Отбасында еркектер көңіл бөлуі қажет мәселелер

Отбасында еркектер көңіл бөлуі қажет мәселелер

Исламдағы отбасы
Жарнама

Ер азамат үйленуге шешім қабылдаған кезде ең алдымен өзін және өз мойнына алған бала-шағасын адал киіндіріп, тамақтандыратындай табыс көзіне мұқтаж. Өйткені асыл дініміз отбасының күнкөрісін қамтамасыз ету міндетін еркектің мойнына артып қойған әрі арнайы соған байланысты оның мұрагерліктегі үлесін артығырақ етіп белгілеп қойған.

Сондықтан ер азамат табыс көзі болса, үйленуге қадам жасауы керек. Әрине, өзін асырай алмай жүрген адамның үйленіп алып, басқаларды да қиын жағдайда қалдыруы дұрыс емес. Сонымен қатар, қолындағы мүмкіншіліктердің аздығына қарамай, діни міндеттерімді орындаймын деген ниетпен үйленген адамға Алла жәрдем ететіні де рас. Өйткені Хақ Тағала өз мейірімінің кеңдігін ескерте отырып, үйленуге шақырады: «Араларыңдағы үйленуге дайын бойдақтарды, құлдарың мен күңдеріңді үйлендіріңдер. Егер олар пақыр болса, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алланың кеңшілігі мол, бәрін білуші» (Нұр сүресі, 32-аят). Бұл аяттан ұғатынымыз – қоғам ішіндегі үйленуге шамасы келетіндер ертерек үйленгені, өз шамасы келмегендер басқалардың көмегімен үйлендірілгені абзал. Бұл Ислам қоғамының ортақ жауапкершілігі. Шын мәнінде, бұл үлкен қайырдың есігі. Себебі, осы арқылы қоғамның және оның мүшелерінің ар-намысы қорғауда болады.
Ар-намыс – адамға берілген ерекшелік. Өйткені, өзге жаратылыс иелерінде ар-намыс мәселесі жоқ. Бірақ адам осы адамдық сипатын жоғалтып алса, басқа мақлұқаттың, жан-жануардың дәрежесіне түсіп кетеді. Еш күмәнсіз, Алланың әр адамға берген зейін мен күші, қабілет пен бейімділіктері әртүрлі болып келеді. Сондықтан мамандықтар мен кәсіп түрлері пайда болған. Тағы айта кететін жайт – әрбір отбасының материалдық жағдайы сол үйдің ер азаматының қызметі мен табыс дәрежесіне қарай өлшенеді. Ешбір әкеден күші мен табысы жетпейтін нәрселерді талап етуге балалары мен жұбайының хақы жоқ. Әке тек өз табысына сай мөлшерде ғана «баспана, азық-түлік пен киім» жеткізіп отыруға міндетті. Баспана мейлі жалға алынған болсын, мейлі жеке меншік болсын, отбасы мүшелерін емін-еркін паналайтын үлкендікте және мүмкіндігінше жақсы жерден, жақсы көршілер арасынан таңдалғаны жөн. Басқа жерде тұруға мүмкіншілік бола тұра тәрбиесіз, бұзақы көршілердің арасында, денсаулыққа зиянды аймақта тұруға мәжбүрлеу отбасы мүшелеріне жасалған зұлымдық болады. Мұндай қателік уақыт өте келе үйдегі тәрбиенің бұзылуына, тіпті, отбасының күйреуіне апарып соғуы мүмкін. Ер азамат өз отбасы ошақ қасын жамандық атаулының бәрінен қорғауға тиіс. Жанұяның діни нанымын, көркем тәрбиесін бұзатын жаман жолдастардан, босқа көшеде қаңғудан, неше түрлі теледидардағы бұзық көрсетілімдерден, тәрбиелік мәнсіз және мағынасыз кітаптардан, газеттер мен өзге басылымдардан отбасын қорғауы керек. Қысқасы, отбасын сыртынан да, ішінен де қорғау ер адамға артылған жауапкершілік.

материал «Дүниедегі Жәннат — тұғырлы отбасы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: