Әйел артық па, еркек артық па?

Әйел артық па, еркек артық па?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әр адам – өзінше бір әлем. Әр әлемнің де сіз секілді өзіне тән «ой-пікірі, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы» бар. Соның ішінде әсіресе ер мен әйел арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Ер мен әйел арасындағы айырмашылықты көп адам мойындайды, бірақ парқына бара бермейді. Байқасаңыз, екеуінің де өзіндік табиғаты бар. Әрқайсысы бойына біткен қасиетімен ерекшеленеді. Әртүрлі ойлайды, әртүрлі сезінеді, қабылдауы мен бір оқиғаға көрсетер реакциясы да әртүрлі, тіпті сүюі де бөлек. Әрбірі өз тілінде сөйлейтін жаратылыс.

Ер мен әйел арасында белгілі айырмашылықтың болуы – табиғи нәрсе. Екеуі де өздеріне тән қасиеттері арқылы бірін-бірі толықтырып отырады. Екі жақтың осы мәселені ұғынуы арада дұрыс қарым-қатынас орнатуға көмектеседі. Себебі адамда «маған ұнаған нәрсе басқаға да ұнауы тиіс» немесе «мен қалаған нәрсені ол да қалауы тиіс» деген эгоистік түсінік бар. Бұл нәрсе дұрыс емес әрі адамға пайда әкелмейді. Ерлі-зайыптылар арасында көптеген проблема осындай теріс түсінік салдарынан туындап жатады. Бұған белгілі дәрежеде феминизмнің де зор ықпалы бар.

Алла тағала ер мен әйелді бір-бірін толықтыратын жаратылыс етіп жаратты. Яғни, ер кісіге қажетті болған нәрсені әйел кісінің бойына, әйел кісіге қажетті болған нәрсені ер адамның бойына топтастырған. Бар болғаны екі жақ та қарсысындағы адамның қажетін лайықты түрде ұсынып, өзіне қажет нәрсені даналықпен ала білгені қажет. Сол кезде шаңырақтың босағасы берік болады.

Тақырыпқа қосымша:

Феминизм – өмірдің барлық саласына қатысты ер мен әйел арасында теңдік орнатуға бағытталған идеология. Шығу тарихы XVIII ғасыр, Америка мен Франциядан бастау алады. XIX ғасырда Солтүстік Америка және Францияда феминизмді қолдайтын әйелдер ұйымдары пайда бола бастады. ХХ ғасырдың жетпісінші жылда- ры феминизм қозғалысы кең өріс алып, әлемнің түкпір- түкпірінде осы бағытты қолдаушылар саны көбейе түсті. Феминист әйелдер үшін отбасы құндылығы мен бала тәрбиесінің ешбір маңызы жоқ. Олар қоғамда еркін болып, еркін билік жүргізгенді, ерлерше өмір сүргенді қалайды. (Олардың айтуынша – қоғамда әйел адамның құқығы қорғалмайды, әйел адам еркектердің күңі іспеттес, үнемі қорлық көретін де әйел адам). Бұған әрине батыстың XIX ғасырдың орта шеніне дейін әйелді адам құрлы көрмеуі үлкен әсер етті. Мұсылмандық ұғымда болса, отбасы – киелі ұғым. Отбасылық бақытқа жету үшін ер мен әйелден осы жолда үлкен жауапкершілік пен пидақорлық талап етіледі.

Шаңырақ көтерген ер мен әйел бұрынғы еркіндігінен бас тартып, белгілі бір мәселелерде тәуелділікке бас игенде ғана барып бақытты отбасы бола алады. Бір адамның: «Мен ешкімге тәуелді болмаймын, қалағанымдай өмір сүремін әрі үйленіп үй боламын» – деуі бос сөз. Себебі ондай отбасы ұзаққа бармайды. Мысалы, кеше ғана ешкімге бағынышты болмай өскен қыз бала тұрмыс құрған соң: «Мен қалағанымдай өмір сүремін, ешкімге бағынышты болмаймын» – деп, күйеуін тыңдаудан бас тартса, мұндай отбасының қандай болашағы бар? Сол секілді ер кісі үйленген соң: «Мен әйелімді тыңдауға тиісті емеспін, үйленсем де өз қалауымша өмір сүремін» – деп, әйелінің сөзіне құлақ аспай отбасылық міндеттерін орындаудан ат тонын ала қашса, мұның ақыры неге апаратыны белгілі.

Феминизм әйелді еркек секілді болуға итермелеу- мен әйелдің әйелдік болмысына нұқсан келтірді. Шындап келгенде, әйел – әйелге тән табиғатын сақтауымен әйел. Жаратылыс тұрғысынан ер мен әйел бір-бірінен артық емес – өзгеше, яғни белгілі бір айырмашылықтар бар. Мысалы, әйел кісі нәзіктігімен, сезімталдығымен, бала көтере алуымен және оған деген мейрімімен ерекшеленсе, ер адам күш-қуатымен, ақылға көбірек жүгінуімен ерекшеленеді. Осы екі жаратылыстың бойындағы ерекшеліктер бір арнаға тоғысқан жағдайда бірін-бірі толықтыра түседі.

Адамның осы жаратылыс ерекшелігі көзге ілінбей, оған менсінбеушілікпен қаралатын болса, отбасына зи- яны тиеді. Мысалы, әйелдің үйдегі атқаратын рөліне немқұрайлы қаралып, түкке тұрғысыз етіп көрсетілетін болса, әйел кісі бұл қызметінен алыстап кетеді. Әйел адамның үйдегі атқаратын рөлін, оның ішінде күйеуіне бағынуы мен бала тәрбиесіндегі алар орнын түкке тұрғысыз деп санаған феминистер – «Әйелді күң ретінде, еңбегі өнімсіз әрі еш бағаланбайтын жаратылыс етіп көрсеткісі келді». Бұған нәзік жандылардың ішінде алданып қалғандары да бар.

Асылында, әйел адамның отбасылық өмірде атқаратын рөлі үлкен маңызға ие! Ол әрине ұрпақ тәрбиесі, келешек қоғам тәрбиесі! Бірақ мұның жемісі араға жылдар салып барып, салиқалы ұрпақ тәрбиелеумен көрінеді. Бірден жеміс бермеуі себепті түкке тұрғысыз, ешбір қарымы жоқ секілді көрінуі мүмкін, бірақ олай емес. Әйел кісі осы ісімен-ақ екі дүниенің бақытына жетуі мүмкін.

Ер адамның еңбегінің нәтижесі тез көрінгені себепті (нәпақа табу, айлық алу т.б.) маңызды саналуы мүмкін. Әрине, маңызды, оған ешкімнің таласы жоқ. Алайда әйелдің еңбегі кеш нәтиже бергендіктен, бағаланбай қалып жатады.

Феминизм өз идеологиясын осы тұста ұтымды пайдалана білді. Әйел мен еркекті тең қыламыз деп әлемге жар салды. Соның нәтижесінде қоғамда, «менің еркектен қай жерім кем, онсыз-ақ өмір сүре аламын, өзімді өзім асырауға шамам жетеді, қазір ғылым дамыған, балалы болуым үшін еркектің қажеті шамалы» – деп желіккен әйелдер пайда болды. Мұндай әйел күйеуіне бағынады деп айта алмаймын.

Жалпы Алла алдында адамның артықшылығы немен өлшенеді? Әйел артық па, еркек артық па? Бай қадірлі ме, кедей қадірлі ме? Ақ түсті адам артық па, жоқ әлде, қара түсті адам ба?

Асылында, Жаратушы алдында адам баласы байлық- мансабымен, түр-түсімен немесе еркек-әйел болуымен емес, жүрегіндегі иманының деңгейімен өлшенбек. Діни терминмен айтатын болсақ, адам Алла алдында тақуалығымен ерекшеленеді.

Феминизм тобын жақтаушылар қанша даурыққанмен, әйел мен еркекті теңестіре алмайды. Әрбірінің өзіне тиесілі табиғаты бар. Сол табиғатын сақтауымен олар әдемі, сұлу! Өзгерткен жағдайда құбыжыққа айналады. Бір өкініштісі, феминистік идеология ер мен әйелді теңестіре алмаса да арадағы отбасылық құндылықтарға сызат түсірді.

Алланың жаратылысқа қойған заңдылығына қарсы келген адам түбінде өкінбей қалмасы анық. Феминизм идеологиясын жақтаушылар да өмірінің соңында немесе қартайған шақтарында өз ұстанымдарына мүлдем қарама-қайшы сөздер айтқан. Мысалы, 1960-шы жылдары Америкада феминизм идеологиясын үгіттеушілердің бірі Бэти Фридан жетпістен асқан шағында: «Бір еркекпен сенім мен адалдық аясында өмір сүру мені қандай бақытты етер еді!..» – дейді.

Есте сақтаңыз:

–  Әйел мен еркек плюс және минус зарядтары секілді бірін-бірі толықтыру арқылы үйлесім табады. Ал екеуі де минус яки плюске айналған жағдайда араларындағы үйлесімділік жоғалып, бір-бірін кері тебеді. Мұның соңы ажырасуға апарады.

–  Бір мемлекетте екі президент, бір көлікте екі рөл, екі жүргізуші болмайтыны секілді кішігірім мемлекет – отбасында да бір ғана басшы болуы тиіс. Әйтпесе үйдің берекесі қашады.

–  Әлемге «темір әйел» деген атпен танылған Маргарет Тетчер алып бір мемлекетті басқарып отырғанына қарамастан өзінің бір сөзінде: «Үйімде мен кәдімгі қарапайым әйелмін және үйде әйел екенімді ешқашан ұмытқан емеспін» – дейді.

Адам өмірін бақытты ететін фактордың бірі – бақытты шаңырақ құру. Ал оған жетудің алғашқы қадамы, жоғарыда айтылғандай, ер мен әйел табиғатының айырмашылығын ұғыну.

Ажырасқан адамдардан ажырасу себебін сұрасаңыз, «бір-бірімізді түсіне алмадық» дейді. Ал араларынан қыл өтпейтін тату жандардан сұрасаңыз, «бір-бірімізді жақсы түсінеміз» деп жауап береді. Олай болса түсінісудің сыры неде?

Түсінісу немесе өзара тіл табысу – қасымыздағы адамға қалаған нәрсесін беру арқылы, одан өз қалаған нәрсемізді алу. Негізгі қағида – осы. Яғни, сіз күйеуіңізден қалаған нәрсеңізді алғыңыз келсе (еркелеткенін қаласаңыз, жылулық т.б.), оған да қалаған нәрсесін беруіңіз керек.

Адам қасындағы кісіден қалағанын алу үшін мына үш әдісті қолданады:

1. Қорқытып немесе күшпен тартып алады;
2. Жалынып-жалбарынып алады;
3. Өзара тіл табысу арқылы келісіп алады.

Әрине, ең дұрысы – үшінші жол. Сіз де күйеуіңізбен болған қарым-қатынаста түсінісу әдісін қолданыңыз. Өзара тіл табысуға апаратын төте жол – күйеуіңіздің ер адам екенін, яғни табиғаты сізден мүлде бөлек екенін ұмытпау.

Американдық философ әрі психолог Джон Грей өзінің «Мужчины с Марса, Женщины с Венеры» атты кітабында мынадай мысал келтіреді: «Джим және Сьюзен есімді ерлі-зайыптылардың үйленгеніне тоғыз жыл болған екен. Басқалар секілді олар да өмірлерін бір- біріне деген махаббатпен, ыстық ықыласпен бастай- ды. Бірақ уақыт өткен сайын аралары суи береді. Бір- бірінен бұрынғы махаббат пен жылулықты таппаған соң, ақыр аяғы екеуі де ажырасуға бел буады. Ажы- распас бұрын олар менің «әйел мен ердің қарым- қатынасына» арналған семинарыма келіп қатысуды ұйғарады. Сол кезде олардан сұрағанымда, Сьюзен маған: «Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, бірақ еш нәрсе өзгерген жоқ», – деп жауап берді.

Бір қызығы, олар семинарда өздерінің табиғаттары екі бөлек адам екенін естіген кезде, қатты таң қалды. Осы нәрсе ол екеуіне жаңа бір серпініс сыйлады. Екі күн ішінде Джим мен Сьюзен ер мен әйел жайында, олардың өзара қарым-қатынасына байланысты жаңа бір көзқарас қалыптастырды. Араларындағы махаб- бат қайта жаңғырды. Бір-біріне деген көзқарастары дұрысталған соң, қарым-қатынастары да жақсара түсті. Енді олар ажырасуды ұмытып, өмір бойы қол ұстасып өтуге белді бекем буды. Кейін Джим маған: «Әйелім екеуміздің бар болғаны табиғатымыз бөлек екенін ұғыну маған әйелімді қайтаруға себеп болды. Бұл мен үшін үлкен сый! Біз қайтадан бір-бірімізді бұрынғыдай жақсы көреміз!» – деген еді».

Расында да отбасылық өмірде өмірлік серігіңіздің сізге түсіністікпен қарай білуі неткен керемет нәрсе! Түсіністік пен кешірім бірге жүрсе, кешірім жүрген жерде махаббат болады. Өзіңіз де байқаған боларсыз, отбасыдағы проблемалар көбінесе ерлі-зайыптылар арасында түсініспестік болғанда туындайды. Олар бір-бірін жақсы көріп тұрса да, түсіне алмай дал болады. Неге? Өйткені арадағы табиғи айырмашылықты ұғына алмаған. Сол себепті проблеманы шешудің тәсілдерін де біле бермейді. Сөйтеді де қарсысындағы адамның әлеміне сай тілде сөйлеудің орнына өз тілінде сөйлей бастайды. Мәселе болса ушыға береді. Бұл жалпы өмірде, адамдар арасында да солай.

Есте сақтаңыз:

Күйеуіңіздің өзіне тән табиғаты, сөйлейтін тілі бар екенін ұмытпаңыз. Осыны ескерер болсаңыз, арадағы қарым-қатынас пен ортақ тіл табысу жақсара түседі әрі оңай болады. 

материал «Ең бақытты әйел» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: