Отбасында әйелдің жұмыс істеуі шарт па?

Отбасында әйелдің жұмыс істеуі шарт па?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адамзат тарихына қарап отырсақ, ғасырлар бойы бітпейтін тақырыптарының бірі – ер мен әйелдің отбасыдағы орны мен статусын белгілеу. Кім-кімге бағынады немесе кім-кімнен жоғары тұрады? Кімнің құқығы кімнен артық немесе кем т.б. Міне, осындай тақырыптардың бірі де ерлер істеген ауыр жұмыстарды әйелдердің де тең дәрежеде істеуі немесе істемеуі.

Әрине, әркімнің әйеліне жұмыс істетіп, істетпеу құқығы өзінде. Ешкім ешкімге олай істе, бұлай істе деп айта алмайды. Бүгінгі біздің заманымызда әйел адамдарға еркектермен тең құқық әпереміз деп жаратылысы нәзік жаратылған әйелдің әлсіз физиологиясына шамасынан артық жауапкершілік жүктеп, жұмыс істетіп, жалақысын еркектердің жартысындай беріп жатқан оқиғалар қаншама, әне, соның кесірінен қаншама әйел үйсіз, күйсіз, жарсыз, баласыз қалып қоғамда жүр.

Бүгінгі таңда әйелдердің жұмыс істеуі екі түрлі:


а) Отбасын асырайтын басқа кіріс көзі болмаған соң амалдың жоғынан «екі қолға бір күрек» деп табылған жұмыспен отбасын асырап жүрген әйелдер. Бұлардың жұмыс істеп, істемеуі туралы әңгіме қозғаудың өзі артық. Басқалардан қолын жайып, қайыр тілемей, басқалардың малына, мүлкіне, өзінің арына қол салмай, адал жолмен жұмысын істеп, бала-шағасын асырап жүрген қаһарман әйелдерден үйренеріміз өте көп.
в) Экономикалық жағдайы жақсы бола тұра, ерінің тапқан табысы барлық қажеттіліктерін шеше тұра, өзінің елден өзгеше екенін дәлелдеу үшін немесе артық ақша тауып байлыққа жету, атақ алу, мансап алу мақсатында мен де елден қалмайын дегендей мақсаттарда жұмыс істейтіндер.

Онсыз да әйел жұмыс істеу керек немесе істемеу керек деген мәселе осы топтағы әйелдер айналасында болады. Алайда жұмысты желеу, себеп етіп әйелдердің «құқығын», «бостандығын» талап етіп жүргендер де аз емес. Қай заманды қарасақ та, қоғамның ең әлсіз, бірақ өте маңызды құрамдас бөлігі болып саналатын әйелдер қауымы кез келген уақытта тартысты мәселенің себебі немесе адамдардың белгілі бір саяси немесе басқа да бір қозғалыстарды іске асыруы үшін қолданатын құралы болып келді. Сондықтан жұмыс істеу арқылы әйел адам өзінің шынайы құқығын қорғай алу немесе қорғай алмауы да өте тартысты мәселелердің бірі.
Батыстан келген нәрсенің барлығы заман талабына сай дамыған, бізге берер пайдасы мол деп қарау қате түсінік. Әсіресе ұлттық құндылықтар мәселесіне келгенде, «жеті рет ойланып, бір рет кескен» абзал. Себебі мәселе тек қана әйелдердің жұмыс істеуінде ғана емес. Жұмысты желеу етіп ананы – баладан, жұбайды – жардан, келінді – ата-анадан айырып, ортада бала қалса, ол тәрбиеленбей шала қалса, іс насырға шабатыны белгілі.
Бізде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз бен төл тарихымыздың үстіне құрылған төл мәдениетіміз бар. Бұған келетін, оны одан ары заман талабына сай дамытуына себеп болатын кез келген нәрселерді алуымыз керек. Әйелдердің жұмыс істеуі де, міне, осындай жан-жақтылы ойланып өлшеммен, қоғамға да, отбасыға да, бала тәрбиесіне де, ұлттың келешегіне де пайдалы болатындай етіп алуымыз керек.
Себебі біздің түсінікте әйел адамның ең үлкен міндеті – «ана болу». Алайда бізге заманға сай ғылым мен білім, демократия мен модернизация үйретеміз деген батыстың қаншама мемлекетінде әйелдердің жалпы ана болу қабілеті тоқтаған, туу жоқ. Адамзат баласы өсуге емес, керісінше, өшуге бет алған, әне, соның кесірінен бір жыныстылардың үйленуіне дейін рұқсат беріп, олардың бала асырап алуына дейін заңмен қамтамасыз етіп, жағдай жасаған. Демек, әйелдердің қоғамда еркектермен теңесу үшін кез келген салада еркектермен тең қарастырылып, олар істеген жұмысты істеп, олар болған ортада болу деген сөз олардың құқығын қорғағандық болып саналмайды. Ол – барып тұрған қате көзқарас, әйелдерді «ана болу» деген ең ұлы міндетінен айырып, құқығын аяқ асты ету деген сөз.
Бұл түсінік бізге КСРО заңдары немесе батыстан келген демократияны ту еткен гендерлік саясат арқылы жеткені мәлім. Кеңес одағы құрылғаннан кейін өмірде он бес мемлекетті басқару былай тұрсын, бір отбасыны дұрыстап құрып, басқара алмаған оқымаған Кеңес үкіметі басшыларының надандықпен қабылдаған солақай саясаттары кеше ғана ұлан-ғайыр даланы ат құлағымен ойнап, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сан ғасырлар бойы жауларынан қорғаған батырлар мен баһадүрлер өмірге әкеліп, оларды бағып, Абай, Шәкәрім, Абылай, Кенесарыдай ұл жетілдірген батыр аналарымыздың құқығын жермен-жексен етті. Аналар құқығын қазақтар өмірі білмегендей аналарымызды колхоздар мен совхоздарда тракторист, қауыншы, сауыншы, бригадир т.б. ауыр жұмыстарға жегіп, кеуделеріне жалған медальдар тағып ұлы ана болу міндеттерінен айырды, ауыр еңбектерге төзе алмаған қаншама аналар маскүнем болды, жалған атақтар мен медальдарға мәз болған қаншама кәрі қыздар қалды тізелерін құшақтап. Бұлардың бәрі – Кеңес одағының әйелдерге қатысты солақай саясатының құрбандары. Ол саясаттың құрбаны кеңестер заманымен біткен жоқ, қасіреті әлі жалғасуда.
Өткен барлық тарихқа қарап отырсақ, батыс әлемі ешқашан әйелге «адам ретінде», «ана ретінде» қарамаған. Оған құрмет көрсетпеген. Әйелге ана ретінде, жар ретінде, адамзат ұрпағын жалғаушы Алланың ең нәзік те қорғауға лайық жаратылысы ретінде құрметпен қараған тек қана – Ислам діні. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы хадисінде «Жаннаттың кілті – ананың табанының астында» деген.
Демек, жұмыс істету арқылы әйелдерге бостандық сыйлаймыз деген жалған ұранды желеу еткен батыс әлемі бүгінге дейін әйелдерге ауыр жұмыстар жүктеп, оларды жарынан, баласынан, ыстық ұясынан айырып, бойындағы бала тәрбиелеуге арналған нәзіктік, кең пейілділік, мейірімділік сынды жақсы қасиеттерден жұрдай етіп, керісінше, фильмдерде қолдан кейіпкерлер жасау арқылы қатал, алдамшы, өтірікші, зинақор, атақ пен ақша үшін тәні мен арын сатудан тайынбайтын адам түсінбейтін әйелдер образын қалыптастырды.
Ойланып көрейік, кім өзінің қызына, анасына, әпкесіне, қарындасына, адал сүйген жарына басқа бір еркектің қол көтеріп, балағаттап, айғайлағанын, оны қинап өзіне қызмет жасатқанын қалайды? Қоғамда қаншама әйелдер жұмыс істеп өз-өзіне бостандық жасаған сияқты болғанымен, айналып келгенде, басқа біреудің қол астында арзан жалақы үшін бағынышты жұмыскер болып, әкесі мен ағасынан немесе жарынан естімеген ауыр сөздерді естіп қиналғаны қаншама. Бұл күнде «аузы қисық болса да бай баласы сөйлесін» дегендей, ақшалының сөзі жүріп тұрғанда, бастығының тілін табам деп қаншама әйел күйеуінен, бала-шағасынан, туысқандарынан айырылды.
Ендеше, батыстың жасаған қателігін біз жасамауымыз үшін, бұл мәселеде көбірек ойлануымыз керек. Өткен жылы ғана Англияда жалғыз бастылар министрлігі құрылды. Себебі осындай әйелдерге бостандық береміз деген жалған ұранды желеу етіп қаншама отбасы құндылықтарды бүлдіріп, әйелдерді ана болудан айырған. Соның кесірінен қоғамда қаншама жалғыз басты еркектер мен әйелдер қалды иесіз. Солардың ісімен арнайы айналысатын министрлік құрылды. Міне, осындай қолдан жасалған қателіктердің кесірінен келіп шыққан алапаттардың алдын алу үшін батыс әлемі қазір қолынан келгенді жасап жатыр. Қоғамда әйелдер арзан жалақыда, бірақ еркектермен тең дәрежеде ауыр жұмыстарға жегілді. Әрине, кез келген кәсіпкер қымбат айлыққа бір еркекті жұмыс істеткенше, сол жалақыға үш әйелді алып сондай үш есе жұмыс істеткені пайдалы болды. Әне, соның кесірінен қоғамда табиғаттың жаратылысынан сақталып келе жатқан тепе-теңдік бұзылды, жұмыссыз қалған еркектер арақ, зина, ұрлық т.б. жаман қылықтармен айналысып, адамзат қоғамында еркектер жатып ішер жалқау, қаңғыбас, қолынан түк келмейтін т.б. түсініктерге тақырып бола бастады.
Дегенмен біздің қоғамға қарап анализ жасап көрсек, жұмыс істеген әйелдердің көбісінің тапқан табысы, өзінің жұмыс істеуі үшін жасаған шығынынан аспайды. Түскі асы, жолы, жұмысқа киетін киімі т.б. жұмыста жасалатын түрлі бітпейтін мереке, мейрам, туған күн кештері т.б. шығындардың соңы күйеуінен ақша сұрауға апарады, болмаса амалсыз барып кредитке кірері даусыз.
Алайда әйел адамның отбасы жағдайының уақытша оңалуына септігін тигізер деген оймен немесе үйленбеген бойдақ бойжеткендердің немесе жаңа үйленген, әлі баласы болмаған жастар үшін уақытша жұмыс істеу қоғамда қалыпты құбылыс болып саналады. Бұндай іс қоғам үшін, отбасы үшін бір жағынан тигізер пайдасы да көп. Бірақ ертең отбасы құрып, өмірге бала әкелгеннен кейін жұмыс істеген күндерін ойлап, баласына, жарына дұрыс қарай алмаса, тіптен психологиялық күйзеліске түссе, оның соңы отбасында бітпейтін ұрыс-керіске ұласса, бұндай жұмыс та керек емес.
Қорытынды: жұмыс істеу арқылы ғана әйелдердің құқығы мен бостандығын талап етіп жүргендер ең алдымен олардың жаратылысының нәзік екенін, әрқашан олар, яғни, әйелдер аялауға, ардақтауға, қорғауға мұқтаж екенін естен шығармауымыз керек. Арыстаннан қашып, жолбарыстың аузына барып түсуден сақтану керек. Өмірге бейім, кез келген уақытта өзінің жағдайына қарай, заман талабына сай өмір сүруді білетін ақылды жарлар бұндай қиын жағдайларды басынан аз өткізеді. Себебі олар отбасы мен жұмыстың арасындағы тепе-теңдікті дұрыс ұстай алады.
Ондай әйелдер сырттан біреуге бағынышты болмай-ақ өзінің отбасында «аналық міндетін» атқарып жүріп-ақ екі қолға бір күрек тауып, жұмыс жасай алады. Бұндай әйелдердің арасында мұғалім, дәрігер немесе орта шағын кәсіптің басында жүргендер қаншама.

Жұмыс істейтін әйелдердің басында болатын мәселелер:


1. Отбасының жағдайымен толық санаса алмайды. Әйелдік нәзіктік қасиеттері азаяды, еркекке тән сипаттар көбейеді.
2. Мемлекетімізде жас мемлекет ретінде енді ғана қалыптасып жатқандықтан, жұмыс істейтін әйелдердің әлеуметтік құқықтары толық қорғалмаған, үнемі ақшалылар мен күштілер тарапынан құқықтары жиі бұзылады.
3. Онсыз да заманның мықты маманы болмаған соң үнемі қорлық, зорлық, төмен жалақы, уақытында бермеу т.б. сынды мәселелерге жиі ұшырайды.
4. Әйелдердің алатын жалақысы істеген жұмысына тұрарлық болмаған соң алатын жалақысы тамағы мен жолына, киіміне жетпейді. Одан асса жұмыс істегені үшін баласын бақтыратын бала бағушыға беруден артылмайды.
5. Балабақшалар мен бала бағушылар қараған жұмыс істеген әйелдің балалары үнемі өз ата-анасының сүйіспеншілігі мен қамқорлығына бөленбегеннен кейін мейірімнен жұрдай, тіл алмайтын, сабақ оқи алмайтын, телефон мен компьютерлік ойынға әуес, тілі дұрыс шықпаған, ойлау жүйесі толық жетілмеген, тәрбиесі қиын бала болып ер жетеді.
6. Біздегі әлеуметтік қоғамдағы адамдар мен адамдар ара қатынас кеңестер заманынан қалған, ешбір дамыған қоғамының үлгілеріне сай емес. Адамдық құндылықтарды негізге алмай, керісінше, әркім өзінің мүддесінің, бас пайдасының жағына көбірек көңіл бөлгендіктен әйелдердің нәзіктік, мейірімділік, сыпайылық сынды физиологиясына тән асыл қасиеттерін жоғалтып, жұмыста еркектермен бірге еркекше жұмыс істеген әйел үйіне келіп образдан шыға алмай, жары мен бала-шағасына дұрыс қарым-қатынас жасай алмай, отбасынан айырылған қаншама әйел бар.
7. Шамасынан тыс артық жұмыс жасаған әйелдің психологиясымен бірге физиологиясы шаршайды.
8. Жұмыс істеген әйелдер жұмыстан болған психологиялық ауыр соққыларға қарсы тұру үшін, оны уақытша ұмыту үшін, өзінің әлсіздігін сездірмеу мақсатында шылым, арақ, наша т.б. жаман әдеттерге салынып кетуі мүмкін. Дер кезінде мұндай жаман әдеттердің алдын алмаса бара-бара адам соған тәуелді болуы да мүмкін.
Жұмыс істемеген әйелдерде болатын мәселелер
1. Үнемі үйде қалған әйел сырттағы адамдарға қарағанда басқаша ойлап, басқаша түсіне бастайды.
2. Жұмыс істемеген әйел өзіне алданыш ретінде көп уақытын базарға, сауда орталықтарына баруға жұмсайды.
3. Балалары мен айналасына үнемі ұрсып, жекіп, кінәні соларға артуға дайын тұрады.
4. Үнемі болымсыз іске бола өкпелегіш, өзін іштей жегіш, психологиялық әлсіз сезінеді.
5. Жарына қарата жоқ нәрседен күмәнданғыш, секемшіл келеді.
6. Өзін басқалардан төмен санап, олардан артық көріну үшін материалдық байлықтарын, ақшасын, үйін, көлігін көрсетуге әуес келеді.
7. Күйеуінің туысқандарының алдында жатып ішер жалқау көрініп, үнемі сөздің ортасында қалады.
8. Қимылсыз, қарекетсіз қалған адам үнемі аурушаң, физиологиялық жақтан бұзылған болып келеді.
9. Отбасында, бала тәрбиесінде мәселе шыққанда жауапкершіліктің бәрін отағасыға артып, өзі үнемі жауапкершіліктен қашатын болады.

материал «Жұбайлар құриясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: