Алланың разылығына қол жеткізем десеңіз

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адам баласы мұсылман деген ұлық атты өзіне ту етіп алғаннан кейінгі әрекеті Жаратқанның әміріне бойұсынып, құлшылығын жасау болмақ. Алланың әмірінен кейін орындалуы тиіс ғибадат, ол – ата-анаға құрмет көрсетіп, олардың мәртебесін асқақтату.

Тек қана ислам дінінде Алла өзіне құлшылық жасап бойұсынғаннан кейінгі жақсылық ата-анаңа жасаған қамқорлығың деп көрсеткен. Оған дәлел Алла тағала Құран Кәрімде: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, ата-анаңа жақсылық қылуға әмір етті.» («Исра» сүресі, 23-аят).

Біле білген адам үшін ата-ана таптырмас қазына, қоса айтқанда оның басында тұрған үлкен тәжі. Кімде-кімнің ата-анасы көз алдында қартайса, ол өзінің басындағы тәжін көре алмайтыны анық. Ал қашан әкесі немесе анасы мәңгілік өмірге дүние салса, сонда ғана ол бір тәжінен айырылғанын сезінеді. Сондықтан да ата-анасы барлар Аллаға сансыз шүкірлер айтып, сол ата-анасына қамқор болуға, жақсылық жасауға асығу керек. Алла Тағала Құранда былай деп бұйырады: «Маған және әке-шешеңе шүкірлік ет! Қайта оралар жер менің құзырым» («Лұқман» сүресі, 14-аят).

Кім Аллаға шүкірлік етіп, бірақ ата – анасына шүкірлік етпесе, онда Жаратушыға деген шүкіршілігі қабыл болмайды. Себебі, ата-анаға шүкірлігіміз, ол Аллаға шүкірлігіміз. Оларды құрметтеу ең көркем құлшылық. Барлық игі істердің негізі және жұмаққа апаратын жолымыз. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде – кім жақсылық етіп, әрдайым шүкірлік танытатын болса, оның өмірі ұзақ болады», - деп айтқан.

Хазіреті Айша (р.а) анамыздан жеткен хадистердің бірінде Пайғамбарымыз (ﷺ) айтады: «Мен түсімде жәннатта екенмін. Жәннатта Құран оқылып жатқанын естіп: «Бұл кім?» – дегенімде: «Харис ибн Нұғман», – деген жауапты естідім», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) сахабалардан Харис ибн Нұғман жайлы сұрайды.
«Оның амалы қандай амал?» – дегенде, сахабаларының барлығы: «Уа, Алланың Елшісі! Оның жақсы бір амал жасап жүргенін көрмейміз. Алайда, ол анасына көп жақсылық жасайды», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Оның істеп жүргені жақсылық», – деп үш мәрте қайталайды.

Жоғарыдағы аят-хадистерге ой жүгіртсек ата-анаға жақсылық сізді жәннаттан таптыратын ізгі амалыңыз екен. Тіпті, ата-анамыз бізге жеткілікті дәрежеде көңіл бөліп қарай алмаса да, біз оларға жақсы қарауға міндеттіміз. Өйткені үлкен кісі жасы ұлғайған сайын жас бала секілді көп ренжігіш, қорғансыз бола түседі. Сәби кезіңізде сіздің қателіктеріңізге көз жұма қараған ата-анаңыз қартайған шағында мейіріммен қарай алмасаңыз мұсылмандығыңыз қайда қалғаны?!... Қанша жерден мұсылманмын деп кеудеңді ұрғаныңмен ата-анаң сенен разы болмаса Алланың разылығын табамын деу бос әурешілік. Себебі, дана халқымызда: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында», - деген өсиет сөз бойымызда тулап тұр емес пе?!

Ата-анаңыз сізден разы болса, екі дүниеде алар асуыңыз, жетер жетістігіңіз жемісті болмақ. Алла сізден екі дүниеде разы болып, осы жалған өмірде де, мәңгілік ақыретте де мол нығметтеріне бөлейтіні анық. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда қартайған қарт ата-аналарының қадіріне жете алмай, азғырған шайтанның қармағына ілініп, оларды қарттар үйіне тапсырып, «енді бақытты боламын» деп қателесіп жүрген жандар қаншама...

Бұл қысқа ғұмырымызда уақытша ғана жанымызда болатын жақындарымыздың қадіріне жетіп, оларға тек жақсылық жасап, ақ батасын алуға асығуымыз керек. Сонда ғана ертеңгі ұрпақтан жақсылық күтіп, оларға бата беріп, ақсақалды ата, ақ жаулықты ана атанатынымыз анық.

Алла бізді үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жасымыз ұлғайғанда кішіден құрмет, үлкеннен ғибрат көре алатын пенделерден болуды нәсіп етсін! Әумин!

Мырзагелдиев Хамит

«Рахымқызы Раиса Ана» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: