Сүннет неке мен харам некенің айырмашылығы

Сүннет неке мен харам некенің айырмашылығы

Исламдағы отбасы
Жарнама

Неке арабтың «Никаһ» сөзінен шыққан. Мағынасы «жинау, қосу» дегенді білдіреді. Ал дін термин ретінде шариғат қағидалары мен шарттарына сай үйлену деген ұғымды төңіректейді. Ислам дінінде неке адал саналып, ал некесіз ер мен əйелдің бірге болуы харам етілген.

Себебі, дініміздің мақсаты неке арқылы пəк ұрпақ жетілдіру. Қоғамның жасампаздығын сақтап, тыныштық пен бірлікті жаю. Ал үйленуден бас тартып, жат жолға түсу адамның өз табиғатына қарсы келуді білдіреді. Бұл өзіне де, қоғамға да зиян. Неке – адам баласының табиғи қажеттілігі, адамдық міндеті. Сондықтан ешқандай кедергі жоқ бола тұра бұл міндеттен қашу дұрыс емес. Алайда əркімнің жеке басының ерекшелігіне қарай некенің үкімі өзгеруі мүмкін. Біреуге неке құру парыз болса, енді біреуге сүннет, келесі бір кісінің неке құруына тіпті харам деген ескертпелер берілген. Енді неке жайлы айтылған осы шарттарға тоқтала кетейік.

Парыз неке: Зина жасау қаупі төнген бойдақ кісі егер үйленгеннен кейін отбасын асырай алатындай жағдайда болса, онда оның күнəдан сақтануы үшін үйленуі парыз. Яғни харам істерге бой алдыру қаупі төнген адамға ең абзалы – үйлену.

Сүннет неке: Зина жасау қаупі жоқ болса да, шаңырақ көтеруді қалаған адамның үйленуі сүннет болып табылады.

Харам неке: Ал енді ерлі-зайыптылық өмірі басталғаннан кейін де жеңіл жүрісін тоқтатпайтын немесе отбасын бағу үшін ұрлық-қарлық, парақорлық сияқты түрлі теріс əрекеттерге, діни тұрғыдан тыйым салынған істерге баратын адамның үйленуі харам болып есептеледі. Жұбайына жəбір көрсететіндердің үйленуі де осы топқа жатады.

Мəкрүһ неке: Отбасын құрғаннан кейін жұбайына қиянат жасауы немесе отбасын асырау үшін харамға ұрынуы мүмкін болса, ондай адамның үйленуі мəкрүһ.

Мүбах неке: Табысы адал, зина жасау ықтималдығы жоқ (діндар, тақуа), мəһір беретін жағдайы бар адамның некелесуі мəмдух не мүбах, яғни құптарлық. Ондай адамның үйленуі де, үйленбеуі де өз қалауында.

Міне, Ислам дінінде үйленудің өзін жан-жақты талдап, қандай жағдайда оның парыз, сүннет немесе харамдығын анықтау арқылы шаңырақ көтеруге немқұрайлы қарауға болмайтынын көрсеткен.

материал “Исламдағы жанұя” кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: