«Мен сені жақсы көремін!» деп айтуға үлгерейік

«Мен сені жақсы көремін!» деп айтуға үлгерейік

Исламдағы отбасы
Жарнама

Адамзаттың ардақтысы Расулалла (с.а.с.): «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақынын жақсы көрсе, онда оған жақсы көретінін білдірсін» деп насихат еткен. Ал біз жақындарымызға, достарымызға және көршілерімізге бұл ізгі сезімімізді білдіреміз бе?

Кейбір адамдар біреуді сүюден және сүйікті болудан қорқатындай. Сүйген адамына жақсы көретіні жайлы айтуға батылы бармайды. Алайда жақтырмай қалғанын немесе ашуын оңай білдіреді, тіпті бейәдеп тіл қатуға дейін барады. Бірақ мейірімділік танытып, жұмсақ сөйлеуге тәуекел етпей жатамыз. Шынымен, «Не айтасың, күнім?!» деп көркем тіл қатудың орнына «Жап аузыңды!» деп жиі жекіреміз. Арадағы сенімді нығайтатын «Біз бар қиындықты бірге жеңе аламыз!» сөзіне қарағанда «Баршы ана жаққа!» дегенді көбірек қолданамыз. «Сен – ғажапсың!» дегенімізден гөрі «Құрсыншы!» деген сөзіміз көп. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.а.с.) осыны өсиет етіп пе еді? Ол (с.а.с.): «Кімде-кім Алла разылығы үшін жақынын жақсы көрсе, онда оған жақсы көретінін білдіртсін» деді емес пе?! Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с.) өсиет еткендей, сүйіктілерімізге «Мен сені жақсы көремін» деп айтудың міндет екенін естен шығармайық. Алла разылығы үшін жақсы көретінімізді қанша адамға айттық? Бір сәт ойланып, есімізге түсіріп көрейікші? Ал осы бір керемет, жанға жылу беретін сөздерімізбен қанша рет біз жұбайымызға, ата-анамызға, іні-қарындастарымызға, балаларымызға, көршілерімізге, жұмыстағы әріптестерімізге ілтипат білдірдік? Енді қанша рет оларға дауыс көтергенімізді, дөрекі сөйлегенімізді, артынан жаман сөздер айтқанымызды еске түсіріп, салыстырып көрейікші? Таразы басы не дейді?

«Ағраф» сүресінің 16 және 17-аяттарында әзәзілдің адамды Алланың хақ жолынан тайдыру үшін барын жасайтыны айтылған. Бәлкім, адамзаттың қазіргі кездегі қиындықтары әзәзіл малғұнға өз еркімен тізе бүгудің салдарынан болар. Аталмыш хадисті өміріміздің бір бөлшегіне айналдырып, хақ жолдан таймай, Алла Тағаланың рақымы мен Елшісінің (с.а.с.) ұнатқан ісін жасайық. Бұның ізгі жолы – жақындарымызға деген махаббатымызды көркем түрде білдірту. Әлемдердің Раббысын разы ететін, Алла Елшісін (с.а.с.) қуантатын, періштелер үлгі алатын, керісінше, әзәзілді ашуландыратын әрекет жасайық. Бар пенденің көкірегінде өмірге, адамдарға, бұл әлемге деген «Мен сені жақсы көремін!» деген достық пен сыйластық сөзі жайылсын! Суық жүректерді жылыту үшін, айнала әсемдікке бөлену үшін «Мен сені жақсы көремін!» деп, бүкіл әлем бір ауыздан үн қатсын!

материал «Отбасы өзіңнен басталады» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: