Үйінде береке жоқ жігіттің түзде тірлігі түзелмейді

Үйінде береке жоқ жігіттің түзде тірлігі түзелмейді

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасында тыныштық, бақыт болса қоғамдағы кез келген ауыртпашылық жеңілдейді. Жұмыстан орныңды таппай жүрсең де, біреуден  зәбір көрсең де қайтып оралатын отауың болса, сол отаудың ішінде тыныштық орнаса, сені жан-тәнімен түсініп, қабағын арнап отырған жан болса, кез келген ауыртпашылық жеңілдейтініне тарих дәлел.

Өйткені тарихта «қара қазан, сары бала қамы үшін» дегендей, талай соғыстар, аласапырандар болды. Сол сары балаң «әке» деп аяғыңа оралса, қара қазанында қарын тоятын тамақ болса, барлығына шүкір деген кезеңдер өтті.

Отбасы – бақытымыздың бастауы. Қоғамда жасайтын жұмыстарымыздың негізі сонда жатыр.  Кейде жұмыс деп, отбасымызға көңіл бөле алмай жатуымыз мүмкін. Кейде басқа да тіршіліктің қамымен отбасының хақысын өтей алмай жатамыз. Бұл қате нәрсе. Себебі отбасын реттей алмаған жан қоғамда да берекесіз болады. Қоғамда көптеген жетістіктерге жеткен адамдар отбасында бақытты азаматтар. Әйелінің алдында еркек ретінде қадірі бар, балаларының алдында әке ретінде орны бар, туыс ретінде ағайын арасында абыройы бар.  Өзіңнің өсіп-өнген осындай бау бақшаңнан береке тапқан адам  қоғамда да елдің кәдесіне жарап, жел жағына ықтасын болады. Қанша жерден  үрлеп, қолдан тұлға жасап, қодырайтып айтқанмен оның отбасында тыныштық береке болмаса, ол адам бір күні бәрібір сүрінеді.

Ерлі-зайыпты деген кімдер? Бір жастықта басы түйіскен,  ең жақын адамдар емес пе?! Тіпті, әке-шешеңнен гөрі сол жұбайыңмен  ұзағырақ өмір сүріп, бірге болуың мүмкін. Өмірдегі тән, рух, жағынан ең жақын адамың. Өкінішке қарай, ыстық суығы басылмаған, бір жастықта бастары түйіскендердің  жыл өтпей жатып-ақ ажырап, бір бірін көрместей боп жатуы, қаншалықты қатігез,  суық, кешірімсіз, мейрімісіз болып  баратынымызды көрсетеді. Бір жастықта жатып, бір-бірінің қадірін білмесе, ол күнде көріп жүрмеген, сәт сайын араласпаған адамдардың қадірін қайдан білсін?  Онда қай байдан шарапат, қай кедейден мейірім күтеміз? Егер бастары бір жастықта, тізелері бір дастарxанда түйіскен адамдар бір бірін бағаламаса, басқа кімді бағалайды?

Осы орайда, «Сендердің әйелдерің сендер үшін киім сияқты, ал сендер оларға киім сияқтысыңдар…» («Бақара» сүресі, 187-аят) деген Алланың сөзі адам үшін қандай ғанибет десеңізші?! Киім адам үшін қандай маңызды рөл атқаруы мүмкін? Біріншіден, кісінің әуретін жабады, екіншіден, жайлылық сыйлайды, үшіншіден, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, төртіншіден, суықтан, ыстықтан қорғайды, бесінші, бөтен көздің сұқтануынан сақтайды. Киім туралы айта берсе әңгіме көп. Ал, ерлі-зайыптылар бір-бірінің ары мен ұяты, қамқоршысы, жанашыры, қорғаны, тәрбиешісі. Ер адам сана түкпіріндегі жаратылыстық сезімі арқылы тыныштығы мен жан рахатының арқауына айналуы үшін әйеліне жақсы қараудың қажеттілігін түйсінеді. Алла Тағала былай дейді:

«Ол сендерді бір жаннан жаратып, оның (ердің) тыныштық табуы үшін оның өзінен жұбайын жасады...» («Ағраф» сүресі, 189-аят).  Әйелдің жанының жай табуы, аман-есендікте, сергектікте болуы оның мінез-құлқының қалыпты болуының, жанұяның бақытты болуының һәм оның айналасындағы ортаның жарқын болуының бірден-бір себепкері – оның Алладан кейінгі өмірлік қорғаны, ерінің мықты болғаны, иманының берік болғандығында.

Құраннан: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-бірлеріне көмекші, өкіл» («Тәубе», 71-аят) деген аятты оқығанда Алла Тағаланың Өз жаратылысындағы даналық-хикметі жанұядағы ердің де, әйелдің де тең дәрежеде бақытты ғұмыр кешуін және әйелдің ер адамның қамқорлығында болуын, оған бойұсынуын айтқанын аңғарамыз.

ummet.kz

Бөлісу: