Бала тәрбиесіндегі имандылық тәрбиенің маңызы

Бала тәрбиесіндегі имандылық тәрбиенің маңызы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Имандылық тәрбие – адамның иманына, ар-ұяты мен адамгершілігіне негізделген тәрбие жүйесі. Алайда, бұдан имандылық тек қана жекелеген тұлғаның адамдығын айқындайтын мінез сипаты деген ұғым тумаса керек.

Өйткені, халқымыздың ұғымында «Отан отбасынан басталады» деген түсінік бар. Баласына бесігінде жатқанында-ақ:

Тәтті айтқанда бал тамған,

Ащы айтқанда қан тамған.

Ақын болар ма екенсің?

Не болмаса жүректі,

Күш, қайратты, білекті,

Кемшілікке көнбейтін,

Батыр болар ма екенсің? – деп, кішкене періштені елге тұтқа болар зор азамат болуға баулыған. Даналардан қалған «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – атаға жете туады, бір бала бар – атадан кері кете туады» сынды нақыл сөздер – осы сөзіміздің айғағы.

Бұл ретте имандылық тәрбиесінің алар орны зор. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы-жаманның, обал-сауаптың не екенін, қалай жақсы адам болудың жолдарын үйрету, парасатты тәрбие беру – ата-анаға міндеттелген іс. Алла Тағала алдындағы ата-ананың жауапкершілігі осындай.

Мінез-құлықты қолдан жасауға болатыны үшін, бала тәрбиесі туралы айтылған хадис шәрифтерде былай деп бұйырылған: «Балаларыңның тілін «Лә иләһә иллаллаһпен» ашыңдар» (имам Хаким). «Кісінің өз баласына бір мәрте әдеп үйретуі бір сағат садақа бергеннен артық» (имам Термези). Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хүсейінге сақтандыру дұғаларын оқығанда: «Расында, аталарың (Ибраһим пайғамбар) Исмаил мен Исхақты осы дұғамен сақтандыратын: Алланың кәміл сөздерімен әрбір шайтаннан, зиянкестен әрі әрбір өткір көзден сақтанамын». Бұхари риуаят еткен.

Бірде Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір бәдәуи араб келіп: «Сіздер сәбилеріңізді сүйесіздер ме?» – деп таңданды. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған: «Егер Алла жүректеріңнен мейірімді алып қойған болса, не істейін?» – дейді. Бұхари риуаят еткен. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хасан мен Хүсейін үшін: «Уа, Алла! Расында, мен осыларды жақсы көремін, Өзің де жақсы көр, әрі оларды жақсы көргендерді де жақсы көр», – деп дұға ететін. Бұхари риуаят еткен. Ибн Аббас (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үйлеріңдегі жандар көруі үшін қамшыны іліп қойыңдар. Расында, ол олар үшін әдеп», – деген. Табарани риуаят еткен. Әңгімені дұрыс тыңдай білу де өнер. Қазақта «Тыңдай білу – ұлылық», «Тыңдалмаған сөз жетім» деген мақалдар бар. Әңгіме, не дәріс айтылып жатқанда байыппен, мұқият тыңдай білу үлкен сабырлықты, әдептілікті талап етеді. Бабаларымыз жеткіншек ұрпақты қасына алып, өткен-кеткеннің өнегелі қиссалары мен шынайы өмірден алынған ғибратты жайттардан сыр шерткен. Ол үшін жас ұрпақты әңгіме, өсиетті, үлкендерді ақылын дұрыс ұғыну үшін тиянақты тыңдай білуге баулыған. Мұның өзі дала халқындағы этикет тәртібінің аса биік болғандығын білдіреді. Басқаны тыңдай үйрену, негізінде, үлкен өнегелік.

Тіпті, айтылып жатқан нәрсеге келіспеушілігің не алыпқосарың болса да, ақырына дейін тағат ете тыңдау – шынайы тәрбиелілік нышандарының бірі. Осы қағидатты берік ұстанған ата-бабаларымыз ғасырлардан жеткен ел мұралары мен діни білімді құлаққа құйып, кейінгіге жеткізе алды. Өскелең ұрпаққа: «Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетеді, құйма құлақ құйып алады» деп, айтқанды лезде қағып аларлық қағылездікке үйретті. Халқымыздың ғасырлардан бері келе жатқан этнопедагогикасында кездесетін осынау этикет қағидаттарынан көзі қарақты жан білім алудың алғышарттарын, асыл дініміздің шуағын табады.

Әуелде Жаратқан Иенің Өзі жаратылысын әміртыйымдарын жақсылап тыңдап, Өзінен қорқуға әрі Өзіне бағынуға шақырады. Алла Тағала былай дейді: «Ендеше шамаларың жеткенше Алладан қорқыңдар, тыңдаңдар әрі бағыныңдар» («Тағабұн», 16). Хасан ибн Әли (р.а.) өзінің ұлына: «Уа, балам! Егер ғалымдармен бірге мәжілісте отырсаң, көп тыңдап, сөйлемеуге тырыс. Жақсы тыңдауды, көркем түрде үндемей отыруды үйрен. Қанша ұзақ болса да, ешбір адамның сөзін кеспе», – деген. َПайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бізден бір нәрсе естіп, оны дәл сол естігеніндей етіп басқаларға жеткізген адамның жүзін Алла жарқын етсін», – деген. Термези риуаят еткен. Ислам тағылымы ұлмен бірге қыз баласының тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне нәзік жандыларға ерекше қарауды үйреткен.

Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.

Егер ата-ана баласын мейірімге бөлеп, ойы мен жүрегін ізгілікке бағыттап, өздерін әрі қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болатын берік тірек сыйламақ. Керісінше, адамдық қасиеттеріне көңіл бөлмей, тек материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен шектелсе, онда бала қоғамды ішінен ірітетін зиянкес болып өспек. Ағаштың түрі мен тіршілігі жалғасу үшін оның тұқымы қаншалықты маңызды болса, адамзат тіршілігі мен ұрпақ жалғастығында да баланың рөлі сондай екенін ұмытпаған жөн. Өзінің істеуі харам болған нәрсені баласына жасатқан адамның өзі де сол күнәға ортақ болады.

Балаларының тура жолдан адасып, көшеде етек жайған жаман мінездерді бойына сіңіруіне себепші болған адам да ертеңгі күні Алла Тағала алдында жауапкер. Дініміздің негізі де осыны мұрат етеді. Иманды, адал мен арамды, адамдық парызды үйретуді діттейді. Алла Тағала пайғамбарларды сол үшін жіберген. Егер өскелең ұрпаққа Алланың хақ ілімі үйретілмесе, қоғам да азғындыққа түседі. Осымен байланысты «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Ей, мүміндер! Өздеріңді және үй-іштеріңді (жанұяларыңды) тозақ отынан қорғаңдар!» деп бұйырылған. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері баланың адам болуы мен надан болуында ата-ананың қаншалықты орны барын былайша жеткізеді: «Барлық балалар фитратпен (таза) болып туылады. Кейін оларды ата-аналары насара, яһуди және мәжуси етеді» (Табарани риуаяты).

Қазақ халқы қай уақытта да бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған. Себебі, бала – ертеңгі ел қорғаны. Ел тұтқасы. Сондықтан да баланың намыс пен ұятты білуіне зор мән берген. «Батыр бір рет өледі, қорқақ мың өледі», «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп ұлт мүддесі жолында жанын құрбан етерлік азамат болуын тілеген. «Көсіру, жетілдіру» мағынасын білдіретін араб тіліндегі тәрбие сөзінің мағынасы да осы болса керек. Бұл туралы Шығыс халықтарында айтылатын «Бала қандай қымбат болса, бала тәрбиесі одан да қымбат» деген нақыл сөз бар. Оның бастау көзі Исламнан басталады. Ол туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мен көркем мінез-құлықтарды толықтыру үшін жіберілдім».

Қазақ халқы бала тәрбиесін сөз өнерінің, дәлірек айтсақ, ауыз әдебиетінің құдіретімен жүзеге асырды, төрт жүз жылға созылған қазақ хандығын сақтады. Бұл тұста ата-бабаларымыз:

– біріншіден, кез келген іс адал-арамға, жақсыжаманға, обал-сауапқа, дұрыс-бұрысқа бағытталып отырған. Бірін – жақсы, екіншісін – күнә дейді. Күнә нәрселер адам баласына зиян келтіреді. Сондықтан да ондай іс-әрекеттер қылмыс, жөнсіз жасалып, кез келген қоғам мүшесі ондай әрекеттерден аулақ жүрген;

– екіншіден, күнә жасаушылар болмауын қоғамның өзі қадағалап, бола қалған жағдайда оның шығу себебін анықтап, оның жайылып кетпеу жағы қарастырылады;

– үшіншіден, күнә жасаушы міндетті түрде жазасын тартуы, жасаған күнәсына өкініш білдіруі, екінші рет істемеуге шешім қабылдауы және қылмыс пен күнәнің кешірілуі көзде тұтылады;

– төртіншіден, мұны жүзеге асырушы билер, ақсақалдар және билік басындағылар жақсы біліп қана қоймай, оларды жаман жолдан қайтарып, имандылыққа жетелеген;

– бесіншіден, кез келген қылмысты іс, дау-дамай жариялы түрде, халық алдында өткен. Сөйтіп, жазаның әділдігі өзгелер алдында анықталып, оның үстіне өзгелерге сабақ, үлгі (сот шешімдері) болған.

Қазақ даласындағы имандылыққа негізделген тәрбие, ең біріншіден, ауыз әдебиеті, одан беріде жыраулар поэзиясы арқылы халыққа жол тартса, екіншіден, мектеп-медреселердегі үгіт-насихат арқылы жүзеге асты. Әсіресе, алдыңғы жол қазақ халқының иманының күшеюіне қатты әсер етті. Себебі, діни дастандар, қисса, жыраулық дәстүрі қазақтың рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сонымен бірге сырттан келген діни миссионерлерге, рухани экспанцияға да қарсы тосқын бола білді. Себебі қазақ дүниетанымындағы Исламның түп тамыры сонда жатқан болатын.

Сонымен қазақ халқының имандылық тәрбиесі кешегі ата-бабаларымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері негізінде және солар ұстанған діни нанымдары мен шариғат жоралғылары аясында қалыптасты.

материал «Дін мен діл» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: