Әйел адам басындағы орамалына мәсіх тартса бола ма?

Әйел адам басындағы орамалына мәсіх тартса бола ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Әйел кісі де ерлер секілді, дәрет алғанда басының кем дегенде төрттен біріне мәсіх тартады.

Орамалдың үстінен тартылған мәсіх жарамсыз. Өйткені Алла тағала дәретте жуылуы керек жерлерді баяндау барысында: «Бастарыңа мәсіх тартыңдар», – деу арқылы, орамалға яки сәлдеге емес, бастың өзіне мәсіх тарту керек екендігін ашық бұйырып тұр. Жасағанның әмірі әмәнда бұйырылғандай орындалуы тиіс.
Бұл – Ханафи, Мәлики және Шафиғи мәзһабтары бойынша. Деректерге сүйенсек, Имам Ахмад ибн Ханбәлдің де «әйел кісі орамалының үстінен емес, оның астынан басына мәсіх тартады» деген көзқарасы бар.
Орамалға мәсіх тартпайды дегенге қосымша дәлел келтірер болсақ, хадисші Әбу Бәкір әл-Бәйхақи келтірген риуаятта: «Әзірет Айша анамыз дәрет алғанда, басындағы орамалының астына қолын кіргізіп, басына мәсіх тартқандығы айтылады».
Сондай-ақ, сахаба Абдулла ибн Омардың жұбайы Сафия бинт Әби Убайд деген кісі дәрет алу барысында орамалын шешіп, сулы қолымен басына мәсіх тартатын болған.
Әбу Дәуіттің хадистер жинағында келтірілген риуаятта сахаба Әнәс ибн Сәбит «Алла елшісі дәрет алғанда, басындағы сәлдесінің астынан қолын сұғып, басының алдыңғы бөлігіне мәсіх тартқандығын, бірақ сәлдесін шешпегендігін» айтады. Ендеше, әйел кісінің орамал үстінен мәсіх тартумен шектелуі – басқа мәсіх тартқан болып саналмайды. 

материал «Әйелдерге арналған ғылымхал (сұрақтар мен жауаптар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: