екені айтылып та, жазылып та жүр. Біз бүгін некенің жай әрекет емес, құлшылық екендігіне тоқалмақпыз.

 Алдымен айтылатын нәрсе, ақ неке қиып, үй болу – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сүннеті, үйленуге шамасы жеткендер үшін дініміздің әмірі. Хадис шәрифтердың бірінде: «Үйлену – менің сүннетім.»[1], – десе, басқа бір хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын»,[2]деп бойдақтарды үй болуға шақырған. Осының өзі бұл әрекеттің шариғаттағы орасан орнын байқатады.

Тағы бірде Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) сахабаларын дүние-мүлікке беріліп кетуден сақтандырып отырған кезде хазреті Омар (Алла одан разы болсын): «Сонда өмірде алуға не лайық?» деп сұрайды. Алла Елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Зікір айтатын тілі, шүкіршілік ететін ділі бар, ақырет үшін сендерге жәрдемші болатын салиқалы әйелге некелесіңдер»[3]деп үлкендерге құрмет көрсетіп, ерін сыйлайтын, кішілерге мейіріммен қарайтын  иманды, ибалы әйелдердің өмірде орны ерекше екенін тілге тиек еткен.

Сүннетке сай үй болу – діни қағидаларды бұлжытпай орындауды білдіреді. Өйткені сүннет дініміздің негізгі тіреуінің бірі. Негізінде, сүннет жас баланы сүннетке отырғызумен ғана шектелмейді. Оның толық мағынасы бүкіл болмысымызбен Құранның әміріне сай, Пайғамбарымыздың (саллаллаһуғәлейһиуәсәллам) өнегесіне лайық болу. Мысалы, оң жағымызбен жату, тамақты оң қолымызбен жеу – бәрі де сүннет. Солардың қатарына үй болып шаңырақ көтеру де қосылады. Әрбір амалды сүннетке сай орындаған жағдайда мұсылманның әрбір тыныстауының өзі құлшылыққа айналады. Олай болса, дұрыс отбасын құру арқылы да мол сауапқа кенелуге болады.

Сыйластығы берік отбасының әр сәті үшін сауап жазылып, күнәлары кешірілетіні жайлы да хадистер бар. Солардың бірінде сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам) былай деген: «Ері әйеліне, әйелі еріне сүйіспеншілікпен қараса, Алла да оларға рахымдылық етеді. Егер ері жұбайының қолынан ұстаса, саусақтарының арасынан екеуінің күнәлары төгіледі». Көрдіңіз бе, ерлі-зайыптының бір-біріне мейірім көзімен қарауының өзі Алланың рақымын шақырып тұрады.

Отбасын құру – зина күнәсынан, соның ішінде көз, қол, аяқ сияқты мүшелердің де күнәлі қылықтарынан сақтанудың үлкен мүмкіндігі. Бірде Алла Елшісі (саллаллаһу ғәлейһи уәсәллам): «Уа, жастар қауымы! Сендердің араларыңда үйленуге шамасы жететіндер болса үйленсін! Өйткені ол зинадан сақтану жолы. Ал шамасы жетпегендер ораза ұстасын! Өйткені ол – қалқан »[4] деп үй болудың сауабы мол құлшылық әрі күнәдан тазару жолы екенін үйреткен.

Бұл айтылғандар Ислам шариғатында ақ некенің қаншалықты үлкен рөл ойнайтынын анық байқатса керек.

 Абдусамад Оқан

Исламтану ғылымдарының PhD докторы

Бөлісу: